АТАДАН МИРАС ӘЗ НАУРЫЗ

0 127

Кеше Ақбұлақты жағалай алты киіз үй қонды. Әрқайсысы бір ауыл: «Ақ найза», «Ақ кент», «Ақ жайлау», «Ақ шатыр»… Ажары мен сәнін айтсақ, бір-бірінен озады, бір-бірімен жарасым тапқан. Ұлттық киім киінген ұл-қыздарымыз мерекенің көрігін, тіпті, қыздырыпты. Бірі кәдімгі атқа мініп, қолына бүркіт қондырса, бірі домбырамен ән шырқайды. Қос етек, бұраң бел арулар мың бұралып билейді.
Жә, басынан бастап әңгімелесек…

«Осы тоқтық ортаймасын!..»

Айтып отырғанымыз – «Астана көк­темі» наурыз мейрамы. «Наурыз өтіп кетті ғой» демеңіз, бұл – Л.Гумилев атындағы Еу­­ра­зия ұлттық университетінің жылдағы әдеті. Себебі, Сарыарқаға көктем кеш келеді. Жай­­машуақ, мамыражай күндер сәуірдің бел ортасынан ауа туады. Міне, сол кезде оқу орнының ұжымы ұлыстың ұлы күнін тойлайды. Шараны ұйымдастыруға белсенді атсалысқан білім ордасындағы әлеуметтік және азаматтық даму департаменті.

Ұлан-асыр той думаны бұрнағы күннен басталған. №4, №6 студенттер үйлерінің алдында Наурыз көже дайындалды. Ұлттық дәмнен студенттердің бәрі дерлік ауыз тиді. Жеті түрлі тағамнан жасалған көже бәрінің көңілін бір серпілтіп, жүздеріне нұр жүгіртті. «Жылан жылында осы тоқтығымыз ортаймасын!» деп бата қылысты.

Мерекелік шара Ф.Достоевский атындағы Се­­мей мемлекеттік академиялық театры әр­­тіс­­­терінің «Отырардың күйреуі» атты поэ­­ти­калық спектаклінің қойылымымен жалғасты.

Ән-думанмен әрленді

Той дүбірі кеше шарықтай түсті. Ақбұлақты жағалай қонған алты үйдің айналасы қарақұрым халыққа толып қалған-ды. Мұнда да Наурыз көже қайнатылып, салтанатты көңіл-күй орнады. Алты ауылдың палуандары ортаға шығып, күш сынасты. Арқан тартысып, кіртас көтерді. Асық атып, тоғызқұмалақ ойнады. Ат үстінде ән шырқап, арулар мың бұралып билеген. «Сәнді отау», «Өрнек» ұлттық киім байқаулары да жұрттың назарын аударды.

«Қыз Жібек – 2013» аруын жетектеп, ақ сақалды Қыдыр ата да ат ізін салды мұнда. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ырысымыз ортаймасын, бірлігіміз берік болсын» деп, қария да ақжарма батасын ақтарды. Алқалаған көпшілік «Әмин» десті.

Жұлдызшылар да жолда екен. Студенттер ортасына қонаққа келген олар университеттің биылғы жылын жақсылыққа жорыды. Белгілі әнші Досымжан Таңатаров мерекенің сәнін халық әндерімен аша түсті. Университеттің өнерлі студенттері де барын ортаға салып, көптің ықыласына, қошеметіне бөленген.

Жауырындағы жазулар

«Астана көктемінің» айрықша шарасы – «Мирас» этнографиялық алаңының ашылуы болды. Алаңның салмағын арттырған не нәрсе? Жауырын. Кәдуілгі қой жауырынының ес­керткіші. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев­­тың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жол­­дау­­ындағы «Біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атай­­тын боламыз. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» болатынына сенемін. Мәң­гі­лік­ ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дә­­уірлерге жол ашсын!» деген жолдар ла­тын­­ әліпбиімен жазылған. Бұл жөнінде оқу ор­ны­­ның ректоры Ерлан Сыдықов былай деді: «Қа­­зақ әу баста жауырынға қарап, ертеңін жо­­рыған. Келешегін болжаған. Біз сол ырымды жаң­­ғыртып, жауырынның ескерткішіне Президент сөздерін қашап жаздық. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы онда Қазақ елінің 2050-де қандай болатынын айтқан, болашақты бағдарлаған».

«Мирас» алаңында үлкендігі бұзаудай-бұзаудай төрт асықтың ескерткіші де бар. Асық – ұлттық құндылығымыздың айшығы. Бірі – алшысынан, бірі – тәйкесінен, бірі – бүк, бірі – шік. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ тақтасының екі ескерткіші. Тастан жасалған. Сол жерде тұрып-ақ ойнай беруге болады. Айтпақшы, Ерлан Бәтташұлы алдағы уақытта бұл маңда қа­­ла­­лық, республикалық, халықаралық асық ойын­­дарының жарысы өтетінін әңгімеледі. «Біз мұнда түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырамыз. Ұлттығымызды танытатын шаралар өткіземіз. Ен­­ді асық ойындарының жарысы осында қы­за­­тын болады» деді ол.

Алаңның жобасы сәулетші Сәкен Нарынов­тың идеясымен жасалғанын атап айтқан жөн.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + seventeen =