АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

0 311

АРЫНДЫ АҚЫН, ДАРЫНДЫ ҒАЛЫМ БҮРКІТ ЫСҚАҚОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Бота коллаж

Еркіндікке ұмтылу ерлігі

Бар мен жоқтың тұтастығындай адамзат баласының жаратылысына әу бастан бостан тірлік, еркін тұрмыс аңсарын бұйыртулы. Бір тамшы су, кесек қаннан жара­лып, ана жатырында тоғыз ай же­тіл­ген шарананың да кесімді сәті келгенде бұлқынып, жарық дүние, шексіз кеңістікке шығуға асығуының өзі-ақ пенде атаулы азат­тық мұратына бейсана шақтан бейілді екенін аңғартса керек. Содан… тал бесікке бөлеген кезде ты­пырлап, аяқ-қолын таңғыштан босатуға талпынған бөбектің қылығында да еркін шектеп, құл­қын құрықтаған үстемдік кө­рі­нісіне наразылық жатқанын, сол қарсылық ақтық демін алып, жер бесікке жамбасы тигенше өмірінің мәніне айналуы ықтимал мінез ыспаты екенін көзге түртіп, көңілге ұялатады.

 Жалпы, тілімізде «дербестік», «ие­­мен­дік», «тәуелсіздік», «бос­­­тан­дық», «азаттық» атау­ла­рының баламасындай Еркіндік фе­номені жеке адам, дара тұлға өмірінің алуан қырын қамти отырып, әртүрлі әдіпте: айталық, билікпен арақатынасына қарай – саяси, ішкі жан-дүниесі мен экзи­стенциалистік мұғдарына орай пәлсапалық қырынан көрі­неді; сондай-ақ, «еркіндік – мән­дердің мәні, себебі, ол – адамның субъективті күйі ғана емес, дүниедегі ерекше болмысы» екенін алға тартқан маман-ғалымдар (проф. Қ.Әбішев) оның ой-санадағы түрлі тыйымдар мен күмән-қорқыныштарға байланысты – психологиялық, табиғи және азаматтық әрекеттеріне байланысты – құқықтық, меншікке қатысына қарай – экономикалық, ал, тіпті, мемлекеттік билеу ны­санына орай ұлт азаттығы ма­ғынасында қолданылатынын са­ра­лайды. Міне, бірнеше ғасыр бойы отаршылдық езгі мен то­талитарлық қысымнан жапа ше­гіп, тың дәуір табалдырығында ғана мемлекеттік тәуелсіздігіне қауышқан алаш жұртының сонау сақ, ғұндардан бастау алар байтақ тарихына адами еркіндік пен ұлт азаттығы аңсары алтын арқау, күміс өзек тартқаны мағлұм. Тіпті, әлемдік империя – Алтын Орда дәргейіне көнбей, «еншіге» Ащыбас-Шатты алып, Үстірт үстіне «Есен түлейін» құрған қазақы (еркін) тайпалар одағы мен шейбани әулетінің ыр­қынан шығып, Қозыбасқа дербес ту тіккен Қазақ хандығы түзген күрес шежіресінің күр­меуін тар­қатып жатпай-ақ, ақ патша­лар мен қызыл көсемдер тұсында да тіні үзілмеген  ұлт-азаттық көтерілістерінің, ХХ ғасыр басындағы алашшыл қа­зақ зиялыларының саяси арпа­лыстарының кешегі 1986 жылғы  Желтоқсан қозғалысына ұласар хронологиялық тізбегінен халқы­мыздың азаттық рухының эволюциясына куә бола аламыз. Азат­тық аңсарын ардақ тұтқан ұлттық сананың темір құрсау, қайыс ноқтадай кеңестік-ста­линдік кезеңде де серпіні кері қайтпай, тарихи жад концепті ретінде Қазақстанның әр жерінде жаңғырып, кез келген кезеңде бой көрсетіп отырғанын естен шығармай, елеп-ескере жүрсек, қане. Мәселен, 1941 жылы Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында астыртын саяси ұйым – «Қазақ халқын қорғаушылар одағын» құрып (жетекшісі –                    1 курс студенті Ғұбайдолла Көше­ков), Қазақстанды Кеңес Ода­ғының құрамынан шығару, саяси тұрғыдан тәуелсіз, экономикалық жағынан дербес ұлттық-әлеу­меттік республика құру үшін әрекет еткенін де, сол ұйымның он төрт мүшесі тұтқындалып, жергілікті НКВД-ның айрықша кеңесінің («үштіктің») шешімі­мен аяусыз жазаланып, атылып, асылғанын да қазір екінің бірі біле бермейді. Тап сол сияқты…

Осы жылдары Қарағанды мұғә­лімдер институтының студенті, болашақ ақын әрі ғалым Бүркіт Ысқақовтың қазақ халқын еркіндікке жеткізіп, басын азат, тұрмысын бостан етуге ниетті жастардан «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») ұйымын құрып, футурологиялық бағдарламалар жасақтауы да, аракідік сөз ләмін­де, естеліктер ағымында айтылып қалатыны болмаса, баршаның назарынан тасаланып, қатпары қалың тарихтың жабулы қалған парақтарының бірі. Сол жылдары оның қасында жүрген ниеттес досы, саяси серігі, ардагер ұстаз, белгілі қаламгер Махмет Темірұлы кейін «Азаттық аңсап азап шеккендер» кітабында (Алматы, «Арыс», 2013 ж., 13-14 беттер) өткенді еске алып: «Елімізді коммунист партиясы емес, Алаш партиясы билесе, қазақ халқы ешқандай күйзеліске ұшырамаған болар еді. Қазақтар аштықтан жаппай қырылып жатқанда компартия ешқандай назар аудармай, «Біздің елде бәрі де бар, бәрі де тамаша» деп жүре берді. Қазақтар біржола құрып кетсе де қиналып, қайғыратын түрі болмады.

Келешекте елін шексіз сүйетін, тек қана халықтың қамын ойлайтын, халық үшін жан аямай қызмет ететін партия керек. Ендеше, ондай партияны өзіміз құрып алуымыз керек дестік. Ондай партияны қалай атауымыз керек деген ой көп толғандырды. Әуелі «Жас Алаш» деп атамақ болдық. Мұны қойып, «Жас қазақ» демек болдық. Ақыры, «Елін сүйген ерлер партиясы» /ЕСЕП/ деп атадық.

– Өзінің аты көрсетіп тұр­ғандай-ақ, біздің партия, біздің ұйым нағыз халыққа қызмет ете­тін партия болмай ма? – деді Бүркіт маған күлімдеп қарап» деп жазады.

Бұғауға басы сыймаған Бүркіт

 Әрине, себепсіз салдар жоқ.

Хал-қадірі жеткенше халқына қызмет етіп, соның ғана жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын партия құру мұраты Бүркіттің көкейінде жалаң аяқ, сидам сирақ бала шағында бүршік жарғаны анық. 1924 жылдың 4 қарашасында қа­зіргі Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Көкмөлдір өзені­нің жағасында дүниеге келген ол өзінің кіндік қаны тамған атажұртын, самиян самал желпіген сабатты Сарыарқа төсін, ұшқан құстың қанаты талардай даңғайыр қазақ даласын жанындай жақсы көріп, балауса өлең-жырларын арнады:

Жағасында Нұраның

Жер бар,

Аты – Көкмөлдір.

Болғанмен бірі жыраның,

Суы қандай мөп-мөлдір!..

 

 …Атам соны қоныс қып,

Мен де сонда туыппын.

Сонан маған ол ыстық,

Сондықтан, ол – сүйіктім!

