©2020 Астана Ақшамы
Атқарылған істер аз емес
Бұрнағы күні Есіл ауданының әкімі Сәбила Мұстафинаның тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі №59 мектептің ғимаратында жалғасты. Басқосуға аудандағы ПИК, ЖШС өкілдері және мұғалімдер мен тұрғындар қатысып, көкейлеріндегі сауалдарына жан-жақты жауап алды.
Сәбила Сапарқызы ауданда өткен жылғы атқарылған шаруалар легін қайталады. Әкімнің айтуынша, былтыр аудан аумағында 4033 түп ағаш отырғызылған. 81484 шаршы метр аумаққа гүлбақ орнатылған. Құрманғазы ескерткішінің маңайынан ашылған субұрқақ кешені қаланың ажарын ашып тұр.
«Біздің жұмысымыздың тағы бір басты саласы, – деді Сәбила Мұстафина, – саябақтарды, саяжайларды, көшелерді жарықтандыру болып табылады». Баяндамадағы мәліметтерге жүгінсек, бүгінде 10652 көше шамы, 8931 саябақ жарығы іске қосылып тұр. Сонымен қатар, электр қуатын үнемдейтін шамдармен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы өздерінің қаладағы 103 ғимарат пен құрылыс нысандарына қызмет көрсететінін айтты. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік Туы, «Астана жұлдызы» стелласы, «Астана-триумф» тұрғын үй кешені және басқалар бар. Жаңа нысандардың пайдалануға берілуіне байланысты көшелер мен саябақтарды жарақтандыру құралдарының саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе өскенін әңгімеледі әкім.
Жаңа жолдар салып, ескі жолдарды жөндеу ісі инфрақұрылымның дамуына айтарлықтай әсер етеді. 2001-2008 жылдар аралығында ауданда 28 шақырым магистралды жол салынса, 2012 жылдың өзінде 23,94 шақырым жол салынып, жөнделген. Қалаға қосылған тұрғын алаптардың көшелеріне баса назар аударылатынын әкім шегелей айтты.
С.Мұстафинаның мәліметінше, құрылыс саласында да ілгерілеу бар. Тура қазіргі кезде Пригородный тұрғын алабындағы техникалық бақылау бекетін, Есіл ауданы әкімдігінің ғимаратын, Сығанақ көшесінің оң жағындағы әкімшілік ғимаратты мерзімінде пайдалану үшін құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
Жарыссөзге шығушылар аудан әкімінің есебіне оң баға беріп, түйткілді мәселелердің де барын айтты. Тұрғындардың пікірін, сауалын, ұсынысын жіті тыңдаған Сәбила Сапарқызы әрқайсысына жеке тоқталып, кеңінен жауап қатты.
Асхат РАЙҚҰЛ