АТАҚТЫ ГРАН-ПА – АСТАНА ТӨРІНДЕ

0 211

«Астана Опера» театрының биылғы маусымын екі бөлімнен тұратын гала-концерт қорытындылайды.  Шілденің 16-сы күні Үлкен зал сахнасында өтетін салтанатты кеш аясында Людвиг Минкус пен Эдуар Дельдевездің «Пахита» балетінен әйгілі Гран-паның тұсауы кесіледі.

_DSC2941

Аталмыш театрдағы балеттік труппаның көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бұл жолғы дивертисментіндегі негізгі рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Мәдина Баспаева, Гауһар Усина, Жандос Әубәкіров, халықаралық байқаулардың лауреаты Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Еркін Рахметоллаев, Әсел Құсайынова, Әсел Шәйкенова, Елена Семенова сомдайды. Қойылымның дирижері – Арман Оразғалиев.

_DSC1287

Қоюшы-балетмейстердің айтуынша, «Пахита» спектакліндегі мерекелік Гран-па – Мариус Петипаның «Трильби», «Кандавл патша», Қанатты ат», «Сильфида», Михаил Фокиннің «Армида павильоны» секілді есті балеттерінен тұратын ең тартымды вариациялар шеруі. Онда әрбір солиске көпшілік алдында өзінің барлық әртістік шеберлігін паш етуіне мүмкіндік ұсынылады. Сонымен қатар, спектакльдегі испан стилистикасын сақтап, басқа балеттердің «Пахитадағы» көріністермен үйлесуін қадағалау да аса маңызды.

_DSC9959

– Театрдың үшінші маусымында біз үлкен жұмыс атқардық. Мәселен, Людвиг Минкустың атақты «Баядерка» спектаклі қойылды, мазмұнды Гала-балет бағдарламасы құрылды. Жақында ғана ХХ ғасыр хореографиясының үздік туындысы – Ролан Петидің «Париж Құдай Анасының соборын» ұсындық. Техникалық жағынан күрделі бұл балет бірегей стильдік мәнерімен ерекшеленеді, мұнда кордебалетке баса назар аударылған. Үлкен ізденістің арқасында алдағы уақытта да ірі нәтижелерге қол жеткіземіз, – дейді Алтынай Асылмұратова.

Гала-концертке опера солистері де, атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Медет Шотабаев, Сүндет Байғожин, Жан Тәпин, Жанат Шыбықпаев, Бибігүл Жанұзақ, Армения халық әртісі Барсег Туманян, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Жұпар Ғабдуллина, Талғат Ғалеев, Салтанат Мұратбекова, Айзада Қапонова, Галина Чеплакова қатысады. Сондай-ақ, тыңдарман «Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хорының өнерін тамашалайды. Концерттің дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, ал режиссері – Наталья Кагадий.

????????????????????????????????????

Қорытынды кеш барысында театрдың жетекші солистері Джоаккино Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамида каватинасы мен Ассура ариясын, Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсынан Норина мен Малетеста дуэтін, Винценсо Беллинидің «Норма» операсынан Норманың ариясын, Жюль Массненің «Манон» операсынан Манон гавоты тәрізді операның әлемдік жауһарлары саналатын теңдессіз шығармаларды орындайды. Бұдан бөлек, жұртшылық сүйіп тыңдайтын «Еркем-ай» халық әні, Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серкенің каватинасы, Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жер» сияқты отандық музыка туындылары шырқалады.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =