АТА ЗАҢНЫҢ АЯСЫ

0 105

Бағзыдан белгілі бір ақиқат бар. Пенденің ата-анасын таңдай алмайтыны секілді, кез келген азамат та Отанын таңдай алмайды. Отан – ата-бабаңның, өзіңнің кіндік қаның тамған, бүкіл тұқым-зәузатыңның өсіп-өнген жері. Ол да ақ сүтін берген анаң! Тағы да бір шындық бар. Көп жағдайда кез келген ел өзінің тарихи таңдауын жасап, тәуелсіздігінің туын көтеріп, азаматтарына өмір сүру бостандығын, бақытын толық мәнде сыйлай алмай жатады.

Ендеше, тәуелсіздік деген ұғымның табиғатына үңіліп көрелікші. Бостандығымыздың болмысы қайсы? Тіршілік бәйтерегінен түскен дәннің жапырақ жайып, желек ашу­ына қуат беретін қандай құдірет. Қасиетті атамекенде тамыр тартып, елдік шаңырақ көтерген аталары­мыз да бұл жайлы тереңнен тартып, пайымдағаны анық. Рас, Жаратушы ие ұлтымызға әлем мойындаған мемлекет құрып, бостандығының байрағын асқақтата көтеруді жазғанға дейін елімізді талай сындарға салды. Сөйтіп, халықтың тарихы мен әрқайсымыздың тағдырымыз түзілді.

Әлбетте, тәуелсіздіктің қадіріне жете түсу үшін сол өткенімізге көз салудың артықтығы жоқ.

Көшпенділердің эпикалық дәстүрінде Отан ұғымы оның рухының тірегі болған. Ұлы даланың перзенті жаудан жиған-тергенін емес, ең алдымен, жері мен бостандығын қорғаған. «Қазақ» сөзінің баламасы да еркіндік пен азат адам ұғымын білдірген.

Мұндай жан «елім, жерім – сенің үшін – жан пида» деген.

Мынандай бір әфсанаңыз бар.Ұлы бабамыз – сақ жауынгерінен ассириялық грек сарбазы былай деп сұраған екен: -Ең қымбаттарың не?..

– Біз үшін ең қымбатымыз – та­мырдан үзілмеу. Ата жұртымыздың тал бесігінде мәңгі тербелу –депті, сақ сарбазы сонда…

Әлқисса, Отан ұғымы – туған жер, бабалар мекені дегенді білдіреді. Анасының алдынан кесіп өтпейтіні секілді, қазақ Отанын киесін ұлы қасиет деп таниды.

Отанға деген шын махаббат өткеннен тамыр тартады. Ол тамыр­лар нелер қиындықтарды еңсеріп барып, көктейді. Аңыздарда сақ ханшайымы Тұмар ханым жайында да айтылады. Кир патша ұлы даланы жаулап алмақ болған. Бірақ, жазира төсін жапқан сақ сарбаздарының жойқын тойтарысына тап болды. Ойсырай жеңілді.Сақтарға қуат бер­ген туған жерлері еді. Жау жерінің шетіне келген Тұмар ханым өзге елге аттап басқан жоқ.

– Саған керегі біздің жеріміз бен қанымыз еді ғой. Ендеше өз қаныңды іш те, оны өз жеріңе төк -депті ұлы патшайым – анамыз. Тәуелсіздіктің сол бабаларымыздан қалған ұлы рухын бүгінгі ұрпақтар жүректе сақтап қалды. Бізге өзгенікі керек емес, өзіміздікін де бермейміз. Ең қымбатымыз да, ең қастерліміз де – туған Отанымыз!. Киелі қазақ жері!

Халық тағдырының жолы қанша бұралаң болғанымен, келешегінде тәуелсіздігі күтіп тұрса, алмас қамалы болмайды. Азаттық ұғымында бағзыдан-ақ тек қана жағырапиялық, ұлттық-этникалық тәуелсіздік аңсарлары ғана емес, ұлтқа күш берер ұлы рухтың да қуаты жатқан. Орта ғасырлардағы қазақтардың бойын­да да ұлы Даланың қайта дәуірлеуі деп аталған осындай өмір танымы қалыптасқан. Осы ғасырда көне тәңірлік ұғым мен аруақ қасиеті пай­ымын қанаттастырған софылықты өре, ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед саллоху ғалай саламның исламдық ілімін насихаттаған Қожа Ахмед Яссауи өз жолын бастады. Мүмкін, толеранттығымыз бен өзге мәдениеттерге ашықтығымыздың және жаңа рухани қайнарларды жатсынбай қабылдай алуымыздың түп тамырлары осы тұстан нәр алып жатқан болар.

