Атау беруді реттейтін тұжырымдама керек

0 36

Елорданың Алматы ауданындағы жобалық атауы А20 көшесіне Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің, А33 көшесіне мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаевтың, А41 көшесіне мемлекет қайраткері Ұзақбай Қарамановтың, А349 көшесіне Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың, Есіл ауданындағы Е30 көшесіне шығыс түркі қағанатының қолбасшысы Күлтегіннің, Е607 көшесіне татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімдерін беру, Байқоңыр ауданындағы Күлтегін орамын Биші қайың орамы деп қайта атау ұсыныстарын Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясы 5 сәуір күні өткен отырысында мақұлдады. Тиісті тәртіп бойынша осы апта басында аталмыш мәселе қалалық мәслихатта қаралып, бірауыздан қолдау тапты. Ал кеше қалалық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.Жиында Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев көше атауларына қатысты ұсыныстармен таныстырды. Оның айтуынша, Күлтегін орамы қалада бұрыннан бар. Бұл көшенің ұзындығы небәрі 280 метрді құрайды. Сондықтан зиялы қауым тарапынан келіп түскен ұлы бабамызға кең көше беру туралы ұсынысты ономастика комиссиясы қанағаттандырды. Күлтегін атына берілейін деп жатқан көшенің ұзындығы – 1500 метр. Ал Ғабдолла Тоқайға Татарстан мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасы нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласынан көше беру ұйғарылды. Есесіне Қазан қаласында ұлы Абай сияқты қазақтың аса көрнекті тұлғаларына көше беріледі.
Қоғамдық кеңес мүшесі Тілеуғазы Нұркенов мемлекет және қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаев атына елордадан көше беру қаншалықты қисынды болатынын сұрады.
– Әрине, Әбубәкір Тыны­баевтың еңбегі елге сіңді. Бұл кісі Талдықорған облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, ҚазКСР Су шаруашылығы және мелиорация министрі болды. Оның құрметіне Сырдария өзеніндегі ірі гидроузелге аты берілді. Өзі туған Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі Садовая көшесі және Талдықорғандағы Белов көшесі Әбубәкір Тыныбаев болып қайта аталды. Алматы қаласының Әуезов ауданында да оның атында көше бар. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында Тыныбаев атына көше беру қажеттілігі неден туындады? – деген сауал қойды Т.Нұркенов.
Оны әріптестері Нұрдәулет Оразханов, Жанат Нұрғалиев, Бауыржан Смайылов, Мейрамбай Оралов қолдады. «Әбубәкір Тыныбаевтың атына бірнеше қалада көшелер берілген екен. Бірақ бізде қазір бірде-бір көше берілмеген қоғам қайраткерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан басқа да азаматтар бар. Осындай адамдардың атына берсек, әділ болады деп ойлаймын, – деді Н.Оразханов.
Қорытындысында қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілігі Әбубәкір Тыныбаев атына көше берілуіне қарсы дауыс берді. Ал өзге ұсыныстар мақұлданды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Леонид Те қазіргі жағдайға байланысты көшелерге атау беруді шегере тұру керек деп есептейтінін айта келе, көшелерге аттары берілетін тұлғалар қалай таңдалатынын сұрады. Осы мәселені түсіндірген кеңес төрағасы Сансызбай Есілов ұлттық санақтың өтуіне байланысты мамырдан бастап жарты жылға мораторий жарияланатынын жеткізді. Ал көшелерге атау беру мәселесін заңдық тұрғыдан реттеу керек екен. Мұны белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы айтты.
– Қазір ономастика мәселесі өзекті болып бара жатыр. Халықтың сұрақтары да көп. Бұрын мұны реттейтін тұжырымдама болған. Адам өмірден өткен соң, бес жылдан соң ғана атына көше берілетін. Бұл талап қазір жойылды. Бір кезде ғалымдар адам қайтқан соң есімі көшеге елу жылдан соң берілу керек деген ұсыныс айтқан. Себебі «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ. Яғни тұлға електен өту керек. Тұжырымдаманы әзірлеп, оған осы талапты қосу қажет. Халық арада қанша жыл өтсе де, нағыз тұлғаны төбесіне көтереді. Кезінде болған тұжырымдама Қонаев дәуіріндегі адамдармен шектелген. Оған Қонаевтың өзі кірмеген, – деді Д.Қамзабекұлы.
Ғалым былтыр елордада әл-Фараби атына көше берілгенін, алайда ол қаланың өнеркәсіптік аймағында орналасқанын, бұл дұрыс еместігін, соған қатысты наразылықтар келіп жатқанын жеткізді.
– Әл-Фараби – қазір қаладағы автобан сияқты үлкен даңғылдардың бірі. Сол маңайда оның атына көше ойластырылып берілді. Қаланың өсуіне байланысты бұл даңғыл әлі ұзарады, – деген уәж айтты бұл мәселе бойынша Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Жиында алда түсінбеушіліктер болмау үшін қалалық ономастика комиссиясына қоғамдық кеңес мүшелерін қосу ұсынылды. Т.Қышқашбаев бұл ұсынысты қолдайтындарын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 9 =