АТА-АНАНЫҢ ПӘТЕРІ КЕДЕРГІ ЕМЕС

0 169

логотип

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталады дегелі жұртшылықта маза жоқ. Олардың көңілін күпті еткен сұрақтар да баршылық. Соның бірі – жылжымайтын мүлікке меншік үлесі бар жастар аталмыш бағдарламаға қатыса ала ма деген сауал. Бұл туралы Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ахметовтен білген едік.

Елордалық басқарма басшысының орынбасары хабарлағандай, ата-анасының пәтеріне меншіктік құқығы бар жастар «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатыса алады. Жылжымайтын мүлікке үлестік меншігі оған еш кедергі емес.

– Еліміздің «Тұрғын үй қатынастары» заңы бойынша, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниетті жас жұптардың бірінде жылжымайтын мүлкі, яғни, жекеменшік үйі болса, онда ол мемлекеттік бағдарламаға қатысып, үй ала алмайды. Ал, қандай да бір жылжымайтын мүлікке, мысалы, ата-анасының пәтеріне меншік үлесі болса, онда бағдарлама бойынша үй алуға құқысы бар. Ол үшін «Қолжетімді баспанаға» қатысу кезінде құжаттар тізіміне жылжымайтын мүлікті иеленуге үлесі бары жөніндегі заңдық құжатты қосу керек. Егер негізгі үлескер – бағдарламаға қатысушы болса, онда оған арендалық үй беруден бас тартылады, – дейді Руслан Ахметов.

Тағы да ескерте кетейік, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша жас отбасылар тиісті құжаттарды 2-14 маусым аралығында қаладағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тапсыра алады. Бағдарламаға қатысуға үмітті жұптардың жасы 29-ға жетпеген болуы керек. Әрі некеде кемі екі жыл тұруы тиіс. Астанада тіркелген уақыты да кемі екі жыл болуы шарт.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =