«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Атақ жолын тапса игі…

0 292

Қазір өзі ешнәрсеге таңғалмайтын болдық. Өткен ит жылының соңында бір топ әнші «Қазақстанның құрметті азаматы» деген марапатқа ие болғаны әлеуметтік желіде біраз сөз болды. Бұрын «облыстың, қаланың, ауданның құрметті азаматы» деген марапат барын білуші едік. Және бұл құрметке екінің бірі ие болмайтын. Сол өңірден түлеп, жалпақ елге аты жайылған тұлғаға берілетін. Енді республиканың «құрметті азаматы» атағын қатардағы адамдардың алып жатқаны оның салмағын тым жеңілдетіп жібергендей әсер қалдырды.

Шын мәнінде, егер мұндай марапатты Қазақстанның ғылымы мен мәдениетінің дамуына орасан үлес қосқан – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан және тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров секілді алыптар деңгейіндегі азаматтар алып жатса қуанар едік.
Бірақ бұл мемлекеттік атақ емес. Оны бір қоғамдық ұйым тағайындаған екен. Және оны жай алмайсыз, қалтаңызда бір миллионнан астам ақшаңыз болу керек. Егер ондай қаржы болса, сіз де «Қазақстанның құрметті азаматы» атана аласыз. Айт­пақшы, бұл шара елімізде 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.
Осындайда ойыма бір оқиға түсіп отыр. Біздің Қос­танай облысы Амангелді ауданында Бөгетбай Әлмағамбетұлы деген ақсақал болды. Бұл кісі отыз жылдан астам аудандық газетті басқарып, қаламының желі бар талай жасты жазуға баулып, олардың алды республикаға мәлім қаламгер атанды. Бөгетбай әке өзі туған өлкенің тарихы мен онда өмір сүрген белгілі тұлғалар жайында тағылымды бірнеше кітап жазды. Әсіресе, қарт журналистің «Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» деген дүниесін ерекшелеп айтуға болады. Бұл жинақта қаламгер сол көтеріліске қатысқандардың аузынан жазып алған – Әбдіғапар, Амангелді, Кейкі батырлар туралы естеліктерді сөйлетеді. Осы кітапта көтерілістің шындығы барынша ашылған. Енді сол ақсақалға жасы сексеннен асқанда ауданның құрметі азаматы берілді. Сонда ол кісі: «Мен өмірімде біраз сыйлыққа ие болған жанмын. Бірақ мен үшін туған жерімнің құрметті азаматы атанудан артық марапат жоқ» деген сөзі есімде қалыпты. Содан көп ұзамай өмірден өтіп кетті.
Міне, құрметтің қадірін Бөгетбай қариядай сезіне білсек, оның құны да жоғары болары хақ.

***

Ертеректе «ұстаз» деген сөздің өзі қадірлі еді. Шын мәнінде, оны кез келген мұғалімге қаратып айта бермей-тін. Өз кәсібінің биігіне шығып, шәкірттері көңілінің төрінен орын алған адамға ғана айтылатын.
Бүгінге дейін көрнекті ағартушы, алғаш қазақ балаларына мектеп ашып, кітап жазған Ыбырай Алтынсаринді «ұлы ұстаз», ал қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсыновты «ұлт ұстазы» деп атап жүрміз. Бұл қалай айтсақ та жарасады.


