©2020 Астана Ақшамы
Асық алшы түскен күн
Елордалық мектеп оқушылары асық атудан ашық турнирге қатысты. Астананың 20 жылдығына арналған шара Ұлттық музейдің асықтар алаңында өткен.
Асық ату турнирінің мақсаты – оқушылардың арасында қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін насихаттау. Ұлттық музейдің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторының жетекшісі Айгүл Кемеңгерова асық ату сайысы осымен екінші мәрте өтіп жатыр дейді. «Жарысты Асық ату федерациясымен бірге ұйымдастырдық. Ұлттық ойынның бұл түрі қатысушыларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке үйретеді» дейді ол.
Ашық турнир өткен алаңда төрт жерде асықтар тұр. Белгілі архитектор, суретші Сәкен Нарынов өз туындысын Ұлттық музейге табыстаған екен.
Әр мектептен 6-8-сынып оқушылары таңдап алынып, ұлдар және қыздар тобы іріктелген. Жарыста қыздар – «бес асық», ұлдар «бес табан» ойынын ойнады. Бұдан бұрын да асық ойнап жүрген №48 мектеп оқушысы Құдайберген Балаби жарысқа келді. Баланы әңгімеге тартқанымызда: «Асық атуды ауылдағы балалардан үйрендім. Қаладағылар асық ойнаушы ма еді? Мұнда тек телефонмен ойнайды. Бұл – ащы шындық қой. Ет пен соғымнан кейін асықты жинаймыз, үйде бір қалта асық бар. Бүгінгі жарыста екі рет ұтып, тобымызбен үшінші орынды иелендік» деп ағынан жарылды.
Сайыстың қорытындысы бойынша «бес табан» ойынынан І орынды №38 мектеп-лицейінен келген топ, ІІ орынды №80 мектеп-гимназиясы, ІІІ орынды №48 мектеп-лицейі жеңіп алды. «Бес асық» ойыны бойынша қыздар арасынан І орынды №24 орта мектеп, ІІ орынды №48 мектеп-лицейі еншіледі, ал ІІІ орын №80 мектеп-гимназиясына бұйырды. Бұдан бөлек, сұр мерген, қол мерген, көз мерген аталымдары бойынша үздіктер марапатталды.
Асық ату федерациясының президенті Ескендір Рахметовтің айтуынша, ауыз толтырып айтатын жақсы жаңалықтардың бірі – асық ойыны 2017 жылдың желтоқсанында ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