Рухани қайта дәуірлеудің кезеңінде тағдырдың өзі қазаққа алғашқы сыйын жасады. Сол дәуірде орта ғасырлық егеменді мемлекет ретінде Қазақ хандығы шаңырақ көтерді. Бауырлас үш жүз бірігіп, «Қасым салған қасқа жолға» түсті. Жәнібек пен Керей хандардың, Әз-Тәуке мен Әбілхайыр және Абылай хан­дар ел басқарған тәуелсіздігіміз сынға түскен тарихи кезеңдерді дана халқымыз осылай атаған. Осынау батыр бабалардың есімдері ұрпақтар жадында өшпегей, лайым!

Сол дәуірдегі көшпелі қазақ егемендігінің көшін туысқан екі халықты қанды қырғынға итерме­леген жоңғар хандығының соғысы тоқтатпақ болды. Жұртымыз ел ба­сына қара бұлт үйірілген сол кезеңді «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»-деп атап, қасіреттен қайсарлық туғызған «Елім-ай» әнін өмірге әкелді.

Әлбетте, ақиқаттың айнасы – та­рихи шындық! Бабалар өсиетін ту еткен қазақ халқы ақыры өз күшімен жоңғарларды тойтарып,ұлы да­ласын азат етті. Дегенмен, жат жұрт шапқыншылығы сойқанынан тезірек «ес жиып, етек жабу» үшін еліміз еріксіз орыс патшасы қанатының астына өтті. Дәл осы тұста қазақ ұлтының адамгершілігі мен рухы биіктігінің бір дәлелін келтіре кеткеніміз жөн. Жоңғар шатқалында қос қапталынан қысылып, қазақ әскерінен ойсырай жеңіліп, тұтқында қалған жау тайпаларына еркіндік сыйлаған қазақтар оларды өз жері арқылы Жайықтың арғы бетіне өткізіп, сол аймақта қалмақтар деген атаумен екінші отандарының керегесін керулеріне рұқсат берді. Дұшпанына да осыншалық кеңшілік көрсеткен бабаларымыз сол заманның өзінде-ақ, жалпы адамзаттық құндылықтар мен мейірімдерді бойына сіңірген еді. Бүгінгі ұрпақ осыны мақтан етеді және жадыларынан өшірмейді.

Ел басына күн туған сол бір алмағайып замананы қақаған қысқа теңеуге болар. Бірақ, қазақ үшін ең қымбат – Отаны аман болатын. Сол Отанын қайсар ұлтымыз пат­ша боданында да, оған жалғасқан большевиктік қыспақта да, оты­зыншы жылдардың аштығы мен саяси қуғын-сүргінде де жоғалтқан жоқ. Қандай да бір қиын, зұлматты жылдарда қазаққа Отаны, туған жері күш-қуат берді. Ұлтымыз не­лер қиындықтарды басынан өткере жүріп, салт-дәстүрін, ең бастысы – нұрлы келешекке деген отты үмітін, жалынды жігері мен рухын өшірмеді.

Бүгінгі тәуелсіздігіміздің әлем мойындаған тұғырына көз сала отырып, ұлы бабаларымыз бен әкелеріміздің сол ғасырлардағы ерліктеріне еріксіз бас иесің. Олар бертінгі дәуірдегі ауыр жылдарда да адамдық қалыппен өмір сүрудің өнегесін танытып, фашизммен жан аямай күресті, Мәскеуді қорғап, тыңға түрен салды. Осының бар­шасы ұлттық рухтық қуатымен, бабалар бойға сіңірген жасампаздық жігердің жалынымен жасалды.

Сонымен, 80-жылдардың күркіреген күндей оқиғалары да мезгіл табалдырығынан аттады. Осыған дейін қалғып кеткендей болған ұлттық рух уақыты өтіп бара жатқан шіріген қоғамның қатпарын сілкіп тастап, дүркірей көтерілді.1986 жылдың әйгілі желтоқсаны. Алаңға шыққан жастар ұлттың намысын ту етті. Кремльдің зорлықпен қойған адамына ұлы даланың атынан билік жасауына жол бермеуге бекіністі жас өркендер. Жаңа заманның лебі алтын күректей алдымен жетті. Қазақстанның талай қиындықтарды басынан өткерген халқы да өмірден өзгеріс күтті. Ол жаңарудың басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Үш қайнарлы қуат – Отан, Халық және Президент бір арнаға тоғысты. Аңсарлы арманның шыңы – Тәуелсіздік болатын. Желтоқсанның қаһары сол Тәуелсіздіктің Туын асқақтатар әлеует берді елімізге.

