Аталар армандаған атажұрт

0 218

Ауыт Мұқибектің «Жас жүрек жайып саусағын», «Қалқатайға қарай-қарай талды көз», «Мөлдір», «Алпамыс текті ұл», «Ұлылық пен Мәңгілік», «Райанның өлеңдері» атты жыр жинақтары мен «Көш, Көшке кім өш?!», «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!», «Оралман емес, қандаспыз!» атты публицистикалық кітаптары жарық көрген. Қазір ол «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында қызмет істейді. Осы орайда біз ақын, белсенді азаматпен жүздесіп,әңгімелескен едік.

– Ауыт Мұқибекұлы, атамекенге келгеніңізге жиырма жылдан асыпты. Қытайда туып, сонда өстіңіз. Қазақстан деген сөзді алғаш қашан, кімнен естідіңіз, сонда қандай әсерде болдыңыз?
– «Қазақстан» деген сөзден бұрын «Алматы» деген сөзді бірінші рет естіген секілдімін. Мен малшы отбасында дүниеге келдім. Өзіміз Іле қазақ автономиялы облысына қарасты болғанымызбен, қыста малды Бұратала моңғол автономиялық облысына отарлатып барып, қыстайтынбыз. Себебі, ол жаққа қар жұқа түседі. Қыс бойы таудың қуысында, тастан қаланған тошалада жалғыз үй отырамыз. Басқа малшылармен арамыз алыс болады. Айналасын қожыр-қожыр қара тастар қоршаған қыстау мен үшін тым қорқынышты, сүркейлі көрінеді. Бірақ бірте-бірте көзің үйреніп, үйренісіп кетесің. Келімді-кетімді кісі жоқтың қасы. Он бір жасымда мектепке бардым. Мен ес білгеннен бастап, мектепке барғанға дейін осындай көшпелі өмірді көріп өстім. Біздің үйдің ең бағалы және ең қастерлі жалғыз дүниесі болды. Ол – былғарымен қапталған радиоқабылдағыш еді. Көшіп-қонғанда сындырып алмау үшін, Сауыт ағам қалың тонның ішінен оны мойнына асып алатын.
Сол радиоқабылда­ғышты қосып, үлкендер ауа райы туралы мәліметті тыңдайды. Саңқылдаған қоңыр дауысты адамның «Сөйлеп тұрған Алматы!» немесе «Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деген сөздері менің құлағымда қалыпты. Сосын, Дінмұхамед Қонаевтың аты көп аталатын. Әкем «Бұл да қазақтың бір мықтысы ғой» деп, Қонаев туралы айтып отыратын.
Кейін білдік қой, Алматы – Қазақстанның астанасы, манағы қоңыр дауысты кісі атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев екен. Құдайға мың тәубе, сол Алматыға табанымыз тиді, он төрт жыл сол қалада өмір сүрдім.
– Сіз сонда оқу бітіріп, әуелі мұғалім, кейін мектеп директоры болып жүргенде ауылыңыз­ға жаңа мектеп салдырыпсыз. Осыншама тәп-тәуір қызмет атқара жүріп, Отанға оралуыңыз­ға не себеп болды?
– Мен институтта оқып жүргенде Қазақстан Тәуел­сіздік алды. Оған дейін Балтық жағалауындағы елдердің және бірнеше республикалардың Кеңес одағы құрамынан бөлініп шығып жатқанын естіп жаттық. Бүкіл есіл-дертіміз – Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялауы болды, асыға күттік. Ақыры арманымыз орындалды. Қуанышты хабарды «Азаттық» радио­сынан, Хасен Оралтай ағамыздың аузынан естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Курстастар бас қосып, Қазақстанға кетуге уағдаластық.
Жаңа жыл қарсаңында Тұңғыш Президент «Шалқар» радиосында өзі сөйлеп, шеттегі қазақтарды жаңа жылмен құттықтап, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деген атақты үндеуін жолдады. Сол тарихи үндеуінде «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деп, ағынан жарылып, ақ батасын берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Көп өтпей, Үрімжіден жазушы Жақсылық
Сәмитұлы, тарихшы ­Тұрсынхан Зәкен, Армиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы бастаған төрт отбасының Қазақстанға көшкелі жатқаны туралы хабар шықты. Бұл төрт жазушының көші біздің лаулап тұрған сезімімізге май құйды, одан ары жалындатты.
