©2020 Астана Ақшамы
Атом, зымыран және Иран
Иран мәселесі жөнінде көк жәшіктен күнде көрсетіліп жүрген хабар-ошар легіне алып қосарымыз жоқ. Ақпаратты жеткізудің қазіргі заман формасы бір мезетте мәселенің мән-жайын түсіндіріп-ақ тастайды. Бірақ тасада қалып жатқан жәйттер де жоқ емес. Айталық, осы айдың 26 ақпанында Иран мен бес елдің кезекті келіссөздері. Осы орайда аракідік құрғақ хабарламалар болмаса, Қазақстанның арағайындық әлеуеті тиісті бағасын алмай жатқан сияқты.
Мәселеге майшам жақсақ…
Иран Ислам Республикасы — экономикалық қыспақ пен толықтай қоршау жағдайында отырса да, ғылым мен технология саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен мемлекет. Атап айтқанда, зымырандар мен сүңгуір қайықтардың, одан қалды машина жасау саласында мынадай жаһандану жағдайында өз бетінше толықтай технологиялық өндіріс циклын қамтамасыз еткен ел. Бұл кәдімгідей таңқаларлық жәйт: машина жасау саласын былай қойғанда, зымыран жасауды анау-мынау бай-қуатты, ғылыми институттары тарихи қалыптасқан және дүниежүзілік білім қорларына жолы ашық алпауыт мемлекеттердің өздері ерікті-еріксіз игере алмаған. Мысалы, Франция ғарыштық кемені соңғы рет өз бетінше 1965 жылы ұшырған екен. Ал әлемді хай-тек кереметтерімен нешінші жыл жабдықтап келе жатқан, технологиялық даму көрсеткіші бойынша бестікке кіретін Оңтүстік Кореяның «ғарыштық клубқа» … Ираннан екі күнге кешігіп қосылғаны және бар! Бұл жәйт Иран халқының әлеуеті жөнінде көп нәрсені аңғартса керек.
Әрине, дәл сол уақытта мұндай тамаша жетістіктер үшін төленетін құн бар екенін барлығымыз білеміз. Иран «төлеген» ондай құн — экономикалық қыспақ. Басты экспорттық тауары – мұнайды сатуға әлемдік қауымдастықтың шектеу қоюы. Себеп: одан түскен қаржыны Иран игі мақсаттардан гөрі қару-жарақ сатып алуға, жасауға және Израильдің жарғақ құлағы жастыққа тимей айтып жүргеніндей, «көршілерге қоқан-лоқы» көрсетуге бағыттайтын көрінеді-міс. Айдың аяғында Алматыға Иранмен келіссөздерге келгелі отырған АҚШ-тың долбарына сүйенсек, Иран — жанкешті-лаңкестерді дайындап, Таяу Шығысты оқ-дәрінің үстінде ұстап отырған бірден бір тоталитарлық ел. Әрине, сосын америкалықтардың сүйікті тақырыбы – адам құқығы да, тап солардың айтуынша, қызылбастар елінде «адам шошырлықтай» екен.
Әлемдік алпауыт елдер Иранға тағатын айыптардың тізіміне соңғы жиырмажылдықта атом бомбасы да қосылып отыр. Сонау, 1970 жылдары тап осы, бүгінгі айыптаушылардың демеуімен ядролық бағдарламасын дамытып кеткен Иран, әлемнің геосаяси нобайы өзгеріп, құбылып сала берген 90-жылдары көпшілік күткендей, «ортағасырлық феодализмнің тұңғиығына кете бермей», керісінше, атомдық бағдарламасын әрі қарай үдете түсті. Егер 1995 жылдардағы әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарының мұрағаттарын бір шолып шықсаңыз, ирандық атом жөніндегі «қазанамалар» мен «қоштасулардан» аяқ алып жүргісіз. Бірақ олай болмады. Ең күтпеген жәйт – атом саласы бойынша технологиялық көмек тоқтатыла сала, ұлттық ғылыми кадрлардың атомдық бағдарламаны іліп алып, жалғастырып кете бергені.
Әйгілі «уран байыту»
Жасалу тәсілі тәптіштеп жазылған тамақты қайта жасаудан оңай ештеңе болмас. Бірақ, өндіріс саласында бұл жәйт сәл өзгеше болатынға ұқсайды.
Атомның бөлшектерге ыдырап орасан зор энергия бөлетінін ғылым өткен ғасырдың басында «шырамытса», тәжірибе жүзінде 1940 жылдарға таман дәлелдеп те тастады. Бұл туралы Жапонияға тасталған әйгілі «Baby» бомбаларын жасау жұмыстарын үйлестіруші генерал Лесли Гровстың «Енді бұл туралы айта берсек те болады» деген мемуарында тәптіштеп жазылған. Кітап біз үшін жолай «уран байыту» дегеннің не екенін де түсіндіре кетеді.
Сонымен, химиялық шырғалаң сипатын аттап өтсек, атом бомбасында пайдаланылатын уран табиғаттан қазып алынған күйінде ештеңеге жарамайтын көрінеді. Әжетке жарату үшін оны өзіміз күнде естіп жүргеніміздей, «байыту» немесе сирек естіп жүргеніміздей … «әлсіздендіруіміз» қажет екен. «Әлсіз» ураннан, мысалы, танкілерге берік қалқан жасауға, немесе барлық нәрсені жарып өтетін оқпан жасауға болады екен. Неміс ғалымы, Тюбинген Университетінің ядролық физика кафедрасының профессоры П. Грабмайрдың орнатқан танымдық мақаласында осылай делінген. Тап осы мақалада, әйгілі жаңалық жаргоны болып үлгерген бомба жасау үшін «уран байытудың да» жай-жапсары баяндалады. «Уран байыту» дегеніміз – U238 маркалы уранды U235-ке айналдыру екен. Ол үшін не керек, несі қиын десек, оған сырты сәулеленуден қорғалған, іші аса жоғары жылуға төтеп беретін газ центрифугалар керек көрінеді. Тап осы центрифугаларды жасау қабілеті – кез келген елдің ғылыми әлеуетінің көрсеткіші дейді профессор.
