АТАТҮРІК МАҢЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

0 226

ZAH_5378Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған экологиялық тазалық айлығы аясында «Ескерткіштер – ел тарихы» атты жастар акциясы өтіп жатқаны мәлім. Тағылымы мол шара сенбі күні жалғасын тауып, елордалық бір топ оқушы Есілдің жағасына жиналды. Олар бауырлас түрік ұлтының бірегей тұлғасы Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің айналасын тазалады.

Тазалық шарасына Гума­нитарлық колледжден, №10, 28 орта мектептерден және Алматы ауданы әкімдігінің мердігер компанияларынан жүзден аса адам қатысып, Астананың көркеюіне үлестерін қосты. Ескерткіш ма­ңындағы гүлзарлардың орнын аударып, бордюрлерді, қа­рағаштардың түбін ақтады. Айналаны күл-қоқыстан арылтып, тасмүсінді жуды.
«Мектеп патриоттары» оқу­шылар ұйымының мүшелері Есіл жағасындағы жүргіншілерге қала тазалығына шақыратын парақшалар таратты. «Біздің қаламыз күннен-күнге көркейіп, әдемі, таза болып келеді. Біз, Астана тұрғындары, осы сұлулықты, тазалықты сақтап қалуымыз керек. Осыған байланысты Астананың таза болуына үлес қосуыңызды сұраймыз. Астана – біздің ортақ үйіміз. Егер әр адам тазалықты өз үйінен бастаса, онда бізді қоршаған әлем одан да таза, көркем болады. Тазалықты бірге сақтайық!» деген жолдар бар онда.
Сенбілік жұмысын ұйым­дастырып, шараның басы-қа­сында жүрген Алматы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мамандары Аделя Бабасова мен Аида Меңдібаеваның айтуынша, жастардың қимылы – ширақ, істері – белсенді. «Акцияға күш салуға жиналған студенттер мен оқушылардың өз қалаларына деген құштарлықтары қуантады. Көк, сары түсті киімдері де сенбіліктің ажарын ашқандай. Осындай игі бастаманы жиі ұйымдастырып тұру қажеттігін де айтады олар» дейді әкімдік өкілдері.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + three =