Сүйікті Қазақстанымызға жетсек дегеннен басқа ой да, арман да болған жоқ. Ол кезде бірден кете қалу қиын, шақыру алдырып, төлқұжат рәсімдеуіміз керек. Одан ары виза аштыру бар. Сол біткенше, ештеңеге зауқымыз соқпай, сенделдік те қалдық.
Шекарадан өтіп, қасиетті қазақ жеріне табанымыз тигенде азаттықтың ауасын құшырлана жұттық. Тәуелсіз Отанға, оның Тұңғыш Президентіне деген сол махаббат, сол сенім біздің жүрегімізде сол күйінде қалды.
Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың басында инс­титутта бірге оқыған, Қазақстанға кетеміз деп уағдаласқан курстастарымнан екеуміз ғана атажұртқа оралдық. Оның бірі – мен, екіншісі –Жаңыл Смағұлқызы. Екеуміз де Нұр-Сұлтан қаласында тұрамыз.
Әлемдегі қазақтың жалғыз Отаны – Қазақстан. Қазақтың одан басқа барар жері, басар тауы, панасы жоқ. Бізді мұнда айдап әкелген күш– Тәуелсіздік! Біз – атажұртқа Елбасының ақ батасымен оралған қазақпыз!
– Сізді танитын кісілер қазақ поэзиясының көрнекті өкілі – Тұманбай Молдағалиевпен жақын араласып, тіпті, сол кісінің «баласы» болды дегенді айтады. Ақын басқарған «Балдырған» журналында еңбек еттіңіз, жалпы, Тұманбай аға туралы не айтасыз?
– Иә, жұрт жақсы біледі, Мен Қазақстанға Тұмағаны пана тұтып келдім. Менің Тұманбай Молдағалиевті пана тұтып келуім – бір жас жігіттің қазақтың маңдайға басқан тарлан ақынын жай іздеп келе салуы емес еді. Бұл келудің атадан балаға жалғасқан өзгеше салт немесе ғажайып дәстүр екенін баса айтқым келеді. Тіпті, баға жетпес құндылық деп те айтуға болады.
Қараңыз, «Кеңес одағы» дейтін өктем империяның текпісімен Қазақстандағы өзінің байырғы мекенінде отырған қазақтар 1916, 1928, 1932 жылдары лек-легімен үш рет шетелге қоныс аударуға мәжбүр болды. Соның басым бөлігі Қытай жаққа ауды.
Себебі, онда қасиетті қазақ жерінің бір құт қонған құйқалы өңірі жатыр. Онда мекендеп отырған байыр­ғы ел, берекесі кетпеген қазақтар бар.
Бір елден екінші елге барып ірге тебу, сіңісіп кету оңай емес. Бірақ, шекара бұзып өткен қарға тамырлы қазаққа онша қиын да болған жоқ. Әр елдің жөн білетін, халқына сөзі өтетін тұлғалары болады. Қазақ – «Жаным – арымның садағасы!» деген ұстанымдағы халық. Елдің намысы мен ары сол би-болыстардың тура шешіміне, жасаған әрекетіне қарай өлшенеді. Бергі беттен ауған көшті бастаған тұлғалар ондағы өздері секілді ел ағаларын іздеді, тапты, сөйлесті. Біздің ел тізгінін ұстаған аталарымыз бас болып, алыстан пана тұтып келген бауырларын қандалаға талатпай, айдалаға қаратпай, бауырына баса білді. Осылайша, елге ел қосылып, ары қарай қыз алысып, қыз берісіп, берекелі халыққа айналды.
Бергі беттен ауып барған кешегі елдің Жетісу мен Барқытбелдің арғы бетіне көп қиындық көрмей, тез сіңіп кетуінің сыры осында жатыр.
Ал сол елдің елуінші-­алпысыншы жылдардағы көштен қалған жартысына жуығы сүйретіліп әлі сол үш аймақта (Алтай, Іле, Тарбағатайда) жатыр.
