«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 227

Астана

«Астана – өмір сүруге жайлы және қауіпсіз қала» бағдарламасы шеңберінде Есіл ауданында рұқсат етілмеген жерге тасталған қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша сенбілік ұйым­дастырылды. Екі күнде полигонға 647 тонна құрылыс қал­дықтары шығарылды.

Түркістан облысы

Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында мың адамға лайықталған жаңа мешіт ашылды. «Есен ана» деп аталатын мешіттің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.

Алматы облысы

Талдықорған қаласының орталық алаңында Жетісудың жеті өзенін өрнектеген, әуен ырғағымен билеп, түрлі-түсті жарықтармен безендірілген жеті субұрқақ іске қосылды. Субұрқақтардың салтанатты ашылуына қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты. Мерекелік шара отшашуға ұласты.

Жамбыл облысы

Қала күніне орай, Тараздағы халық қаһарманы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта Қайрат Рысқұл­бековтің ескерткіші бой көтерді. Мүсін биіктігі – 2,8 метр. Сонымен қатар аталмыш саябақта бір­қатар жаңа нысандар салынып, ескіргендеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Шымкент

Шымкентте дәстүрлі «Достық дастарханы» халықаралық палау фестивалі өтті. Шараға еліміздің бірқатар аймақтары мен көршілес елдердің 30-дан аса аспазы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды 13 жастағы ең жас аспаз Бабамұрат Әбдрахманов жеңіп алды.

Павлодар облысы

Ақсуда қала күні мерекесіне орай, аламан бәйге, аударыспақ, қыз қуу, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс­тар өтті. Қошқар көтеру сайысында Қызылжар ауылының тұрғыны Ерасыл Сыздықов 60 келі қошқарды 61 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

Қызылорда облысы

Облыс орталығында «Алтын дән» мерекесі аясында өткен жәрмеңкеге облыстың барлық аудандарының диқандары қала жұртына 1500 тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімдерін ұсынды.

Ақтөбе облысы

Ақтөбеде өткен жалпы қалалық сенбілікке 8 мыңнан аса адам мен 100 техника жұмылдырылды. Бір күнде қарағай, аққайың, терек, алма ағаштарының 10 мың көшеті мен 500 бұта отырғызылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды