АСТЫҚТЫ ӨҢІР АҚМОЛА

0 128

ЕЛОРДАДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ МАУСЫМЫН АЯҚТАДЫ

ZAH_4297

Астанаға 20 қыркүйекте басталған жәрмеңкенің өткен аптада соңғы керуені келді. Көш соңы Ақмола облысының жәрмеңкесінен кейін қалалық алаң алдында әр аптада жайылатын дастарқан келесі маусымға дейін жиналды.

Дәстүрлі жәрмеңкеге Ақмола облысының Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Егіндікөл, Ерейментау, Еңбекшілдер, Зеренді, Жақсы, Жарқайың, Есіл, Сандықтау, Қорғалжын, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларының ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі шаруа қожалықтары белсенді қатысты. Жалпы, 300 кәсіпкер астаналықтарға өз өнімдерін ұсынды.

Бұл жәрмеңкеде орталық алаңға 120 сауда шатыры мен 4 киіз үй тігілді. 500 тоннадан астам өнімнің 53 түрі ұсынылды. Атап айтқанда, 190 тонна картоп, 89 тонна көкөніс, 83 тонна ет және шұжық өнімдері, 50 тонна ұн, 20 тонна сүт өнімдері, 10 тонна қант, 4,5 тонна балық, 3 тонна арпа өнімдері, 213 мың дана жұмыртқа және 9 мың литр өсімдік майы жәрмеңке сөре­леріне қойылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадірхан Отаров Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есіловпен бірге жәрмеңкені аралап, әкелген тауарларын таныстырып шықты. Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжанов: «Бүгінгі жәр­меңкеге 198 млн теңгенің көлеміндегі тауар әкелінді. Ақмола облысы Астана қаласының азық-түлік белдеуіне кіреді. Өңір қазіргі таңда елорданы 42 пайыз ет өнімдерімен, 45 пайыз сүт өнімдерімен, 100 пайыз жұмыртқамен, 98 пайыз картоппен қамтамасыз етіп отыр. Ал, шаруаға келсек, биылғы егін алқаптарында жиын-терін жұмыстары аяқталуға жақын. Енді 150 мың гектар алқап қалды. Ауа райы қолайлы болса, 3-4 жұмыс күнінің ішінде өңірдегі астық толығымен жиналады» дейді.

Елең-алаңнан ерте келген тұрғындардың көбі картоп алуға ынталы болды. Оған қоса сәбіз, пияз – барлығы екі сағаттың ішінде сатылып таусылды. Сауда орындарынан гөрі халық жүк көліктерінен көтерме бағада қаптап, арбалап сатып алып кетті. Сондай-ақ, ұн, сүт және ет өнімдері де жақсы саудаланды.

Ақтөбе облысы сынды бұл жәрмеңкеде де ақмолалықтар шағын жасанды әуіт құрып, тірі бекірелерді сатты. Бағасы – 5000 теңге. «Далакөл» шаруа қожалығының өкілі Ербол Жәкенов бекіре тұқымын көрші Ресей елінен алдырып, қолдан өсіретінін айтты.

Қала тұрғыны Роза Нүрділла: «Апта сайын өтетін жәрмеңкеге сайланып келеміз. Әр өңірдің өзінің басқадан ерекше дәмі болады. Сол дәмнен татып қалуға, молынан алып қалуға тырысамыз. Бағасы да біздегі базар нарқынан төмен. Сонымен қатар, концерт тамашалап, көңіл де көтеріледі. Дәстүрлі өнерімізде әр аймақтың өзінің мақамы болады. Соны осы сахнада шырқалған әндерге қарап ажыратып жатамыз» дейді ағынан жарылып.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =