АТА АЛАҚАНЫ

0 187

Желмен бірге көтерілген ақшулан толқындар жағаға келіп соқтығып, тұмсығы суға батып жатқан қайықты бір ырғап қояды. Ақ қанат шағалалар аударылып-төңкерілген толқындар мен ескек жел арасында шарқ ұрып, шабақ іздейді. Ал, биік жар қабақта кекілі төгілген немересін тізесіне отырғызып, құшырлана иіскеп отырған қаумет сақалды қария алыс көкжиекке көз тастайды. «Ата алақаны» деп аталатын суретшінің осынау туындысы табанында туған жердің ыстық құмының табы қалған жанның алыстан үздіккен аңсарын байқатқандай. Таяуда ғана, Конституция күні қарсаңында Тәуелсіздік сарайында ашылған суретші Сәрсенбай Әлиевтің көрмесі «Туған жер» деген ортақ атауға осылай саятыны сөзсіз.

Суретші Сәрсенбай Әлиевтің шығарма­шылығымен бұрыннан таныспыз. Шұбат шайқап, шуда созған ауылда, Сәлмен атасының бауырында өскенін, суретшілік дегенге алғаш рет аудан орталығына бір келгенде дирижер Рыспай Ғабдиевтің портретін көріп, іштен бірдеңе түрткендей сезімге ергенін айтатын. Сол Сәрсекең жыл айналып, тиісті еңбек демалысы тигенде құрамалы мольбертін асынып, баяғы бала дәуреннің ізі қалған даланы іздеп иір-иір жолдарға түседі, қиыр-қиыр құмдарды кезеді. Бір сөзбен айтқанда, табиғат идиллиясы өзі қазір мекен еткен Жетісу жерімен салыстыруға келмесе де, сайын даласының, сартүбек ауылының жөні бөлек. Әнеубір жылдары ғой, туған жерін аралап келіп Сәрсекең көп қабатты үйдің жертөлесінде орналасқан ұядай шеберханасына кіріп алып, шалағалайлап салған шағын этюдтерін кенеп бетіндегі кеңістікке асықпай түсіріп, түсін келтіріп жатқаны. Қас қарайғанда ғана жер үстіне шығатын жігіт ағасының еңбекқорлығына тәнті болып «О, Сәрсенбай ағамыз, қылуетінен шықты» деп қуанатынбыз.

Осы орайда, тағы бір талантты қылқаламшы Шәймерден Сариевтың перзенттік ықыласпен салған «Забуырын» картинасы көз алдымызға келе қалады. Өнертанушылар оны бұйығы жатқан бұйрат құмдардың бояуын дәл бергені үшін жоғары бағалайтынын білеміз. Бір жағы ол қылқаламшының ақырғы картинасы болғаны үшін де құнды.

Ал, Сәрсенбай Әлиев суреттерінде сол құм құндағындағы ауылдардың қазіргі тіршілігі, бәлки, кейбір сәттерінде бір жасырын мұңы шаң беріп қалады. Мәселен, мыжырайған тоқал там мен тақыр жерден талғажау іздеген қара-құра мал («Ауыл шетінде»), жолдың арғы бетіндегі шығыры изеңдеп, жер төсінен май сорып жатқан мұнай скважиналары мен жаңбырға шөліркеген шөл далада шөгіп жатқан түйелер («Бақытты балалық шақ», «Жол бойында»), жағада ескегін күнге кептіріп, сұлай төңкеріліп жатқан қайықтар («Тал түсте», «Тыныштық») сондай әсер қалдырады.

Тағы бір топтамасында сол туған өңірдің тарихына бойлайсың. «Жайық асу», «Қайран Нарын» отарлаушылық саясаттың ығыстыруымен шұрайлы жерден айырылып, құмды өзекке қайғысын арқалай құлаған қалың елдің көз жасын, ал айдаладағы құлпытас үстіне қонақтаған нәурізек құс сол үркінші жұрттың сөніп жанған үмітін («Нәурізек») бейнелегендей болады.

Жалпы, Сәрсенбай Әлиевтің барған жерінен алып қайтатын «базарлығы» да – сол жердің сұлу табиғаты. «Иманақ. Сәкен туған ауылда», «Бурабай этюдтері», «Бетбақдала» сынды табан тиген жерден тәбәрік қылған туындылар суретшінің тақырып тұрғысында тұтастығын танытады.

Сәрсенбай Әлиев Қазақстан Суретшілер одағына тек 2007 жылы ғана өтіпті. Ал, оған дейін сонау 1984 жылы Ашхабадта өткен жас суретшілердің бүкілодақтық симпозиумы, Атырау өнер мұражайындағы (2002), одан кейінгі «Ұлар» (2003), «Арт» галереяларындағы (2008) бірді-екілі көрмесі болмаса, өнер сүйер қауым алдында қадірін кетіріп көп көлбеңдейтіндердің қатарынан емес екенін байқатты.

Ата алақанын ұмытпаған, атамекенін ұлықтаған, көп жылғы еңбектің өтеуіндей былтыр ғана «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тағынған суретші Сәрсенбай Әлиевтің бұл есеп беру көрмесіне жиыны 53 кескіндемесі қойылыпты. Көрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − twelve =