Өкінішке орай, кейде жалған патриоттар мен даңғазалы де­мократтар тәуелсіздіктің қадірін жете түсінбегендіктерін көрсетіп қалып жатады. Мүмкін олардың тарихтың бұлжымас заңдылығын, халық аңсарының айбарын, ұлт рухының қуатын және елдігіміздің ерекше ділін байыптауға зерделері жетпейтін де болар. Десек те, қазақ елінің еңсе көтерген әлеуетінің түп тамыры ұлттық тарихымыздың ғасырлар тереңінде жатқан өшпес қайнарларында екенін санасы сер­гек, зердесі ояулар сезеді, бағалайды.Ол күштер керек уағында елді оятып, қанаттандырады да. 1986 жылдың желтоқсанында да, 1989-90-жылдардың ядролық алапатқа қарсы халықтық қозғалысы күндерінде де осы күштер қуат берді жұртымызға. Осынау тағдырлы қозғалыстардан уақыттың жаңа бетбұрыстарға апаратын заңдылығы мен қажеттілігін көре білсек за­йыр. Әсілі, халықтың осындай тегеуіріндерін «жауқазынды не­месе қызғылт революциялар» сынды ұсақ саяси ұпай жинауға емес, ұлттың жасампаз тағдырын тұғырландыруға бағыттай алғанда ғана нағыз демократиялық үрдістер белең алмақ. Саясаттың өзінің де әр кезеңдегі тек қана халықтың мүддесіне, мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің мұраттарына мақсат ұстаған бағыттарын айқындау, соған елді жұмылдыра білу – үлкен көрегендік. Бұл әсіресе, оқиғалардың болжап болмас күйге түсе бастағанын сезгенде, әлеуметтік аласапыранға, азаматтардың теке-тіресіне апарар беталысын аңғарғанда керек данышпандық. Осы тұстарда қазақ ұлты мен оның төңірегіне топтасқан өзге де бауырлас жұрттардың тарихи қалыптасқан ділдері мен болмыстары көмекке келеді. Қоғамды бір мақсатқа жұмылдыру барысында кешегі күннен қалған социалистік сана мен кеңестік өмір сүру ғадетінің сөніп болмаған екпіндерін де ескермесе болмайды. Ел мен билік бір жұдырық болып осы­лайша жұмылғанда ғана қандай қиындықтан да шығынсыз шығуға болады. Бұл жерде «әсіре көсемдік» пен «берері жоқ қызыл сөз» тіреу болмақ емес. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымыз осыны түсінді, осылай қарекет етті. Бұл -Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шын мәнінде халықтың жанын түсінетін, оның бақыты жолында даналықпен қайраткерлік жасай­тын күрескер тұлға екенін, солай жаратылғанын, ұлы даланы билеген бабаларының кемеңгер ұрпағы ретінде қалыптасқанын дәлелдеді.

Тарихтың тағы бір айғағы бар. Әдетте, үлкен революциялар мен әлеуметтік реформалардың соңдары жемісті бола бермейді. Париждегі Бастилияның құлазыған орны, Петербургтегі Қысқы Сарайға шабуылдың ақыры мен «Аврора» зеңбірегінің тағдыры… Қытайдағы «мәдени» революцияның лаңы, Камбоджадағы «қызыл кемерлердің» қылмысты істері, Бамиандағы оқ тескен Будда мүсіндері, Ауғанстан қасіреттері осының дәлелі. Бұлардың бәрі де құлдыраудың дәлелі. Неліктен осылай болды. Бұл жайында ойлану абзал.

Бақытымызға орай, біздің тәуелсіздік жолындағы күресіміз оқ пен оттан емес, бейбіт қадам, жасампаздық күрестерден ғана тұруда. Оған жүз дәлелдің бір ғана мысалы – жасанған, гүлденген Аста­намыз! Осынау ғажайып ел ордасы Қазақстанның сарқылмас қуаты мен ерік күшін әлемге әйгілеуде.

Сөз жоқ, тап осы күндерде жүзеге асқан мұраттар бастау­ында Елбасымыз, Ұлт Лидері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, мемлекет құрушы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаев тұрды. Биіктерді бағындыру тәуелсіздіктің сонау елең-алаңында-ақ Президентіміздің ой-арманына айналды. Ол осынау мақсаттарын бүкіл елін жұмылдыра отырып, сатылап жүзеге асыра бастады. Тәуелсіздігіміздің айбыны – Астана­дан ел келешегінің дидарын танимыз. Болашаққа деген сенім бостандық байрағымен бірге әлем төріне шықты. Барша адамзат Қазақстан де­ген елдің қайраткерлік қуаттарына, жасампаздық әлеуеттеріне сенді.

Қазақ халқымен қол ұстасып, тілек тоғыстырып Отан–Ана игілігін жасап жатқан сандаған ұлт пен ұлыстардан тұратын жұртымыз үшін бұдан асқан бақыт жоқ!

Әлқисса, осынау жетістік, жеңістеріміздің баршасына үзілмес арқау, өмірлік өзек болып тұрған Алтын Заңымыздың аясы екені талассыз!

Смағұл РАХЫМБЕК, жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 1 =