«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Асыл

0 297

 Биыл Наурыз мерекесінде қатарынан бес күн демалдық. Үйде жатқаннан кейін бір уақ теледидар қарайсыз. осындайда Халқымыздың ғажайып болмысынан сыр тартатын «Гауһартас» киносын тағы бір құмарым қанып көргім келді.

Бұл туындыға ерекше неге аңсарым ауды? Оның себебі бар. Осы наурыз айының он төртінші жұлдызында аталған фильмдегі бас кейіпкер Тастанды сомдаған Қазақстанның халық әртісі, дарынды актер, асыл азамат, марқұм Әнуар Боранбаевтың туғанына жетпіс жыл болды. Талантты тұлғаның мерейто­йына орайластырып арналардан осы бір ұлттық қазынамызға айналған киноны көрсете ме деп ойлап едім. Бірақ оны ескерген ешкім болмады. Мәселен, Ресейдің арналарында өмірден өткені бар, арамызда тірі жүргені бар, халық қадір тұтқан өнер адамының мерейтойы ешқашан назардан тыс қалмайды. Оның туған күніне орайластырып деректі фильм көрсетеді. Мазмұнды шығармашылық кеш ұйымдас­тырады. Бізде ондай өнеге әлі қалыптаса қойған жоқ. Осылай талай жақсылар ұмытылып барады. Ал Әнуар ағамыз – ешқашан естен кетпейтін тұлға.
Біз сөз етіп отырған көрнек­ті қаламгер Дулат Исабеков­тің повесінің желісі бойынша түсірілген «Гауһартас» фильмі қазақ киносының бір биігі еді ғой. Жетпісінші жылдардың орта кезінде көрерменге жол тарт­қан туынды бірден жұртшылыққа ұнады. Ондағы рөлдерді ойнаған актерлар құрамы да керемет. Бәрі де бір-бір тұлға. Қазақтың қатпарлы мінезді қара шалының бейнесін Кәукен Кенжетаев келісті бейнеледі. Баласына мейірімі түсіп тұратын ана – Әмина Өмірзақова қандай! Ақжүрек Қайыркен ше?! Халқымыздың ибалы келі­нін көркемдеген Жанна Қуаны­шеваға әсем сөз таба алмайсыз. Әсіресе, бір қарағанда жан-дүниесі томырық­тау, бірақ еркектік айбары басым Тастанды Әнуар ағамыз тамаша сомдады. Киноны көріп отырғанда Тас­танды іштей жек көріп отырасыз. Оның Салтанатқа деген қатыгездігін түсіне алмайсыз. Бірақ фильм соңына таман Тас­танның жаны гүлдей нәзік екенін қапысыз ұғасыз. Осы кинодағы Боранбаевтың бейнесі елдің есінде мәңгі қалды.
Алайда арқалы актердің жұлдызы театрда жанды. Алыс ауылдан арман қуып келген боз­бала Құрманғазы атындағы өнер ордасына оқуға түсіп, профессор Рәбиға Қаныбаеваның шеберлік сыныбынан дәріс алды. Одан кейін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына жұмысқа қабылданды. Алғашқы рөлі – ұлы Мұхаңның «Түнгі сарынындағы» Сапа. Оны жас актер сәтті алып шықты. Содан бастап Әнуардың бағы өрлейді. Сол театрға алғаш келген жылдары режиссер Қадыр Жетпісбаев ақын Құдаш Мұқашевтың Ілияс Жансүгіровтің жастық шағынан елес беретін «Дала дастаны» атты спектакльді қойды. Ондағы басты рөл Ілияс Әнуарға бұйырды. Актер бұл рөлге барын салады. Өз бетімен ізденіп, мұқият дайындалады. Ақыры сахнада ақынның бұла кезін керемет көркемдейді. Оған әріптестері мен көрермендер дән риза болады.
Жалпы, өткен ғасырдағы алпысыншы жылдардан қазақ театрының дәуірлеген дәурені басталды. Атақты режиссер Әзір­байжан Мәмбетов қойған драмалық шығармалардың даңқы Одаққа тарады. Міне, сол кезде қасиетті өнер ордасына қайратты жас буын келді. Солардың арасында жасындай жар­қылдап Әнуар жүрді. Жетпісінші жылдардан бастап әкемтеатрда қойылған туындыларды Боранбаевсыз елестету мүмкін емес. Оның өнерге бірге келген замандастары да олқы емес еді. Бәрі де бәйгеге жаратып қосқан жүйріктер болатын. Бірақ солардың ішінде Әнуардың болмысы бөлек болды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Әуезов театрының сахнасында 70-ке жуық рөлде ойнап, нағыз майталманға ай­налды. Театр өнерін биікке кө­терді. Ол жайында Әшірбек Сы­ғайдан асырып айту мүмкін емес. «Тарихи һәм осы заманғы қаһар­мандарымен шұрқыраса табысып, өнер жанкүйерлеріне әрдайым көл-көсір эстетикалық қуаныш сыйлаған актер Ілияс, Сырым, Әубәкір, Люченцио, Бірсімбай, Незнамов, Жадаев, Уильям Кэтсби, Сотанвиль, Сабырбаев, Тұрсынбай, Еламан, Момын шал сынды сан ұлт өкілдері мен әр дәуір адамдарының өміршең шежірелерін «тірілтті». Кейіпкер бойына қан жүгіртіп, тірі кеудеге жан беретін актерлік тылсым сиқырдың барлық сырларын меңгерген сахна шебері» дейді белгілі театр сыншысы.
