АТА ТАРИХТЫҢ АҒЫ МЕН ҚАРАСЫ

0 136

Художник у своих работ

Жалпы, өнерде кездейсоқтық сирек деген тұжырымға күнделікті кәсібі өнермен қабыса қоймаса да, ішкі жан-дүниесінде алай-түлей әлем төңкеріліп жатқан жандарды көргенде еріксіз қол қоясың. Сондай жанның бірі – суретші Рақымжан Қасымжанның шығармашылығымен танысқандар оның мамандығы инженер-металлург екенін білгенде кәдімгідей таңғалады.

Жаздың бас кезінде Қазіргі заманғы өнер мұражайында Рақаң «Еуразия көшпелілері» деген атау­мен 1994 жылдан бері салған сериялы графикалық кескіндемелерінен көрме ашты. Суретшінің сондағы тарихи және батальдық жанрларға батыл баруының астарында терең ізденісі жатқанына, тіпті оның қазақ тарихының көне парақтары, шайқас көріністері, аңыздар мен эпостар желісі бойынша салған қазақ батырларының, қазақ әйелдерінің көркем бейнелері отандық графика шеберлерінің идеяларымен үндесетініне кәнігі кәсіби қылқаламшылардың өздері қостап пікір айтқан.

«Расында, суретші сомдаған батырлар салтанатты-статикалық сипаттағы қатып қалған мүсін кейпіндегі кейіпкерлер емес, көзге арзан сырты жылтыраған әсемдікпен көзге ұрмайды. Керісінше, ат үстіндегі алпамсалар шайқастың шешуші сәтінде бейнеленеді, кейіпкерлеріне динамикалық және экспрессивті мінез тән» деп баға беріп еді өнертанушы Ғайни Мұхтарова.

Рақаң арнайы академиялық көркем сурет білімін алмаған. Қарағанды облысы Балқаш қаласының тумасы Қазақ политехникалық институтын бітіргелі еңбек жолын Балхаш тау-металлургиялық комбинатында мыс балқытушыдан бастап, өмір-бақи нәпақасын осы мамандықтан тауып келеді.
Бас инженер ретінде ол Алматы облысының Үштөбе қаласындағы кремний шығаратын металлургиялық зауыттың салуына қатысты. «SBS-Steel» ЖШС бастығының орынбасары болды.

Біз бұл деректерді лауазымын айту үшін емес, керісінше тас үгіп, металл қорытқан сабаздың тарих қаузап, таным кеңейтуге уақыт тапқан ізденгіштігіне мән берейік деген оймен келтіріп отырмыз.

Оның Қазақстан тарихы жайлы терең білімі бірқатар ғылыми қамтымды мақала жазуына себеп болыпты. Атап айтсақ, «Дөңгелек үстіндегі қозғалмалы сарайлар», «Киіз үй» атты мақалалары «Северное Прибалхашье» газетінде жарық көрді.

Осыншалықты зерделеп, түйсінгендіктен бе, Рақымжан Қасымжан тарих – бұл уақыттың қозғалмалы дөңгелегі деген ұстанымынан кескіндемесінде де айнымайды. Оның шығармаларында Еуразия даласының тарихы әрқилы уақыт өлшемінде суреттеледі. «Біз, қазақтар – Еуразияның ұлы көшпелілер ұрпақтарымыз», «Аңырақай шайқасына – 270 жыл» және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу лиро-эпосына 1500 жыл» атты графикалық коллаждарын зерделегенде оқиғалар тізбегінде суретші айрықша тарихи даталарға және шешуші кезеңдерге үлкен көңіл бөлетіні анық байқалады.

Сондықтан қимыл грациясы, графикадағы ата тарихтың ақ пен қара қатынасы, композициялық шешімінің көптүрлілігімен ерекшеленетін, бір қарағанда петроглифтер мен тастағы бедерлердің тірілген көрінісі іспетті әсер қалдыратын Рақымжан Қасымжан туындылары Қазақстан тарихына жаңа қөзқарас, жаңа сипат береді деген ойдамыз.

Әлбетте, сөзіміздің соңын саясиландырудан аулақпыз, бірақ қисыны солай келіп тұр. Президент бастамасымен көтерілген, зиялы жұрт қостай кеткен «Мәңгілік ел» идеясы тарихи сананы жаңғырту қажеттілігінен туды десек, оны жан-жақты насихаттауға тек ғалымдардың, сөзі уәлі зиялылардың жазған-сызғаны ғана емес, осындай визуальды өнердің өзі таным-тәрбие орнына жүретініне шүбә жоқ.

Осы күнгі аудиторияға қонымды насихат құралы – телеарна, интернет жүзінде бейнелеу өнерінің идеялық бастауларын әңгіме қылатын бағдарламаның жетіспейтіндігі осындайда білінеді.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + five =