АТА-АНАЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

0 166

Қамқа ЖАСАНОВА, «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Онсыз да жарымжан балаларымызды сауатсыздық пен қараңғылықта қалдырғымыз келмейді. Мәселен, менің балам өздігінен ізденіп, көп оқиды. Аптасына бір рет үйге келіп, сабақ өткізетін апайымен бірге жалпы білім беретін мектепке барғысы келеді. Бұл жалғыз менің ғана емес, Астанадағы көптеген мүгедек бала мен ата-ананың арманы. Жалпы, бүгінгі таңда осы мәселе қалай шешілуде?
– Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мәселесі бүгінгі таңда ең өзекті проблемаға айналып отыр. Бізде мектепке жіберер алдында мүгедек балаларды үш топқа бөледі. Олардың біріншісі – жалпы мектептерге барады, екіншісі – арнайы мектеп-интернаттарда, ал үшіншісі – үйде оқитындар. Астанада 300-ге жуық бала үйде оқытылады. Бірақ, сіз айтқандай, олар бұл жерде нақты білім ала алмайды. Сондықтан, жүріп-тұруға шамасы жететін мүге­дек балалардың жалпы мектептерге барып, оқуларына мүмкіндік жасауымыз керек.
Мысалы, Америкада мұндай балалар жалпы білім беретін мектептерде сау балалармен бірге, тек жеке кластарда оқиды. Бізге де арнайы мектептер ашудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жалпы мектептерден осындай екі-үш бөлме бөліп берсе, балалар бір-біріне үйреніседі. Сонда көшеде кем баланы көрген сау балалар шошымас еді. Денсаулығында әртүрлі ауытқушылықтары бол­ғанымен, олардың да қоғамға пайда әкеле алатынын, өздері секілді біреудің сүйікті ұлы мен қызы екенін ұғындыру керек. Сондықтан да, жергілікті жерлердегі білім ошақтарында арнайы сыныптар ашу жағын қарастырған жөн.

– Қаламызда мүгедек ба­лаларға арналған шағын әлеу­меттік қолдау орталығы ашылыпты. Осы орталықтың жұмысы туралы, алдағы жос­парлары жөнінде не айтасыз?
– Иә, 2009 жылы елордада «Бота» қоры арқылы мүгедек балаларға арналған «Балам-ай» шағын әлеуметтік орталығы ашылды. Бұл ретте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бізге көп көмек көрсеткенін ерекше айтып өткім келеді. Сол үшін елорда басшысына қоғамдық бірлестігіміздің, бас қаладағы барлық мүгедек бала­лардың және ата-аналардың атынан ризашылық білдіремін.
Алғашында біздің балалар осы орталықта жарты күн болып, арнайы мамандардың көмегін алатын. 2011 жылдан бастап орталық күндізгі уақытта таңертеңгі сағат сегізден кешкі сағат алтыға дейін жұмыс істейтін болды. Мұнда балалардың мемлекеттік тапсырыс бойынша арнаулы әлеуметтік көмек алуларына барлық жағдай жасалған. Содан бері балалардың дамуында көп өзгерістер байқалды. Үйінде тамақты тек бөтелке арқылы ішетін балалар орталыққа келгелі бері бас­қа­лармен бірге тамақтанатын болды. Яғни, бұған дейін кішкентай бала­ларға арналған бөтелкеден сұйық тағамдар ғана ішетін балалар қасын­дағыларға еліктеп, шайнау қа­бі­леттерін дамытты. Мұндай балалармен үнемі жұмыс істеу керек.
Осы орталықта қазіргі таңда 70-ке жуық бала тәрбиеленуде. Онда 3 жастан бастап 28-30 жасқа дейінгілер бар. Мұндағы тамақтану және ұйықтау тәртібі кәдімгі балабақшадағыдай. Балалармен психиатр-дәрігер, әлеуметтік педагогтар, логопед, Монтессори жүйесі бойынша жұмыс жасайтын педагогтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және оған қосымша медбикелер мен тәрбиешілер, әлеу­меттік қызметкер жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге арналған емдеу, массаж жасау бөлмелері де бар. Арнайы мамандардың жүргізген жұмыстарының нәтижесінде балалар жүйелі режимге үйренді, кейбіреулері тақпақ айта бастады. Енді біреулерінің ойлау қабілеттері артып, мүмкіндігі шектеулі балаларын осы орталыққа берген аналар күндізгі уақытын басқа балаларына бөлуге, бәзбіреулері жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Демек, мүгедек балаларды күні бойына күтетін арнайы орталықтың ашылуы ата-аналар үшін де үлкен көмек болды.