Қазір кейбір қоғамдық ұйымдар өздері тарапынан мұғалімдерге түрлі марапаттар мен төсбелгілер беріп жатады. Әрине, біз оны қызғанып отырған жоқпыз. Қайта олардың жанкешті еңбегі қандай құрметке де лайық. Бірақ бәрі өз мөлшерімен болса дейсіз ғой. Шындығын айтқанда, бұл атақтардың атынан ат үркеді. Және оның бәрін тегін берілмейді, сатылады. Мысалы, «Ұлт ұстазы – 5 мың, Алаш ұстазы – 10 мың, Ғасыр ұстазы – 13 мың, Ұлағатты ұстаз 20 мың теңге» тұрады.
Жақында «Qazbilim» рес­публикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжан осы мәселені көтеріп, қоғамға дабыл қақты.«Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Өз басым осы медальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға намыс­танар едім. Ұлт ұстазы деген атты тек Ахметке қолданып жүрміз, ал олар істеген тірліктің жүзден бірін тындырмай сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып тағу – ұятсыздықтың шыңы. Бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алып тағу – мода. Тіпті әлеуметтік желіде әлдебір жеке кәсіпкердің қолынан сатып алған медалін осындай марапат бұйырды деп жазып отырғанда бетімнен отым шығады, себебі ұстазы атақ қуса, ұстазы жалғандыққа барса, ұлттың ертеңі не болмақ?» деп ашынып жазды.
Айталық, Білім және ғылым министрлігі салалық көтермелеу жүйесі бойынша озат мұғалімдерді «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» немесе «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапаттайды. Бұл құрметке ие болудың өз ережесі бар. Ал біз жоғарыда айтқан «атақтарда» мұндай тәртіп сақталмайды.
Кейінгі кездері түрлі ұйымдардың адамдарға беретін марапаттары көбейді. Кейде сол атақты алу үшін олар әлеуметтік желіде жұрттан дауыс жинап, әбігерге түседі. Солардың арасында елге танымал азаматтардың жүргенін көргенде көңіліңізді мұң басады.

***

Былтыр Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дінмұхамед Ақымов жетпіс жылдық мерейтойы кезінде ұлттық арнадағы «Дара жол» бағдарламасының қонағы болды. Сонда талантты актер жаны жылап тұрып, мына бір жағдайды баяндады.
«Мен осыдан екі-үш жыл бұрын жақын досым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергеновты жоғалтып алдым. Ол жаман ауруға шалдығып, Кореяға барып төрт жыл емделді. Соған бар қаржысын жұмсады. Бірде сол маған Сеулден хабарласты: «Димаш, қиналып жатырмын. Қалтамдағы ақшам бітті. Қаншама киноға түстім. Бірақ мені Іс басқармасының ауруханасы қабылдамайды» деп күрсінді. Ақыры, солай өмірден өтті деді. Актердің өзі де сол ауруханаға емделе алмайды. Өйткені оған лайықты атағы жоқ.
Бізде мемлекеттік мерекелер қарсаңында еліміздің дамуына еңбек сіңіріп жүрген ғылым, өнер және т.б. салалардағы азаматтарға марапаттар беріледі. Кейінгі жылдары өнер саласындағы мұндай құрметке жастар көбірек ие болып жүр. Әрине, оның ішінде топтан озған жүйріктер де, жай қатарды көбейтіп жүргендер де кездеседі. Талантты дер кезінде танып, бағалаған дұрыс. Оған қарсы емеспін. Бірақ қазақ өнерінің дамуына бар ғұмырын арнаған Дінмұхамед секілді аға-апаларымыздың еңбегін ұмытпауымыз керек. Солардың арқасында ұлттық өнеріміз биіктеді. Шындығын айтқанда, бүгінде кімнің насихаты күшті, соның аты бәйгеден озып тұр. Соның кесірінен дабыра-дақпыртсыз, үндемей жүріп, үлкен істер атқарып жүрген адамдар ескерусіз қалды.
Қазір әдебиет саласында да түрлі сыйлық көп. Әсіресе, оған жастар көп құмартып барады. Соған байланысты ақын Есенғали Раушанов ағамыздың: Қазір лауреат емес, жастарды сирек кездестіресіз. Олардың көбі осылай болуы қалыпты жағдай деп түсінеді. Бұған үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар қаржыландырып жататын мүшәрайлар мен жарыстарды қосыңыз. Содан келіп көп жағдайда сапа құриды. Кейбір жастардың кітап саны Ә.Нұрпейісов, Т.Әбдік, ­Д.Исабековтердің кітаптарынан көп. Төленде көп болса алты-жеті кітап бар, ал әлгі «толыспаған Толстой, шала Шекспирлердің» алды он бес кітап шығарып үлгерген» деп айтқан сөзінде үлкен мән жатыр.

***

Ойымызды қорыта келгенде, айтарымыз: орнымен берген атақ та, сыйлық та адамның мерейін өсірері хақ. Бірақ оның өз өлшемі болу керек. Сондықтан бұл мәселе заң аясында реттелсе дейміз. Әйтпесе, елімізде атақсыз адам қалмайтын секілді көрінеді. Қысқасы, аталарымыз бір ауыз сөзбен «атақ жолын тапса игі» деп дұрыс айтқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды