АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

0 123

– Тарихи тұлғалармен бір сәтке ғана жүздескеннің өзі мәңгі бақи жадыңда қалады. Оның саған көрсеткен ықыласы, айтқан лебіздері күш-қуат береді екен – деп бастады әңгімесін ардагер ағамыз Зейнолла Шайдаров.

… 1979 жылы Зекең сол кездегі Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы еді. «Мәскеуден КОКП Орталық Комитетінің ауыр машина жасау бөлімінің жауапты қызметкері басқарған арнайы топ келе жатыр» деген хабар түсті. Әуежайдан қарсы алған соң, меймандар Қазақстан индустриясы алыптарының бірі – Теміртауға, одан Қарағандыға жетпек ойларын білдірді. Целиноград әуежайына көктен түсе қалулары себебі – Қарағандыдағы ауа райы қолайсызданып, дауыл соғып, жаңбыр жауған. Зейнолла Мұхамеджанұлы обкомның екінші хатшысы ретінде қаладағы

«Целинауылмаш», «Қазақауылмаш», насос зауыты секілді ондаған өнеркәсіп орындарының жұмыстарын қадағалайтын. Бұларға қоса, облыстың қарауында Степногорқаласындағы КСРО орта машина жасау министрлігіне тікелей бағынатын қорғаныс өнімдерін шығаратын құпия зауыттар да бар. Бәрі партияның қырағы назарында…

Қалаға келісімен мәскеулік меймандар бірден Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көмекшісімен телефон арқылы сөйлесті. Бүкіл кеңестер одағындағы облыс хатшыларының ішіндегі ерекше алғырлығымен, терең білімімен таныла бастаған жігерлі азамат Нұрсұлтан Әбішұлымен Зекең осыған дейін бетпе-бет жақын жүздеспеген болатын.

– Нұрекең де сол жылдары мен секілді Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы ретінде өнеркәсіп саласына жетекшілік ететін. Бірақ, тәжірибесі мол, басшылыққа өндірістің қайнаған ортасынан келгендіктен, саланы жан-жақты, терең білетін. Бұл қасиеттерін Алматыдағы жиналыстарда сөйлеген сөздерінен, республика мен одақ басшылықтарының пікірлерінен де аңғаратынбыз.

Қызметіме жаңадан тағайындалғандықтан, ол кісімен әлі жете танысып үлгермеген едім. Енді жүздесудің сәті түсеріне іштей қуандым – дейді, сол күндерді еске алған Зекең…

… Содан мәскеулік қонақтар Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Зейнолла Шайдаровты ертіп, Қарағандыны бетке ұстап, автокөліктермен жолға шықты. КОПК Орталық Комитетінің жауапты қызметкері бастаған топты облыстың Қарағанды өңірімен шектесетін жерінде Вишнев ауданының басшысы Хабибуллин, сол аймақпен қанаттас жатқан Қарағанды облысы Осакаровка ауданының бірінші хатшысы Ивановалар қарсы алды.

Меймандар «Бірсуат» кеңшарының іргесіндегі айдыны шалқар көлдің жағасына қойылған вагоншаға аялдады. Жұрт көліктерінен түсіп, бойларын жазып үлгергенше, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жетті.

Жанарынан жігер оты ұшқындаған, балуан тұлғалы, отызды орталап қалған жігерлі хатшының қарулы қолдары амандасқан елге ісінде де, қимылында да мәрттігі басым ер жігітпен жүздесіп тұрғандарын бірден аңғартқандай болды. Әлгінде ғана жүзіне қарақошқыл бұлты үйіріле бастаған алтын күздің арайлы аспаны сол сәтте жадырай ашылып, шуағын шаша қалды.

Көл маңы сайраған құстардың үндерімен тербеліп-ақ тұр. Жайдары дидарынан адамдарға деген жақындықтың, ашықтықтың, адалдықтың лебі ескен Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш көріп тұрған Зекең: «Нұрсұлтан десе, Нұрсұлтан екен, сірә, жаны да нұрлы жігіт болар» деп, іштей ой түйіп үлгерді.

Қатар жатқан екі облыстың өнеркәсіп саласын қадағалап, басшылық жасап отырған қос хатшы осыдан соң тікелей телефон желісі арқылы ақылдасып, күрмеуі қиын істерді тізе қоса шешетін болды. Зекеңнің айтуына қарағанда, өзінің өнеркәсіптегі жолын домна пешінен бастаған Нұрсұлтан Әбішұлының саланы терең білетіні, қандай да бір жайлардың алдын болжай алатындығы, болжап қана қоймай, оны шешудің оңтайлы әдістерін таба кететіндігі әріптестеріне көп жәрдемдескен. Көмектесуге келгенде, еш аянып қалмайтын, Нұрсұлтан Әбішұлының адамгершілігі қашаннан да атқан таңдай шуақ шашып тұрушы еді…

– Шынымды айтсам, бұл кісінің білімі, іскерлігі, алғырлығы Қазақстандағы ғана емес, бүкіл КСРО республикаларының облыстары мен өлкелеріндегі партияның өнеркәсіп жөніндегі хатшыларының қай-қайсысынан да көш ілгерілігі, әсіресе, Мәскеуге жиналғанымызда айқын сезіліп тұратын. Арамызда осындай тамаша білікті жанның болғанын біздер, қазақстандықтар, орынды мақтан ететінбіз. Түбінде, Нұрекеңнің облыстық аядан да жоғары самғарына күмән келтірмейтінбіз – дейді, Зекең толғанып…

…Енді бірде Целиноград облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Зейнолла Шайдаров әдеттегідей кабинетінде жұмыс істеп отырған.. Оң қапталындағы ішкі телефон баяу сыңғырлай қалды. Обкомның идеология жөніндегі хатшысы Мағауия Есмағамбетова екен.

– Зеке, әлгінде Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы телефон соқты. Боран соғып кетуіне байланысты Мәскеуден келе жатқан ұшақ Қарағандыға емес,
Целиноградқа қонады екен. Ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы бар көрінеді. Сол кісіні аэропорттан қарсы алуымызды өтінді, – деді.

– Әрине Нұрекедей асыл азаматтың алдынан шығып, қолдан келер құрмет-қошеметтерімізді көрсету парызымыз емес пе!.. – деді Зекең. Ұстаз, ақылшы, тәлімгердей болып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлымен тағы да бір дидарласудың сәті келгелі тұрғанына шын қуанды. Траптан нық басып түсіп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы қарсы алып тұрғандарға ілтипатпен амандасып, «неге әуре болдыңыздар, обкомдарыңды өзім-ақ тауып баратын едім ғой» деп жатыр жарқылдап.

Бұдан соң обком басшылары сол кездегі Целиноград аэропортындағы депутаттар бөлмесіне шағын дастархан жайып, қонаққа құрмет көрсетті. Қарсы алушы әріптестерінің көкейлерінде Мәскеу сапары жайлы сауал тұрғанын жүздерінен аңғарғандай болған сезімтал Нұрсұлтан Әбішұлы енді бір сәттерде әңгімені өзі бастады.

– Өзіміздің Орталық Комитеттің хатшылығына келісімімді беріп, Мәскеуден бекіп келе жатқан жәй бар, жігіттер. Республикамыздың өнеркәсіп саласының өркенін енді сіздермен білек біріктіре, бірге көтеруге күш жұмсайтын боламыз, солай емес пе,Зеке, – деді Нұрекең отырғандардың ішінен Зейнолла Шайдаровты жанарымен іздеп, тауып алып.

…Содан Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы қызметін жемісті атқара бастады.
Өзіне де, өзгеге де әділ талап қоя білетін қайраткер азамат облыстардан телефон шалып, ақыл- кеңес сұрап жататындарға: «неге мазалай бересіңдер» демейтін. Қайта, не жайлы білгің келсе де, жан-жақты баяндап, қай мәселенің де тамырына үңілтіп, тіпті, шешілер жолдарына дейін айтып жөн сілтейтін.

