Атажұрт аңсары алға жетелейді

0 145

Жолдас НҰРСҰЛТАНҰЛЫ

Жуырда «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі қисапсыз ой-пікірлердің арасындағы Жолдас Нұрсұлтанұлы деген жігіттің жазғаны елең еткізді. Өз жазбасын латын әліпбиінде ұсынып отырған ол Алаш арыстары, қазақтың ұлт қайраткерлері туралы бастырмалата сұрайды. Соның ішінде «Кешегі өткен Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатовтың, тағы басқа тұлғалардың ұрпақтары бар ма, олар қазақ па, әлде, өзге ұлтқа сіңісіп кетті ме, бар болса, қайда тұрады?» дейді ол… Артынша «біздің басылымды сатып алып, оқыңыз, сонда барлығы жазылған» деген журналистке өзінің Қазақстандағы баспасөз құралдарын оқи алмайтынын, шет елде тұратынын айтыпты…

Қиырда жатып, қандасын ізде­ген бауырымызды интернет ар­қылы әңгімеге тартып, аз-кем ой бөлістік.

– Жолдас, сіз жаңа «Фейсбук» ар­қылы Алаш арыстарының ұр­­пақ­тарын сұрап, хат жазып жат­тыңыз…

– Иә. Өйткені, кешегі өткен асылдарымыздың ұрпақтары қайда, қалай өмір сүріп жатқанын шынымен білгім келеді.

– Біз Сізбен «Астана ақшамы» газетіне сұхбат алсақ деп отырмыз.

– Сіздердің газеттеріңізді мен жақсы білемін. Сайттарыңызды қарап отырамын. Бізде сіздердің га­зеттеріңіздің төте жазудағы нұс­­қа­сы да бар. Ол www.elarna.com мекен-жайында орналасты­рыл­ған.

– Сонда қалай? Сіз сонау Парижде тұрып, алыста жатқан атамекендегі ақпарат құралда­рын назарда ұстап отырсыз ба?

– Иә, шамамның жеткенінше. Кеңірек тоқталсам, «Астана ақшамының» кирилл жазуындағы нұсқасын да шығарып отырмыз. Мұнда Қазақстанда тарап жатқан 40-қа жуық ақпарат құралдарынан іріктеліп алынған маңызды мақалалар салынып тұрады. «Астана ақшамы» солардың ішіне кіреді. Ал, Қытайдағы бар қазақ осы сайт арқылы атамекен жаңалықтарымен онда қандай мәселелер көтеріліп жатқанынан хабардар болып отыр.

– Жөн екен. Бұл бастаманы қашан қолға алдыңыздар?

– Қытайда қазақша сайттар жақсы дамыған. Бұл сайт әзірге менің өз жобам болып қалып отыр. Өткен жылдың наурыз айында қолға алғанмын. Қазір Қытай қазақтарына қолайлы болу үшін осылай екі түрлі әліпбимен күніне орташа есеппен алғанда 300-500-ге жуық хабар таратып отырмыз.

– Осыған қарап, шетелдегі қазақ диаспорасының Қазақ­стан­мен ақпараттық-рухани бай­ла­ны­сы жақсы деп айтуға бола ма?

– Солай деп ойлаймын.

– «Туған жерім – Қытай, Шыңжаң өлкесі» деп көрсетіп­сіз. Қытайда соңғы жылдары қазақ мектептері жабылып жатыр дегенді естіп қаламыз. Сіз туған өлкеде қазақ мектептері бар ма?

– Иә, мен Қытайдың Құлжа қаласының Үлкен-бура ауылын­да туғанмын. Туған жерім Қазақ­станмен шекаралас жатыр. Ол жерде мектептер көп. Бәрі қазақ тілінде сабақ береді. Өйткені, онда қазақтар көп тұрады. Мәселен, менің Үлкен-бура ауылымда біз оқып кеткен мектепте әлі күнге тек қазақ тілінде сабақ беріледі. Қытай тілі арнайы пәндерде ғана оқытылады. Ондай ауылдар көп. Сондықтан да, біз көбіміз мектепті қазақша оқып, университетте қытайша білім алдық. Ал, қазір баласының болашағын ойлап, қытай мектептеріне беріп жатқан ата-аналардың бар екені рас.

– Парижге қалай барып жүр­сіз?

– Мен мұнда University of Paris-Sud (University of Paris XI) деп аталатын жоғары оқу орнында физика-химия саласы бойынша магистратурада оқып жатырмын.

– Француз жұртында тұратын қазақтар көп пе екен? Олармен араласып тұрасыз ба?

– Иә, Парижде тұрақты тұратын 300-дей отбасы бар екен. Олардың көбі – бұрын Түркиядан келгендер.

– Олармен қай тілде сөйле­сесіз?

– Негізінен, ағылшынша сөйле­семіз. Өйткені, мұндағы қазақтың көбі қазақша білмейді. Әрине, оларды ана тілін ұмытып кетті деп кінәлауға болмайды. Бәрі ортаға байланысты. Мұның ең басты себебі, бұл елде тұратын қазақтың аз болғаны деп те ойлаймын.

– Өзіңіз Қазақстанға, Аста­наға келіп көрдіңіз бе?

– Бұрынғы бір жылдары Алматыға барып көргенім бар. Ал, Астананы әлі көрген емеспін. Алаш жұртының айбынды қаласына айналып келе жатқан Астана, азат Қазақстанның жаңа елордасы жайлы көп естиміз мұнда. Барғымыз келеді…

– Сіз Қазақстандағы заман­дастары­ңыздың кириллицамен жазғандарын оқып, өзіңіз латынша жазсаңыз да, байланыс орнатып отырсыз ғой. Кириллицаны қалай үйрендіңіз?

– Біз Қытайда көне төте жа­зуын, яғни, араб қарпін қолдан­дық. Университетке оқуға түс­кен­нен кейін интернетке кіріп жүре­тінбіз. Қазақ тіліндегі сайттарды ақтарып, атамекендегі болып жатқан оқиғалар туралы мағлұматтарды оқуға құмартушы едік. Бірақ, ештеңе түсінбейтінбіз, әліпби бөлек болғандықтан, оқи алмаймыз. Содан атажұртқа, Қа­зақ­станға деген бір аңсар бізді алға жетелей берді. Ақыры өз бе­ті­мізше ізденіп, қайта-қайта оқып, танысып, кирилл жазуын үйреніп алдық.

– Қазақстанда санаулы жылдардан соң латын әліпбиіне кө­ше­тін болып шешім қабыл­данды. Көзқа­расыңыз қалай?

– Бұл туралы Елбасы көтерге­нін, ол ғалымдардан қолдау тапқа­нын естіп, қуанып жатырмыз. Әрине, өте құптарлық бастама. Қазір шетелдегі біздердің өз­деріміз «Қазақстан қашан латын әліпбиіне көшер екен» деп, елеңдеумен жүрміз.

– Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?

– Қазақтың болашағы зор деп білемін. Аяқтан тік тұрып келе жатқан елімде жақсы бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Еліміз қарқынды дамып келеді. Бұған өте қуаныштымыз. Біз сырт елдерде жүрсек те, атамекеніміз Қазақстанды ойымыздан шығар­ған емеспіз. Әрдайым еліміздің тілеуін тілеп, тілекші болып отырамыз. Қазақстанның болашағы нұрлы боларына сенемін!

Әңгімелескен:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ, Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 10 =