Дарынды өнерпаз қазақ киносын дамытуға да елеулі үлес қосты. «Түрксіб туралы ән» – Т.Рысқұлов, «Орал от ішінде» – Таңатаров, «Жұлдызыңды өшірме» – Қасымов, «Соңғы көш» – әке, «Жау тылындағы майданда» Байсанбаев секілді бірнеше бейнелерді ойнады. Асыл азамат көзі тірісінде туған жерінің баһадүр батырлары Амангелді Иманов пен Кейкі Көкембайұлының қаһарман бейнелерін кинода көркемдесем деп армандапты. Бірақ жұмыр басты пендеге арман деген арғымақ жалын ұс­тата бере ме?!
Актермен жақын сыйласқандар оның адами болмысы туралы да тамсанып айтады. Бұл туралы достарының жазған естеліктері жетерлік. Ол кісінің елде кішкентайдан бірге өскен Айтбай Шүкенов деген досы бар. Әнуар аға ауылға келгенде Айтбай аға екеуі үнемі бірге жүреді. Өзенге суға түседі, балық аулайды. Атқа мінеді. Елдің адамдарымен жүздеседі. Қазір Айтекең – зейнеткер. Ауылдың бір қазыналы қариясы. Жан досы жайында толғанып сөйлейді. «Әнуар екеуміздің дос­тығымыз алғашқы бала күннен танысып, табысқан күн мен мәңгі қош айтысқан күннің арасына созылған 45 жыл екен. Оның азаматтығы, мінезінің кеңдігі, кісілік келбеті, қазақы қасиеті оны бас­қалардан ерекшелеп тұратын. Ақылды, адалдықты, кішілікті ол өмірдің өзінен үйрене біліп өскен табиғаттың сирек тұлғасы іспеттес еді» деп сағынады.
Әманда, өнер жолы атан түйе теңдеп тартқан жүктей ауыр. Әсіресе, қара үзіп келген жүйріктердің тағдыры күрделілеу. Әнуардың өмірі қызыққа толы болды дей алмаймыз. Ғұмырының соңғы жылдарында көп бейнет көрді. Болашағынан үміт күткен ұлы оқыста қаза болды. Жағасына ауыр дерт жармасып, ақыры бір аяғынан айырылды. Киелі сахнамен қоштасуға тура келді. Ол театрдан кетерде жата қалып еденді құшты дейді көзкөргендер. Қабырғалы суреткер Сәкен сері Жүнісов осы кездегі актердің ішкі ой күйзелісін былайша өреді. «Егер бұдан былай қойылымдарға қатынаса алмасам да, театрға келуден бір күн де тыйылмаймын. Кешегі сахнаның қадау-қадау қазықтарындай, ата-әжелерімнің, аға-апаларымның көтеріп кеткен өнер ғимаратының сақшысы болсам да, академиялық театрдың атын жоғалтпай, затын жүдетпей ұстаса екен деп өзімнен ке­йінгі ұрпаққа күнде ақылымды айтып, мысқылдай пайдам тие берсін деп армандаймын» деп толғаныпты. Кейін ағамыз сах­наға қайта оралды. Өнерін са­ғын­ған көрерменімен қауышты. Он үштен астам рөлдерді ойнады. Ақыры айналдырған дерт талантты актерді елу екі жасқа қараған шағында алып тынды.
Оған жаңа мыңжылдықтың дәмін тату бұйырмады.

* * *
Міне, содан бері доптай зымырап жиырма жылдай уақыт өтті. Туған елі ардақты ұлын ұмытқан емес. 2000 жылы Қостанай облысының Аманкелді ауданының орталығындағы №4 мектепке Әнуар Боранбаевтың есімі берілді. Мектеп жанынан мұражай мен актердің еңселі ескерткіші орнатылды. 2006 жылы Арқалық қаласында Ә.Боранбаев атындағы кинотеатр ашылды. Жақында ағамыздың жетпіс жылдығына орай актердің жұбайы Ақбөпе мен қызы және туыстары елге барып, туған жерінде еске алу кешін өткізіп, ас берді.
Ертеректе ауылдағы ақсақалдар арамызда жоқ бұрынғы жақсылар туралы әңгіме айтқанда «ол қайта тумайтын адамның асылы еді ғой» деп тамсанып отыратын. Шындығында, жігіттіктің жалауын желбіретіп, өмір мен өнерде еркін жүріп, артына өшпес із қалдырған Әнуар ағамыз да жарық дүниеге екі қайта келмейтін адамның асылы болды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды