АТОМ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

0 120

6 тамыз тарих парақтарына ең қаралы күндердің бірі ретінде жазылып қалды. 

1945 жылы дәл осы күні Жапонияның Хиросима қаласына АҚШ атом бомбасын тастады. 170 мыңға жуық адам жарылыс құрбаны болды. Осыдан үш күн өткен соң Күншығыс елінің тағы бір шаһары – Нагасаки жарылыстан зардап шекті. Ол туралы қазақ поэзиясында өзгеше өрнек қалдырған ақын Жұматай Жақыпбаев:

«Біздей бай, біздей кедей де бар ма,
Мұң менен шаттық жолдасы.
Құрдаспыз Бақыткерей, Мен (Алла!)
Және атом бомбасы» деп жырлады.

Одан кейін де адам баласының атомнан тартқан азабы аз болған жоқ. 1949 жылы өзіміздің Семей даласы ядролық сынақтар алаңы ретінде таңдалып, 40 жыл бойы жарылыстардан көз ашпадық. 1986 жылғы Чернобыль, екі жыл бұрынғы Фукусима-1 АЭС-теріндегі апаттар да қаншама адамның өмірін жалмады. Осыған байланысты 6 тамыз – Хиросима күні – Ядролық қаруға тыйым салу үшін күрестің бүкіләлемдік күні болып жарияланды.

Елордалықтар бұл датаны елеусіз қалдырмады. Отан қорғаушылар алаңындағы «Отан ана» ескерткішінің жанына жиналып, атом құрбандарын еске алды.
«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы және «Ақ Орда» республикалық қозғалысы», «Civic Peace», «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырған шарада Парламент Мәжілісінің депутаты А.Соловьева, «Нұр Отан» ХДП АҚФ төрағасының орынбасары М.Оралов, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Харадо Юдзо және басқалар сөз сөйледі. «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгел осынау шараның мән-маңызы жоғары екенін атап өтіп, ұйымдастырушы тарапқа алғысын жеткізді. «Төлебай» мешітінің бас имамы И.Сматаев пен орыс православтық шіркеуінің дін қызметшісі Дмитрий әкей атом құрбандарына дұға бағыштады.

Жауынгерлік өнер мектебінің тәрбиеленушілері өз шеберліктерін көрсетті. Аспанға шарлар мен көгершіндер жіберілді. Одан кейін шара «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде жалғасты.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 7 =