– Қаламызда есту қабілеті нашар жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Құлағы естімейді дегені болмаса, олар да аяқ-қолы сау, ақыл-есі түзу жандар. Өкінішке қарай, көп мекемелер оларды қызметке алудан бас тартады. Қандай көмек көрсете аласыз?
– Кейбір мекеме басшыларының мұндай жастарды жұмысқа алғысы келмейтіні шындық. Оның бірнеше себебі бар. Негізі, оларды да түсінуге тырысу керек. Мәселен, жұмыс беруші сізді жұмысқа алғаннан кейін сурдоаудармашы іздеуі керек. Сонда ол екі адамға бірдей жалақы төлеуге мәжбүр болады. Бұл оған, әрине, тиімсіз. Демек, мұндай қадамға, басшылардың барлығы бірдей бара бермейді. Менің ойымша, Астанада бизнес орталықтардан арнаулы кәсіпорын ашу керек. Бұл ретте әкімдік бізге қолдау білдіріп, жүз немесе елу шаршы метр алаңды жеңілдікпен алуымызға жәрдемдессе, жұмыс істегісі келетін қаншама жас­ты жұмыспен қамтамасыз етер едік.

– Елімізде мүгедек балалары бар отбасылар саны азаймай отыр. Бүгінгі таңда Ас­танадағы қоғамдық бірлестікте қанша бала есепте тұр?
– Бүгінде біздің мекемеге мүгедек бала тәрбиелеп отырған 600-ге жуық отбасы тіркелген. Кейбіреулерінің жұмысқа шығуға, тіпті, өздерінің жеке жұмыстарымен дүкенге немесе басқа да бір жерлерге баратындай, отбасындағы басқа балаларға көп көңіл бөлетіндей уақыттары жоқ. Соны ескере отырып, біздің әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына жәрдемдесіп, мүгедек балалардың үйлеріне барып, әртүрлі жұмыстар жүргізеді. Олардың ата-аналарына арналған психологиялық тренингтер де өткізіп тұрамыз.
Бүгінгі таңда Астанада он сегіз жасқа дейінгі 2400 мүгедек бала бар. Олардың басым бөлігі – сал ауруларымен, Даун синдромы, психоневрологиялық патологиямен ауыратын, есту қабілеті нашар және зағип балалар. Ауруының асқынуына және денсаулық жағдайларына байланысты бүгінде солардың шамамен 150-іне жедел түрде ота жасау және емделу қажет. Елорда әкімдігінің қолдауымен әрі қаламыздағы қа­йырымды азаматтардың көмегімен Астанадағы мүмкіндігі шектеулі сексен балаға елордада және алыс-жақын шетелдерде медициналық көмек көрсетілді. Мүгедектердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан ұжымымыздың атқарған қызметін бір-екі ауыз сөйлемге сыйдыру мүмкін емес. Қысқасы, бізге қоғамның ғана емес, кейде тіпті ата-аналардың да белсенділігі ауадай қажет.

– Астана қаласының әкімдігі қала күнін атап өтуге арналған іс-шаралардан түскен қаражаттарды мүмкіндігі шектеулі балаларға, олардың емделуіне жұмсауда. Осы шараның игілігін қанша бала көрді?
– Соңғы жылдары әкімдіктің қала күні мерекесін тойлаудан түскен қаражатты қаламыздағы жедел ота жасауды қажет ететін балалардың емделуіне бөліп беруді дәстүрге айналдырғаны шындық. Бұған әрине, ата-аналар да риза. Қала басшылары тарапынан бөлінген осындай қаражат есебінен және демеушілердің көмегімен бүгінге дейін 80-нен астам бала емделуге мүмкіндік алды. Олардың арасында Астанада ғана емес, сонымен бірге алыс және жақын шетелге барып, жоғары мамандандырылған медициналық көмек алғандар бар. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, телеарналарда бейнесюжеттер көрсетілді. Осыдан кейін бізге хабарласып, көмек сұрайтын ата-аналар көбейді. Оларға мүмкіндігімізше көмектесіп келеміз.

– Қостанай қаласынанмын. Астана қаласында мүгедек балаларға арналған орталық бар екен. Еліміздің басқа қалаларына да осындай орталықтар керек деп ойлаймын. Бұған не дейсіз?
– Әрине, Астананың шағын орталығындағы осындай нәти­же­лерді көргеннен кейін біз арнайы жоба жасадық. Көп ұзамай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазып, қолдау көрсетулерін өтініп, көмек сұрадық. Нәтижесінде, биыл Ақтау қаласында «Балам-ай» орталығын аштық. Осы мәселемен Атырау, Орал қалаларында да болдық. Бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес қой. Бұйыртса, еліміздің басқа қалаларынан да осындай орталықтар ашу жоспарымызда бар.
Елордамызда қолдау мен кө­мекке зәру мүгедек балалар өте көп. Сондықтан алдағы уақытта Астананың Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарында да осындай орталық ашуды жоспарлап отырмыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + eight =