Асыл қазына қайнары

0 20

«Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында онлайн концерт берді.Қазіргі қысылтаяң кезде көрермендерді классикалық музыканың қайнарына қандырған талантты әншінің бағдарламасына жиырмадан астам туындылар енген. Бұл концертке бірегей өнер ордасының солисі екі аптадай уақыт дайындалған.
Кеш шымылдығы «Ақбаян», «Дударай», «Дедімай-ау» деген асыл қазынамызға айналған халық әндерімен ашылып, оларды әнші тамылжыта шырқады. Одан кейін романс тыңдағанды жақсы көретін жұртшылыққа Н.Зубовтың «Не уходи, побудь со мною», «Жестокий романс» кинофильмінен А.Петровтың «А напоследок я скажу», «Любовь – прекрасная страна», Б.Фоминнің «Только раз» атты нәзік сезімге бөлейтін туындыларын ұсынды. Шетелдік композиторлардың шығармалары да шет қалмады.
Салтанат Ахметова – көптеген халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып, ел абыро­йын биікке көтеріп жүрген дарын иесі. Әсіресе, 2011 жылы Италияда өткен «Villa in canto» халықаралық бай­қауында, 2014 жылы Ресейдегі «Большая опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы болған. Әлемге әйгілі маэстролардың шеберлік сабақтарынан тәлім алған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + ten =