Атасы атын суарып, әжесі жүзін шайған сол сүйікті Көкмөлдір-Нұрасының текеметтей түрленген төскейі, құнарлы жағалауы тәрізді сулы-нулы өңірлерді ауызы – ас, жамбасы жер талғамайтын отар­шыл елдің өкілдері топырлай жайлап, обырдай жалмап алып, жергілікті жұртты өзектен тепкендей қиян шет, қуаң далаға ығыстырып шығарғанын, жал­пы, өз ұясында қанаты күй­ген қарлығаш сынды қазақ ұлты­ның атажұртта әлеуметтік-сая­си әділетсіздікке ұшырап, ашар­шылық пен жоқ-жітіктен шы­бындай қырылған аянышты хәлін  кішкентайынан көріп өскен бала Бүркіт қаумалаған көп сұрақ тұйығына қамалатын. Содан да шығар, Нұра ауданының орталығы – Казгородоктағы мек­тепте оқып жүрген бозбала шағында-ақ «Жас қалам» әдеби үйірмесін ұйымдастырған ол алдыңғы буын  атап-түстемек түгіл есімдерін еске алуға тайсақтайтын Алаш қайраткерлерінің латын қарпімен басылған шығармаларын үйірме мүшелеріне таныстырып, көкейде тұнған мың сан сауалдың тыңғылықты жауабын тінте, талай түн жамыла өзара талқыға салатын, тартысқа түсетін. Ақыры, халық қамы, ұлт азаттығы жолында жандарын пида еткен Алаш арыстарының еркіндікке құштар ерлігі мен мемлекетшіл рух өрлігі бойларына дарыған бір топ жас кешегі ұлтжанды азаматтардың бәрін «халық жауы» деген жа­дағай жаламен шаламдай қырқып, баудай түсірген қызыл террордың зобалаң-зардабы әлі сейіліп үлгермеген шақта, қырқыншы жылдардың басында «Елін сүйген ерлер партиясын» құруға бел буады.

Алғашқы құрылтай жиналысында оған Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров мүше болады. Бұлар – екі жылдық Қарағанды мұғәлімдер институтында оқып жүрген студенттер еді. Сондай-ақ, ауылда тұратын пікірлес достары: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұ­қанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұ­қанов, Балапан Сәкібаев, Орын­бай Сауқанов, Сайдали Кен­жебаев (кейіннен Мақуов), Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбеков те қатарға қосылады. Студенттер мен оқушылар арасында аса сақтықпен жүргізілген үгіт-наси­хат жұмыстарының арқасында халықшыл партияның құпия мүшелерінің саны біртіндеп арта түседі. Бүркіттің өзі институттың қазақ тілі мен әдебиеті, тарих факультеттері студенттерінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қарағанды қаласының маңдайына басқан жалғыз қазақы оқу орны – Жамбыл атындағы орта мектеп оқушыларының арасына барып, ұлттық намыстарын үрлеп оятуға жалықпайтын, тіпті, тіл кесіліп, бас кетердей батыл пікірлерін айта салудан іркілмейтін оның мінезі құрбы-құрдастарын тәнті ететін. Сол жылдары оның сыйлас, пікірлес  болған белгілі ақын Жаппар Өмірбеков «Қайсар, тынымсыз ғалым» атты бас бұғауға сыймай өткен досының 70 жылдығына арналған мақаласында(«Орталық Қазақстан», 10 желтоқсан, 1994 жыл): «Ол жасынан өзінше ойлап, көзқарасын ашық айтып жүретін. Соғыс уақытында Сталин туралы бір ауыз өлең шығарғаны есімде:

Жастарды айдап ұрысқа,

Қарттарды айдап жұмысқа,

Қан қақсатты халықты,

Осынысы дұрыс па?!

Ол кезде мұндай өлең үшін жазалау орындарына түссе, соттап жіберетін» деп жазады.

Міне, Бүркіт Ибрагимұлы осы­лайша ұйқыдағы ұлт санасын серпілтіп, азаттық аңсарын ас­қақтатуға құмбыл «елін сүйген ерлердің» рухани жаршысына, саяси дем салушысына айналады. Көздеген мақсаттарына жетіп, діттеген міндеттерін орындау үшін өз бағдарламалары мен ішкі ережелерін түзеді.