Сөздің тоқетерін айтсам, тәуелсіз Қазақстанға оралғанда, мен де алты алаштың Тұмағасын кешегі бабалар жолымен, қазақы дәстүрмен іздеп келген жігітпін.
Міне, бұл – өмірдің қайталанып отыратын философиясы.
Тұманбай ақын мені бетімнен қаққан жоқ. Қайта, өз балаларынан кем көрмей, әке-шешем орындап үлгермей кеткен парызды Күлтай тәтем екеуі атқарды. Қасынан бір сәт тастамай ертіп жүрді. Өзі барған жердің бәріне ертіп барды. Жақсы мен жайсаңның біразына таныстырды. Гүлбаян атты сұлу қызға құда түсіп, бір жылқысын сойып, үйлендірді. Қашан өмірден озғанша, «Ауытымның жүрген жері – береке!» деп, маңдайымнан сипап өтті жарықтық…
– Жұртшылық сізді қандастардың жанашыры деп біледі. Бір жылдары ептеп саябырсып қалған қазақ көшінің жандануына үлес қостыңыз, осы бағыттағы қабылданған заңдар мен нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал еттіңіз. Айтыңызшы, қазақ көшінің алдағы тағдыры не болады?
– Мен оптимист адаммын. Өмірдің жарық жағын тез көрем, жағымды тұсын көбірек айтам. Барды жоқ деп, ауызды қу шөппен сүрте беретіндерді аса ұната бермеймін.
Ал сұрағыңызға келсек, Құдайға шүкір, елімізде көші-қон саясаты бар. Бұл сая­сат Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан, атап айтсам, 1991 жылғы 18 қарашада жолға қойылған. Сондықтан ­«Нұрсұлтан Назарбаев дегенде, ол кісінің жаңа мемлекет құру тарихында көші-қон саясаты бірінші кезекте айтылу керек!» деген сөзді мен жиі-жиі қайталап отырам. Елбасының өзі де әр жиналыс сайын «Тағдырдың жазуымен әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашырап кеткен бір миллионнан астам қандасымызды елге қайтардық» деп мақтанышпен айтады.
Сондай-ақ Елбасы Nur Otan партиясының кезектен тыс өткен ХХ съезінде «Келеміз деген азаматтардың барлығын Қазақстан құшақ жайып қарсы алады, мүмкіндігінше көмектеседі» деп, бұл саясатқа тағы тоқталды.
Ал Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев «Дүние­жүзіндегі қандастарымыз­дың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп отыр. Жаңа президенттің пәрменімен «Оралман» атауы «Қандас» деп өзгертілді. Біз бұл өзгерісті ерекше куанышпен қабылдадық…
Қысқасы, осы бағыттағы заңдар мен нормативтік құжаттар біршама дұрысталды. Көріп отырғаныңыздай, көші-қон саясаты күн тәртібінен түскен жоқ. Оның үстіне, көрші елдерде жүргізілген саяси қысым шеттегі қандастарымыздың көзін ашты, Тәуелсіз Отанының қадірін әбден білгізді.
Қазіргі пандемияға байланысты шекаралар жабық. Сол себепті, көш саябырлап қалды. Бұл – уақытша нәрсе. Карантин аяқталса, олар қотарыла көшуге дайын. Алла қаласа, қазақ көшінің екінші «алтын дәуірі» басталады.
Мемлекеттің қауіпсіздігі жағынан алсақ, көші-қон сая­сатының маңызы күн санап артуда. Шекаралық аймақтар бос қалып жатыр. Еңбеккүш тапшы. Оның үстіне, шетелге қоныс аударушылар өте көп. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Біреудің Қазақстаннан басқа елге көшкенін естіген сәттерде мені уайым басады» деген сөзін естідік. Өте ауыр сөз. Мемлекет болып ойланатын мәселе. Сол уайымнан айықтыратын жалғыз жол – шеттегі қандастарымызды атамекенге көптеп оралту. Сол арқылы көшіп кеткендердің орнын еселеп жабуымызға болады. Басқа жол жоқ!
