«АТАМЕКЕНДЕГІ» АҚЖАРЫЛҚАП КҮН

0 155

IMG_7609

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің ұжымы Наурыз мерекесін астаналықтармен бірге тойлады. Салтанатты шараға елордадағы өнер, мәдениет қызметкерлері атсалысты. Думанды басқосуды мұражай директоры Үмітхан Мұңалбаева ашып, сөз сөйледі.

Қонақтарды төл мерекелерімен құттықтаған Үмітхан Дәуренбекқызы Ұлыстың ұлы күнінің қазақ халқы өміріндегі маңызы, салмағы төңірегінде әңгімеледі. «Ұлтымыз Наурызды жыл басы деп білген. Яғни, көктеммен жыл да жаңарып, табиғат-ана жасарып, адамдар бір серпіледі. Осы күні орындалатын жақсы ғұрыптарымыз бен ырымдарымыз, тілектеріміз баршамызға береке, бірлік, игілік, ырыс әкелсін. Әз-Наурыз әр шаңыраққа құт болып енсін» деді мекеме басшысы.

Кеште Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов сөз сөйледі. «Ұлыстың ұлы күніндегі қуаныш, береке қазақ халқының маңдайынан мәңгіге ортаймағанын тілеймін. Өйткені, береке болған жерде бірлік бар, бірлік болған жерде ілгерілеу мен даму болады. Бүгінде Астананың мәдениеті еліміздің талай өңіріне үлгі болып келе жатқанын айтқым келеді. Осы мұражай шаңырағының өзі талай шаруаның бел ортасынан табылып, игі істерді атқаруда. Осындай шапағатты шаруаларымыз жалғасын таба берсе, көңіл-күйіміз бен рухани байлығымыз төмендемек емес» деді басқарма басшысы. Меймандар лебізін М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық Орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов жалғап, ақжарма тілегін ақтарды.

Мерекелік кеш астаналық өнер ұжымдарының, колледж, мектеп оқушыларының әнімен, жырымен, биімен, күйімен әрлене түсті. Әсіресе, Қуыршақ театрының қойылымы көпшіліктің қошеметіне ие болды. Онда түркі тілдес ұлт өкілдерінің Ұлыстың ұлы күнін қарсы алу салттары көрсетілген. Содан кейін «Наз» мемлекеттік би ансамблінің өнері көрермен көңілінен шықты.

Салтанатты шара барысында «Наурызым – нұрлы ырысым» атты наурыз көже байқауы, ең тәтті самаурын шайы сайысы, «Киім пірі – кимешек» атты әжелер сыны, «Бұрымды қыз» байқауы, жас ақындар айтысы, ең дәмді бауырсақ сайысы, «Аталар сөзі – ақылдың көзі» атты мақал-мәтел жарысы, асық ату, арқан тарту ойыны, күрес, дойбы бәсекелері ұйымдастырылды.
Әр байқаудың жеңімпаздары арнаулы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Мен Астананың наурыз тойын көру үшін оңтүстік өңірден келіп едім. Бұл мереке маған қатты ұнады. Әсіресе, түрлі бағыттағы жарыстар қызық екен. Асық атудан бағымды сынап едім, бірінші орын алдым. Бірақ қол күресінен есе жіберіп қойдым. Осы жеңісімнің өзі үлкен қуаныш» дейді Бақытжан Селеусін есімді жеткіншек.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 9 =