…Бірде обкомның екінші хатшысының кабинетіндегі телефондардың бірі сыңғыр етті. Алматыдан, Нұрекеңнің көмекшісі екен. Арғы жақтан Нұрсұлтан Әбішұлының жұмсақ үні естілді..

– Зеке, жолға дайындала беріңіз. Амандық болса, Шымкентте республика облыстарының ауыр өнеркәсіп жөніндегі хатшыларын жинамақпыз. Өздеріңіздегі ірі зауыттардың басшылары мен жетекші мамандарынан 10-15 адамды іріктеп, ала келетін болыңыз, – деді Нұрекең.

Бұл – 1982 жылдың маусым айы еді. Көк желегі құлпырып, аспанының нілі тұнған жер жаннаты Шымкентке целиноградтықтар «Ан-24» ұшағымен қонды. Обкомның бірінші хатшысы ол жылдары қазақтың маңдайы жарқыраған асыл азаматтарының бірі – Асанбай Асқаров болатын.

Нұрсұлтан Әбішұлы бастап, Асанбай Асқаров пен облаткомның төрағасы Жамалбек Шаймерденовтер қостап, республиканың барлық облыстарынан обком хатшыларының жетекшілігімен келген делегациялардың мүшелері қаланың оңтүстік өлкесінің ірі өнеркәсіп ошақтарымен танысып, асықпай аралады. Оң тәжірибелерін көзбен көріп, қолымен ұстап, көңілдеріне де түйді. Үш күндік тәжірибе алмасу сапарының соңында Шымкентте үлкен жиналыс өтіп, онда республика өнеркәсібінің алдындағы келелі міндеттер мен толғақты жайлардың шешер жолдарын саралап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйледі. Қазақстан өнеркәсіпшілері сол сапарларынан жұмыстарына серпін берер, арқау болар бағыт-бағдарлар алып қайтты…

Айтпақшы, Шымкенттен аттанарда бір қызық жәй болған.. Аймақтарына ұшар күні өңірлерден келген азаматтар қаланың орталық саябағында ағаштар отырғызды. Неге екені белгісіз, Нұрсұлтан Әбішұлына әжептәуір жетіліп қалған, үлкендеу тал көшеті тиіпті.. Соны көрген Нұрекең Асанбай Асқаровқа:

– Асеке, маған осыншалық биігін бұйыртқаныңыз қалай? Әлде, ауырлау болсын деп, Орталық Комитеттің хатшысына әдейі үлкенін беріп тұрсыз ба? – деді әзілдеп.. Сонда қазақтың асыл азаматы Асанбай Асқаров Нұрекеңнің қолына әлгі желегі жайқалып, әжептәуір өсіп қалған көшетті ұстатып тұрып:

– Нұрсұлтан, айналайын, сіздің келешекте бұдан үлкен биіктерден көрінеріңізге сенемін. Мына өзіңіз отырғызатын ағашыңыз сол  биіктерге жеткеніңізде мәуелі бәйтерек боларына күмән жоқ, – деді. Көшеттің өскелеңдігіне қарағанда, оның бәйтерек болып жетілуіне де көп жылдар қалмасын ел сезді де, Асанбай Асқаровтың да осыны меңзеп, тілек етіп тұрғанын аңғарысып, іштей риза болысты.

…– Сөз түйіні ыңғайында, ақсақал ретінде айтарым, бүгінгідей ғаламдық дағдарыс қаупі әлі сейілмей тұрған кезде Елбасымыздың маңына бұрынғыдан да тығыз топтасып, білек біріктіре еңбек етуіміз керек. Осындай көшбасшымыз барда, халықтың бақадыры баянды болары анық – деп, естелігін тәмәмдады Зейнолла Шайдаров ағамыз.

Смағұл РАХЫМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 19 =