Ол үшін мемлекет көші-қон саясатына тың реформа жасап, «Қазақ диаспорасын мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасы мен шетелдегі қазақтарды және ерікті қоныс аударуды қолдаудың ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік бағдарламасын тезірек жасап, бекітуі қажет.
– «Нұр-Отан» партиясы ұйымдастырған праймеризге қатыстыңыз, мұнда қандай мәселені көтердіңіз, ел сенімінің үдесінен шықтым деп ойлайсыз ба?
– Nur Otan партиясы тұңғыш рет праймериз өткізді. Еліміздің сайлау жүйесіндегі жарқын жаңалық ретінде қабылдап, қуана-қуана қатыс­тым. Менімен бірге оннан аса қандас азамат бақ сынады. Қолдап, төрт-бес мақала да жаздым. Дау жоқ, Nur Otan партиясы праймериз арқылы толымды депутат таңдады, мемлекеттік бағдарлама жасап берді, халықтың саяси мәдениетін көтерді.Әсіресе, жастардың потенциалын сынады, саясатқа деген қызығушылығын қатты оятты, не ойлайтынын көрсетті…
Алматы облысының
Еңбекшіқазақ ауданын таңдағам. Ондағы мақсатым, аталған ауданда, жоғарыда айтқан, 1916, 1928, 1932, 1960 жылдардағы ары көш, бері көште бөлініп-
жарылған қазақтардың ұрпағы көп. Билік тұтқасын ұстап отырғандар да – солардың немере-шөберелері. Екі елде қалып, еңіреген тағдырларды құлағымен естіп, көзімен көрген азаматтар көші-қон мәселесімен айналысып, қазақтың басын қосуға құлшынып жүрген мені терең түсінеді, жабыла қолдайды ғой деп ойлағам.
Өкінішке қарай, 434 дауыс алып, Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттардың тізіміне іліне алмадым. Партияның ішкі тәртібіне сай, праймеризден өтпеген үміткер Орталық партиялық квотаға алынбайды екен.
Шеттен оралған азаматтардың бәрінің төмен дауыс алуына Nur Otan партиясың құрамында шеттен келген қандастарымыздың аздығы, тіпті жоқтығы ең басты себеп болды. Әйтпесе, жарысқа түскен азаматтардың көбі қоғамда өзіндік орны бар, депутаттыққа лайық тұлғалар еді.
Өзіңіз білесіз, мен 2015 жылдан бері Мәжілістегі жұмыс тобына қатысып, ұсыныстар беріп келем. Көші-қон заңын зерттеп жүріп, қандастарымыздың тез құжаттануына басты кедергі болып келген бір мәселені байқадым. Ол – басы артық анықтамалар талап ету. Бұл норма қағазбастылық пен жемқорлыққа апарып соқтырады.
«Халықтың көші-қон туралы» заңын осы анықтама талап ететін нормалардан арылтып едік, тұрақты тіркеу­ге тұру мен азаматтық алудағы кедергілер жоқ болды.
Бұл – Қазақстан заңдарына дендеп кіріп алған ортақ дерт. Соның кесірінен кәсіпкерлік саласы да дами алмай отыр.
Депутат болғым келгендегі бір мақсатым – заңнамалардағы осы мәселені шешуге атсалысу, көмектесу болатын. Тәжірибелі маман,қандастарымыздың өкілі ретінде осы саясатпен белсене айналысып жүріп, бір нәрсені байқадым: негізі, Мәжілісте шеттен оралған ағайындардан да бір-екі депутат болуы әбден керек екен.
Біз қаласақ та, қаламасақ та, шекарадан өтіп, қашан құжаттанып, жаңа ортаға сіңісіп болғанша, қандастарымыздың бір үлкен әлеуметтік топ екені даусыз. Олардың жағдайын білетін, тілін табатын лауазымды тұлғалар керек!
Міне, келесі жылы қазақ көшінің басталғанына отыз жыл толады. Қазақстан Рес­публикасы Парламентінің тарихында шеттен оралған қазақтардан бірде-бір Мәжіліс депутаты болып көрмепті…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 17 =