©2020 Астана Ақшамы
АТАДАН МИРАС АЙБАЛТА
Абай жинаған құнды жәдігерлердің қатарына жататын қару-жарақтардың бірі – айбалта. Айбалта – соғыс қаруы, көшпелі халықтар өте ерте заманнан пайдалана бастаған. Қазақтар бұл қару түрін ХХ ғасырға дейін қажетінде ұстады.
Айбалтаның шабуға арналған жалпақ жағы – жалманы, өткір қыры – жүзі, жалманға қарсы жағы – шүйдесі, сап кигізетін ойығы – ұңғысы, сап пен ұңғысының түйіскен тұсы сағағы деп аталады. Қару түрлерінің ішіндегі ең ауыры, мықтысы – айбалта.
Халық ауыз әдебиетінде балтаның бірнеше түрі аталады.
Тебінгінің астынан,
Алабалта суырысып.
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едім, – деген Шалкиіз жыраудың өлеңі бар. Осындағы алабалтамен қатар, ақбалта, көкбалта дегендері де кездеседі. Тұрмыста еңбек құралдары ретінде қолданылатын балта түрлерін шотбалта, шәйбалта, қуысбалта деп те атайды. Олар шабу, жару, ою, үңгу, жону сияқты жұмыстарға қажет.
Балтаны киіз немесе былғарыдан жасалған балтақапта сақтайды.
Айбалтаның басы металдан соғылады. Пішіні әртүрлі болып келеді. Балта басының, яғни, жалманының жарты ай сияқты болып, дөңгелене соғылуы – «айбалта» аталуына негіз болған.
Көне көшпелі халықтардың айбалталары екі басты немесе балта басының шүйдесі ұзынша келген балға пішінді болып келеді. Сондай-ақ, екінші басының істік түрінде болып келетіні де кездеседі. Шүйдесі балға түрінде, бірақ, қысқа жасалған айбалта көбіне қазақ жерінде кездеседі.
Абайдың заманындағы аумалы-төкпелі кезең ағымындағы ел дауы, жер дауы, жесір дауы сияқты қақтығыстарда пайдаланылған қару түрлерінің бірі де айбалта болған. Оны Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай мен Бөжейдің жер дауы жөніндегі оқиғаларынан көре аламыз. Романның «Бел-белесте» бөліміндегі (158 бет) мына жолдарға тоқталсақ: «…Көптен бүйтіп насырға шауып көрмеген үлкен жойқын соғыс үшінші күнге қарай кетіп еді. Дәл осы күннің түс кезінде Құнанбай жүз елудей аптал азаматқа ең жүйрік аттарды мінгізіп, қолдарына тегіс сойылдарын тастатып, айбалта, найза бергізді». Осы беттен тағы бір мысал: «Айбалталы, найзалы топтың басы ер Ызғұтты болатын. Бұлар араласты да, Жігітек жағын еріксіз қашырып, бастыра жөнелді. Қуа соғысқанда, оншақты жігітті шаншып түсірді. Ызғұтты өз қолындағы айбалтамен Тұмарбайды кезей қуып еді. Арадан қорғамақ болған Қареке кеп киліккенде, Ызғұтты соны құлаштап кеп, бастан шапты. Жасқанып қалған Қарекеңнің дәл басына айбалта тимеді, бірақ, мұрнын шауып түсті».
Діни нанымдарда айбалтаның басына бедерленген ою-өрнек үлкен маңызға ие. Ағаштан жасалған айбалта сабын кейде терімен де қаптайды. Кейбір балта саптары түгелдей терімен қапталып, металл жапсырмалармен немесе күмістермен өрнектеліп, әшекейленеді. Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдіргі тағылады.
Қазақ мәдениетінде пайдаланылған айбалта саптарының ұзындығы 70-90 сантиметр аралығында болады. Айбалтамен соғысу әдісін жетік меңгерген жауынгерді – «айбалташы» деп атайды. Айбалташы жауынгерлер айбалтаны белдеріне байлап, жорыққа шыққанда тебінгінің астына қыстырып ала жүрген.
Абай жинаған құнды экспонаттың бірі айбалтаның сыры – осындай.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Қазақстан-Ресей университеті
«Абайтану»
ғылыми-танымдық орталығының
директоры