Иран ертеректе, барлығы дос пен тамыр болған уақытта, дәлірегі, ислам төңкерісіне дейін ондай байыту технологиясының шет жағасын көріп қалған екен. Енді қазір өз бетінше байытып, қару жасауға оқталып жүруі әбден мүмкін дейді Біріккен Ұлттар Ұйымының бір қарары. Ал Израильдік барлау дереккөздері, тіпті, қарудың қай жерде жасалып жатқанын қолмен ұстап көрсете алатынын айтады.
Иранның кешеге дейін айтып келген, бәлкім, айдың аяғында Алматыда да алға тартатын уәжі — «уранды бейбіт мақсатта пайдаланамыз және оған біздің ұлт ретінде басқалар сияқты толық хақымыз бар». Ресей, АҚШ, Қытай, Франция, Ұлыбритания мен Германияның осы қарапайым да қиын Иранның риторикасын айналсоқтап жүргеніне, міне, оншақты жылдың жүзі болады. Нәтиже әлі жоқ.
Күнде жиын дегенмен
Иран мәселесі жөніндегі келіссөздерде кезекті алаң – Қазақстан болатыны 5 ақпан күні белгілі болды. Иран Радиосы сайтының Қазақ бөліміндегі 6 ақпан күні орнатылған сараптамалық мақалаға сүйенсек, бұрынғы өткізілген үш келіссөздің нәтиже бермеуі – Батысқа байланысты. «…Сол себепті кейбіреулердің келіссөздерге қиындықтар тудыруы және Иранға қарсы санкциялар мен қысымдарды күшейту осы деңгейде өткен төрт келіссөздің тұрақты мәселесі болды. Егер Батыс өз қатынасы мен келіссөздерге деген ұстанымын өзгертпесе, келіссөздер нәтижеге жетпейді. Еш күмәнсіз, қисынды келіссөздерді кейінге шегіндіру себептерінің бірі – Иранның ядролық мәселесін сылтаурату болып отыр…» делінген сараптамалық мақалада (орфографиясы мен стилистикасы толық сақталған – Е.О).
Бұл орайда Ыстамбұлда, Бағдад пен Мәскеуде пәтуаға келмегендердің Алматыда кездесетіні туралы отандық БАҚ-тың елемеуі тіпті қызық болып отыр. Әлемдік әрдайым назардағы оқиғалардың бірі елімізде өтетініне самарқаулық танытқан БАҚ ресурстары бұл жаңалық жөнінде «кезекті бір жиын шығар» деген пессимистік пікірлерді бетімен қоя бергені және бар. Ал шын мәнінде мұны той-томалақ пен меморандумдық сипаттағы салтанатты жиындардың қатарына қоя салу әбестік болар еді.
Біріншіден, Қазақстанның мұндай кездесуді өткізуге толық құқығынан бұрын, бейбіт заманда атомнан зардап шеккен ел ретінде толық адами құқығы бар. Қазақстан – тап осындай сипаттағы кездесу өткізуге жер-ел таңдағанда, бірінші еске түсетін мемлекет болуы заңды. Анаубір жылдары атомды оқпандарды амалдап алып қалып, кейін жалаңдатпай, өз еркімен атомдық құдықтардың аузына цемент құйған ел ретінде бейбітшілік тақырыбында айтары бар мемлекетпіз.
Екіншіден, арағайындықта да айтарлықтай тәжірибеміз бар. Неге екені белгісіз, әдетте әншілерді әуежайдан түсіп, кері мінгенге дейін түк қалдырмай жазатын «шолушылардың» есіне 2002 жылы атомдық қақтығысқа аз-ақ қалған Үндістан мен Пәкістан арасында Қазақстанның арағайын болғанын, бір үстелдің басында бітіспес жаудай көрінген Первез Мүшәраф пен Вишпайдың отырғаны түспейді. Бұлардың бірі-бірінің бет жүзін көруге ынта білдіргенінің өзін үлкен саяси жеңіс деуге әбден болады. Бұдан басқа, Қазақстанның, саясат әлемінде «бітіспес жұптар» деген лақапқа ие Үндістан-Пәкістан, Қытай-Үндістан, Израиль-Палестина Автономиясы арасында қандай да бір сұқбат орнауына талай рет мұрындық болғанын, болып келе жатқанын естен шығару — мемлекетшілдік тұрғысынан ойлайтын азамат үшін жараспас еді.
Әрине, қазақиласақ, Алматыдағы кездесуден соң, «анау кіші екенмін, мынау үлкен екенмін» деп сабасына түсіп, алты ел төс қағыстырып, мәңгі дос боп кетеді деген тұжырым жасап жатқан ешкім жоқ. Бірақ келіссөздің бар құны — келісімге келуге ынтада жатса керек. Ендеше, еліміздің басты ұстанымы – бейбітшілікке қадам басқан сайын, қолдау көрсете отырсақ деген тілек. Ең болмағанда — ақпараттық.
Ерлан ОСПАН