АСТМА АЛҚЫНДЫРЫП ТҰР

0 134

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 300 миллионға жуық адам бронх демікпесімен ауырады. Соңғы бес жылда елімізде бұл ауруға шалдыққандардың қатары 18, 6 пайызға артқан. Астана қаласында астмамен ауыратын 3500-дей адам дәрігердің бақылауында тұр.

10

Астана қаласының №1 қала­лық ауруханасында өткен се­минарға жиналған пульмонолог-мамандар экологиялық жағдайдың күрт нашарлауына, айналаның ластануына байланысты тыныс жолдарының ауруы көбейгенін атап өтті. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ пульмонологы А.Пактің айтуынша, әсіресе, темекі түтінімен улану балалар арасында демікпенің өршуіне әкеліп отыр. Айталық, 700 млн бала, яғни әлемдегі балалардың тең жартысы темекі түтінімен ластанған ауамен демалады. 40 пайыз жеткіншектің әкесі немесе анасы шылым шегеді. Никотинмен уланған ауа ты­ныс жолды бітеп, әртүрлі ау­рулардың үдеуіне әкеліп соғады.
Грекше «астма» – ауыр ты­ныс, тұншығу дегенді білдіреді. Демікпе пайда бол­ғанда адамның тынысы тарылып, кеудесі қысады. Тамақ ісінгенде тыныс алу тіптен қиындауы мүмкін. Бұл – сырқаттың өміріне қауіпті. Сондықтан аурудың алдын алу, ем-домын уақытылы жасау, ұстама қайталанған кезде қандай шұғыл әрекет ету керектігін әркімнің есінде жүргені абзал.
№1 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Салтанат Қаржауованың айтуынша, демікпе ластанған ауадан, шаң-тозаңнан, өткір иістен, вирустық жұқпалардан пайда болса, тамақ-мұрынның аурулары да сырқатты асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан жоғары және төменгі тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларын уақытылы емдеу, шылым шегуден бас тарту, иммунитетті көтеретін шараларды жасап, салауатты өмір салтын сақтау қажет.
Соңғы жылдары аллергиядан болып асқынған астма көбейген. Аллергия демікпеге ұласпау үшін аллергендерді дер кезінде анықтап, емшара қабылдау қажет. Әсіресе, аллергияға бейім балаларға айрықша көңіл бөліп, неден аллергия алатынын анықтаудың маңызы үлкен. Баласы бронх астмасымен ауыратын ата-аналар ингаляция қалай жасау керектігін, оған қажетті дәрі мөлшері қандай болу қажеттігін меңгерумен қоса, балаға қандай тағамдар бе­ріп, қайсысынан бас тарту керектігін де білуі қажет.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − nineteen =