1942 жылы әскер қатарына алынып, фашистік Германия мен импералистік Жапонияға қарсы қан майданға бастан-аяқ қатысқанда да, одан аман-сау оралып,  ҚазМУ-дің филология факультетін оқып бітіргенде де бала күннен бағдар тұтқан азаттық аңсарына адалдықтан айнымайды. Студент кезінен кіріккен «Лениншіл жас» газетінің редакциясында жауапты хатшы қыз­метін атқара жүріп, 1948 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасына түскен ол көрнекті әдебиеттанушы ғалым Е.Ыс­майыловтың жетекшілігімен «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» тақырыбын таң­дайды. 1949 жылдың жазында кандидаттық минимумдарын тап­сырып, 1951 жылдың күзінде ғы­лы­ми жұмысын қорғап шығуды діттеп жүрген шағында Арқада бастаған істерін Алматыда да астыртын жалғастырып жүрген «ЕСЕП» партиясының  мүшелері де, Бүркіт Ибрагимұлының жеке басы да күтпеген оқиғаға килігеді. Ақ дені – алғыс, қара дегені  –қарғысқа айналатын бүкіл одақ­тық «Правда» газетінің 1950 жыл­ғы 26 желтоқсанындағы нө­мі­рінде Т.Шойынбаев, Х.Ай­да­рова, А.Якунин деген автор­лардың «Қазақстан тари­хы мәселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген аты шулы мақаласы жарияла­нып, ол КСРО  ҒА Тарих инс­титутының ғылыми кеңесінде талқыланып, тарихшы-ғалым Ер­мұхан Бекмахановтың Кенесары хан бастаған ұлт азаттығы көте­рілісі туралы монографиясына «саяси-теориялық тұрғыдан, атап айтқанда, буржуазиялық-ұлт­шылдық тұрғыдан жазылған зиянды, теріс еңбек» деген ұрда-жық баға беріледі. Сол, сол-ақ екен, Қазақстан аумағында тырнақ астынан – кір, жар басынан жау іздейтін  кезекті саяси қуғын-сүргін науқаны басталады да кетеді. Мынадай көпе-көрінеу қиянатқа, ұлт намысын таптайтын бұратартушылыққа көкірегінде оты бар Бүркіт сияқты елжанды азаматтар шыдай алмайды: ол «ЕСЕП» партиясының мү­шелерімен ақылдаса келе, Бек­махановтың көзғарасын қолдап, Кенесары Қасымұлы қозғалысы – қазақтың хандық дәуірін аң­саған феодалдық-монархиялық ұлтшылдықтың көрінісі емес, отаршылдыққа қарсы бағыт­тал­ған бұқаралық күрес, ұлт азаттығы жолындағы көтеріліс  екенін дәлелдеп, «Правда» газетінің өзіне хат жазуға келіседі. Бірақ, сол кезде әр үш адамның бірі – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің «салпаңқұлағы» еді. Сөйтіп, 1951 жылдың 18 қаңтарында Бүркітті қауіпсіздік комитетінің адамдары жұмыс орнында тұтқынға алады; алты ай тергеуден соң саяси серіктестері – Махмет Теміров және Айтбай Нәрешевпен бірге оны Қазақ КСР Жоғарғы Соты РСФСР  Қылмыстық істер кодексінің 58-10, 58-11-баптарының 2-тар­ма­ғы бойынша айыптап, 25 жыл мерзімге соттайды, оған қо­сымша 5 жылға азаматтық құ­қынан айырады. Жезқазған өңі­рінің Кеңгір елді мекеніндегі «Степлаг» лаге­рінде азап пен мазаққа толы бес жылын өтейді. Орта Азия республикалары мен Қазақстанды Кеңес Одағының құрамынан бөлек шығарып, буржуазиялық ұлттық мемлекет құруды мақсат еткен, кеңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салулы әдеби кітаптарды таратып отырған деген тәрізді айыпты арқалап астыртын ұйымның өзге мүшелері де – Рамазан Нәрешев, Мұстахым Азанбаев, Жекен Қалиев – 10 жылға, Адырбек Аманқұлов 8 жылға бас бостандықтарынан айырылады..

«Бұл айыптау біздер үшін жабылған жала емес, нағыз шындық. Қолымыздан келмесе де солай болса-ау деп арман­дағанымыз рас еді» дейді бүгінде «ЕСЕП» мүшелерінің бірі, Бүркіттің жақын серігі Махмет Темірұлы өз естелігінде.

Иә, қарын тойдырып, қарақан бас қамын күйттеуді мансұқтап, туған ел бірлігі, өскен жер тұтас­тығы үшін ғана қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған қыршындай қазақ жастары бүгінде «нағыз шындығына» жетті, аң­сар тұтқан армандары орындалып, еліміз тәуелсіз, өзгелермен терезесі тең мемлекет құрды…

 

СЕНІҢ ОТАНЫҢ

Көп аузынан түспейтін,

«Отан» деген немене?

Оның тұлға, түс, кейпін,

Достым, білгің келе ме?

Отан –  сенің ата-анаң,

Отан –  досың, бауырың.

Отан –  өлкең, астанаң

Отан – аудан, ауылың.

Отан – тарих,  Отан – тіл,

Жасаған елің, өз халқың.

Отан – өлең, Отан – жыр,

Көтерген көкке ел даңқын.

Отан – осы, достарым,

Көңілге мұны түйе біл!

«Отан» деп өс, жас қауым,

Оны ардақтап сүйе біл!

 

Бүркіт ЫСҚАҚОВ

 

 Қарлығаштың құйрығы неге айыр?

«Таң атпасына күн қоймайды» демекші, аспан асты, жер үстін жауылғы бұлттай түйліккен түнек күш – зорлық пен зомбылықтың мәңгілік жайлауы  мүмкін емес, әйтеуір, түбінде алды-артына алтын шуақ үйіріп, әділеттің де салтанат құрары анық іс екен.

Үш жыл болды, жігіттер,

Отырғалы тұтқында.

Ұшты талай үміттер

Жолдас болған тұтқынға…

 

 …Алда әлі – жиырма екі,

Көз жетпейді шетіне.

Болар бірақ бір реті,

Бекіне түс, бекіне! –

деп, тар қапас – түрме қабыр­ғасында да қаламын қолынан тастамай «бір реті боларына бекінген», үмітсіздікпен торық­пай, керісінше, күрескер рухы «кетілген сайын жетілген» Бүр­кіт Ибрагимұлы да күндердің бір күнінде азаттықтың  ақ таңы арайлап атарына алғаусыз сенгені анық.

Иә, Кеңес Одағының ішкі-идео­логиялық ахуалына азды-көпті «жылымық» жүгіртіп, тота­литаризмнің тоң мұзын жібіткен 1956 жылғы  СОКП-ның атақты  ХХ съезінің шешімдері бет қаратпай келген кесір – жеке басқа табынушылықты батыл әшкерелеп, коммунистік пар­тия­ның саясатына ішінара өзгерістер енгізуі арқылы жазықсыз жапа шеккен қазақ  ұлты зиялыларының тағдырына да  ақ сәулесін түсір­ген еді. КСРО Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі колле­гиясының 1956 жылғы 17 қарашадағы қаулысы бойынша бір топ жолдастарымен бірге Бүркіт Ысқақов та толық ақталып, бостандыққа шыққаннан кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылданады. 1970 жылы 12 маусымда, Қазақ  КСР Ғылым Акаде­миясының филология ғы­лым­дары жөніндегі біріккен ғы­лыми кеңесінің мәжілісінде «Қазақ-татар әдебиеттерінің байланысы (даму кезеңдері)» деген тақырыпта диссертация­сын қорғайды. Содан қазақ және Еділ бойы халықтарының әдебиетіндегі идеялық-жасам­паз­дық байланыстардың генезисі мен тәсілдік қырларын зерттеп, ізерлеуге барша уақыты мен мүмкіндігін сарп ете жүріп, бала күннен  серігі – әдеби шы­ғар­машылық машығына адал­дықтан әсте бір айныған емес. Бос­­тандыққа шыққан бойда «Сенің Отаның», «Өнерпаз болсаң…» сияқты «бейкүнә» кітаптар жазып, кейінгі жылдары «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Жеткіншек», «Әлімнің әлегі», «Өлеңді жылдар», «Шындық даусы» атты то­лымды жыр жинақтарын бас­­падан шығарған ол балғын оқырмандарға арналған «Кішкене театр», «Кішкене көмекші» деген шығармаларын да жария­лайды. Әсіресе, қазақ балалар әдебиетінде қайталанбас орны бар шоқтығы биік шығармаларының бірегейі – «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» атты өлең­мен жазылған ертегісі еді. 1966 жылы «Қазақфильм» киностудиясы режиссер Әмен Хай­даровтың  жетекшілігімен осы шы­­ғарманың негізінде қазақ кино­өнері тарихындағы тұңғыш мульт­фильмді түсірген еді. Онда сценарий авторы әлмисақтан арасы бітіспеген ізгілік пен жауыздықтың айқасын арқау етіп, қанша қауқарлы болса да қарау пиғыл озбыр күштердің опа таппасын, ал, қанша нәзік болса да  жақсылық жолында жанын да, тәнін де аямаған қарлығаштай ақ көңіл, адал ниетті жандардың ғана ұшпаққа шығарын ишаралайды. Өзі де қамшы сабындай қысқа ғұмырында қаймана халқының қамын жеп, туған елі, өскен жері үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, қиянат пен қысастықты аз көрмепті. Басқасын айтпағанда, бірден көрермен қауы­мның сүйіспеншілігіне бө­ле­ніп, бүкілодақтық экранға шық­қан, халықаралық деңгейдегі бай­қауларда бірнеше мәрте жүлде алған, тіпті, 1975 жылы Нью-Йорк қаласында (АҚШ) өткен ха­­­лықаралық мультфильмдер фес­­тивалінде «Қола праксинос­коп» сыйлығын иемденген осы жауһар туындының қазіргі тит­рінен сценарий авторының, яки, Б.Ысқақовтың есімі неге алынып тасталғаны түсініксіз. Ал, 1990 жылы диссертациялық кеңес қор­ғауға рұқсат беріп тұрған шағында  «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-твор­чест­­во­лық байла­ныс­тары» атты док­­торлық дис­­сер­тациясы қолды бо­­лып, ұш­ты-күйлі жоғалып кетуі қа­­лай? Шүкірнасы, кейін моно­графияның қолжазбасын артын­да қалған ұрпақтары тауып, «Арыс» баспасынан 2007 жылы жарыққа шығарулы. Өкініштісі, талай жылдар көз майын тауысып, күш-жігерін жұмсаған ғылыми еңбегін қорғай алмай (бәлки, соның құсасынан), бала шағынан аңсарына айналған Азаттықтың ақ таңының арайлы шуағын байыр­қап та үлгерместен, 1991 жылдың басында бақиға озады…

«Тарих – үзілген үміттер мен орындалмаған армандардың моласы» дейді бәз біреулер. Қайдам?!.  Біз үшін тарих – ел болуға ұмтылған ерліктің, ерлерін дәріптеген ел­діктің өресі, жасампаз істерді жалғастырып, ұрпағына үлгі етер асыл тінді сабақтастықтың  бе­лесі, ұлттық сананы қалғытпас әлеуметтік жадтың өрісі тәрізді. Ендеше…

 

 

Мақсот ІЗІМҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 9 =