АСЫҚ ЖҮРЕР АСТАНАНЫ АРАЛАП

0 119

Көпшілікке етене таныс болып кеткен мультфильмдер ішінде «Алдар көсенің» хикаялары ерекше орын алады. Қазақы әжуа, баланы өзіне тартып әкететін тартымдылығы мол. Кім не десе де, Алдар көсенің мультфильмі қазір қазақ анимациясының жарқын үлгісі болып тұр.

 Әмен ақсақалдың сара жолын жалғастырушы жастар легі анимацияға біртіндеп өзіндік жаңалық әкелуге тырысып бағуда. Кенжелеп қалған

балалар әлемінің бөлінбес бөлшегі – мультфильм саласын жаңа, тартымды дүниелермен толтыру қолға алына бастады. Олардың қатарында тіпті «қазақстандық брэнд» туралы да әпсана шықты. Ол әпсана негізіне асық, бауырсақ, құрт, қымыз, домбыра символ ретінде алынғаны жөнінде оқырман қауым құлағдар деген ойдамыз.

Айтпағымыз, осы үлкен көшке үлес қосушылар қарасы көбеюде. Қазіргі таңда көптеген жекеменшік студиялар алғашқы табыстарымен бөлісуде. Бірі артық дүние жасаса, кейбірі кемшін түсіп жатады. Бірақ, қайқайсысы да қазақ мультфильмі үшін жанталасып, оған жан бітірмекке құлшынуда. Көпшілікті осы талпыныс қуантады. Осындай талпынысты бастаған жас орталық туралы сөз етуді мақсат тұттық.

Қазір Астанада «Жетіқоңыр» продюсерлік орталығы ел игілігіне бағытталған үлкен іске бел шеше кірісті. Алғашқы қарлығаш мультфильмдері «Асықтың түсі» деп аталады. Өздері оны бүгінгі күнге сай етіп түсіргендіктен, Астанамен байланыстырған. Қысқаша баяндасақ, Асықтың елордаға сапары. Бүлдіршіндер қазақы дүниетанымды бөтенсімей, кітаптан ғана емес, көзімен көріп өсуіне, асықтың түрлі хикаяларына тәнті болуына бағытталған. Анимациялық фильм түсіру аталмыш продюсерлік орталық басшысы Қуантай Амантайұлының айтуынша, алғашқы тәжірибелері.

Бұрын орталық тек бейнебаяндар түсіріп, түрлі жаңалыққа толы, өнерді насихаттайтын маңызды дүниелерге ғана көңіл бөліп келген.

«Құрылғанымызға көп бола қойған жоқ. Жалпы мақсатымыз – қазақтың салт дәстүрін насихаттау, ұлттық болмысымызға қатысты кез келген тақырыпқа дендеп, содан туынды жасау. Анимация саласындағы алғашқы қадамымыз оңай болған жоқ. Балаларға ұсынатын мағыналы мультфильмдер көп емес. Сол салаға өзімізше үлес қоссақ деген ой-ниетіміз еді», – дейді жас басшы.

Әрине, «көз – қорқақ, қол – батыр». Мультипликацияның кедергісі көп, түйткілі шешілмеген сала екені белгілі, кенжелеп қалуының да көптеген себептері бар. Ең бастысы, адамның қажыры болса, қиындықты жеңіп шығатынын осы жас ұжымның тәжірибесі дәлелдеп отыр. Мультфильмге кіріспес бұрын жер-жерге жар салып, суретшілер іздестіріпті. Оларға көңілі толып, ойындағы мақсатын ортаға жайып салғанда, қай қазақтың да бала күнгі жан серігі асық туралы мультфильм жасауға тоқайласады.

Арнайы сценарий жасалып, сол бойынша суретшілер ұзын-сонар жұмысқа кірісіп те кетеді. Әр қимылды жеке-жеке қағазға түсіріп, оған жан бітірудің күрделі де қияметті шаруасын бастан кешірген ұжым өз өнімінің балдырғандар көңілінен шығуын қалайтыны айтпаса да түсінікті.

«Түсіріліп жатқан өнімімізге әлден сұраныс танытып жатыр. Сондықтан біздің «асық» аз күнде өзінің көрерменімен қауышып, бізге алғысын айтады деп сенеміз», – дейді өзінің жүрек жарды қуанышын жасыра алмаған Қуантай Амантайұлы. Негізінде, мұндай ауқымды жобаны аяқ астынан бастап кеткен «Жетіқоңырдың» ұжымы титықтатқан қиындығына қарамастан, мультфильм жасаудың қыр-сырын меңгеріп үлгергендіктерін айтады. Келесі жолы анимациялық өнім жасау да еш қиналмастан істерін ары қарай жалғастыра бермек.

Р.S: «Мультипликатор, қоюшы режиссер Қайырғали Қасымовтың онлайн конференциясы барысында «Қазақ тілді мультфильмдерді көбірек шығаруға қаржыдан басқа қандай кедергілер бар?» деген сауалымызға жауабы мынандай болған еді: «Жекеменшік студиялар, Шымкент студиялары «Сақ» және «Жебе», Қостанайда «Көкше»… Бұдан бөлек, тағы басқа жеке студиялар «Қазақфильммен» бірігіп түсіріп жатқан түрлі фильмдер бар. Сапалық жағынан да былтырға қарағанда биыл өте тәуір. Оларды екшейтін «Қазақфильмдегі» көркемдік кеңес. Басты қиындық – тақырыпқа анимация тілінде сценарий жазатындар аз».

 

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fourteen =