ASTEХ – Smart технологиялардың «сынақ алаңы»

0 120

Айбол ҚУАНДЫҚОВ, Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту қорының бас директоры:

– Биыл VI Астана экономикалық форумы аясында тұңғыш рет Astana Smart Technologies Exhibition (ASTEX) көрме-конференциясы өткізіледі. Көрмені өткізу идеясы неден туды?
– Бұл ең әуелі Елбасы мақұлдаған «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың бір бағдары десек те болады. Ол бағдарламада электронды үкімет, мемлекеттің ашық мәлімет базасы, электрондық сауда, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, энергетика саласында IT-технологияны дамытудың жоспары жасалды. Мақсат – әлемде қандай технологиялар, қандай ізденістер мен жаңалықтар бар екенін көрсету, таныстыру.

– Smart тұжырымдасы бірнеше сессияға бөлінгенін ескерсек, көрме тақырыбы өте ауқымды сияқты…
– Барлығы төрт сессия болады. Олар: Smart Government, Smart Industry, Smart Business, Smart Life. Олардың әрқайсысы кішігірім төрт тақырыптық бөлімге бөлінеді. Мәселен, Smart Government бойынша «электрондық үкімет», «мобильді үкімет» және қазір әлемдік қауымдастық жаппай қолға алып жатқан «ашық үкімет» бағыты қамтылады.
Ал Smart Industry бұл өндірістің тиімділігін арттыру, көлденең қауіп-қатерді азайту бойынша ізденістерден тұрады. Бұл тұрғыда біз егіншіліктегі ақылды технологиялар, «жасыл» технология-лар, мұнайгаз, көлік саласындағы 3D модельдеу мен сандық технологияларға айрықша маңыз артып отырмыз. Электронды сауда алаңдары мен биржалар, телекоммуникация нарығы, қашықтықтан қызмет көрсету сияқты бағыттар бойынша жаңалықтарға Smart Business сессиясынан қанығасыздар.

– Көрменің ворк-шоп форматы туралы не айтасыз?
– Электрондық білім беру, ортақ игіліктегі онлайн-сервистер, электрондық денсаулық сақтау, электрондық коммерция, open government тақырыптары бойынша ворк-шоп ұйымдастырылады. Оның маңызы конференцияға қатысушылар өнімдерді көзбен көріп, қолмен ұстап, өз-өзіне «Бұл маған не үшін керек?» немесе «Мен мұны қалайша тегін аламын?» деген сынды сұрақтар қоя алуы керек. Сондықтан біз тұтынушылар, бағдарламаны жасаушылар мен осы саланы реттейтін, қадағалайтын органдар оңаша бас қосып, өнімнің артық-кем тұстарын талқыласа дейміз. Сондай-ақ шетелдік қонақтар мұндай IT-жобаларды венчурлық қаржыландыру немесе бастапқы сәтінен қаржыландыру (посевное финансирование – ред) арқылы жүзеге асыру жолдарымен бөліседі. Осы мақсатта біз АҚШ-тың Rustic Canyon венчурлық қорын арнайы шақырып отырмыз.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 20 =