АТАДАН БАЛАҒА ЖАЛҒАСҚАН

0 100

сала

Астана қаласы кәсіподақтар кеңесі мен астаналық салалық кәсіподақтары «Нұр Отан» қалалық партиясының қолдауымен ұзақ жылдар бойы ұрпақтар сабақтастығын үзбестен, бүкіл әулетімен тек бір салада тер төккен еңбеккер жандарға ерекше құрмет көрсетті.

«Атадан балаға жалғасқан бір кәсіппен айналысып, алдыңғы толқынның тәжірибесін жаңа ұрпақтың жаңалығымен жаңғыр­туды дәстүрге айналдырған азаматтарды дәріптеу арқылы еңбек адамының беделін көтереміз» деді қалалық кәсіподақ кеңесінің төр­ағасы Сәрсенбай Мыңбаев марапаттау сәтінде сөйлеген сөзінде. Ол өнегелі отбасылар жайында қысқаша тоқталып өтіп, сый-сияпат табыс етті. Олардың арасында «Астана су арнасы» мекемесінің өкілі Далкеевтер отбасы, педагогтар әулетінен – №40 мектептің директоры Ербол Іргебаев, денсаулық сақтау саласынан Белокобыловтар отбасы және елорда мәдениетінің танымал әулеті Өселбаевтар мен теміржолшылар әулеті – Жапаровтардың отбасылары бар.

Жалпы еңбек өтілі 640 жылды құрайтын Жапаровтар отбасын Қазақстан темір жолының мақтанышы деп айтуға болады екен. Әулеттің тарихына үңілсек, 1934 жылдары ағайынды Зейнелғабиден мен Бейсембай Жапаровтар бірі диспетчер, бірі жолсерік болып темір жол бойына жұмысқа орналасады. Содан бері бұл әулеттің көптеген өкілдері машинист, инженер, оператор, кассир, тағы басқа осы саланың түрлі мамандықтарын игерген. Бұл күнде Зейнелғабиденнің қызы Сәуле әулеттің үлкені ретінде әке жолын жалғастырып келеді. Даңқты әулеттен шыққан алты азамат бүгінде Астана стансасында еңбек етуде.

Астаналық педагогтар отбасының жарқын өкілі ретінде Іргебаевтарды айтуға болады. Ұстаздық етуден жалықпаған өнегелі жанұяда тарихшы, әдебиетші, математика пәнінің мұғалімдері өскелең ұрпақты тәрбие­леуге атсалысуда.

Ал, Өселбаевтар әулеті астаналық­тарға жақсы таныс. Аң патшасы арыс­танды қолға үйретіп, дегеніне көн­дір­­ген марқұм Мұрат Өселбаевтың ісін бұл күнде жары мен келін-баласы, жалғастырып келеді. Тунгалаг Өселбаева үйретілген арыстандарымен Астаналық цирктің шымылдығын ашқан еді. Сирек кәсіп әкеден балаға қалып, жалғасын тапты. Мұраттың ұлы Мұхтар – жас аң үйретушілердің бірі.

– Белгілі бір мекемеде бір әулеттің өкілдері еңбек етіп, абыройға бөленуі сирек кездеседі. Бұл бір жағынан кә­сіпорынның орнықтылығын білдіреді. Одан бөлек жұмысшыларға жағдай жасалып, олардың әлеуметтік қол­дауын да қосуға болады. Ал бұның бәрі отбасындағы бала тәрбиесінде көрініс тауып, олар­дың өмір жолын таңдауда дұрыс шешім жасай­ты­нына көзіміз жетіп отыр, – деді Рес­публикалық мәде­ниет, спорт және ақпарат қыз­меткерлері кәсіп­ода­ғы­ның Астана қалалық филиалының төрайымы Светлана Иманқұлова.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды