©2020 Астана Ақшамы
АСТАНАНЫҢ ЖЕҢІСІ — ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ
«Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы».
Бұл – ғұлама әл Фарабидің сөзі. Осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған даналықтың көзі.
Олай болса, бүгінгі Өздеріңізбен дәстүрлі кездесуіміз бен келелі кеңесіміз де сол «адамы қуаты мен бар кереметін жасаған жасампаз қаламыздың» бір жылдық белесі мен көпжылдық келешегін талқылайтын жиын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасынан туған игілікті түйін.
Өздеріңізге мәлім, Тәуелсіздік мерекесінде Елбасымыз мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі тұрақты дамуының ең негізгі тұстарын айқындап берді. Өркендеудің жаңа бағытын нұсқап, межелі мақсаттарды іске асыруға шақырды.
Ең алдымен адами капитал мен әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерін, сол арқылы тұтас халықтың берекелі өмірін көздейтін басым бағыттарды айқындап берді.
Әрине, олардың барлығы да Астананың бүгінгі дамуымен толық үндесіп жатыр.
Бұл ретте 2012 жыл Астанамыз үшін табысы толайым, беталысы орайлы жыл болды. Осылайша елордамыз өз дамуының 15 жылдық межесіне аяқ басты. Аз да болса, азығы мол – жемісі көп осы жылдар ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, әлемге өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды.
Атап айтсақ, өткен 2012 жылы елордамыз күллі түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесін абыроймен алып шықты. Бұл жылы қаламызда ұзын саны 18-ден аса ірі халықаралық, 600-ден аса республикалық іс-шаралар өтіпті.
Сонымен бірге, өздеріңіз білетіндей, жыл соңына қарай ұзын саны 161 елдің 103-і Астанаға қолдау көрсетіп, 2017 жылғы әлемдік «ЭКСПО» көрмесі қаламызда өтетін болды. Расында, бұл – айқын жеңіс. Бүкіл еліміз бен Елбасымыздың халықаралық абыройының арқасында келген дүние.
Әрине, мәртебе – биік, қуаныш – мол. Ал, оның жауапкершілігі одан да зор. Десе де, бұл елордалық санаға серпін беретін, экономикаға екпін беретін ерекше жетістік болмақ.
Ең бастысы, бұл межеге біз түйінді оймен ғана емес, қордалы қормен жеттік. Оған елордамыздың жалпы даму ахуалы куә.
Мәселен, өткен жыл бойынша:
– қаламыздың жалпы ішкі өнімі 8 пайызға өсіп, 2 трлн 400 млрд теңгеге жетті;
– өнеркәсіп өнімі 196 млрд теңгені құрады;
– инвестиция 616 млрд теңге мөлшерінде болды;
– орташа жалақы мөлшері 141 мың теңге болды;
– шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде өткен жылы 1 трлн 52 млрд теңгенің өнімі өндірілген екен.
Бұдан бөлек, елордада соңғы үш жылда 100-ден аса балабақша, 10 мектеп, 8 емхана, 4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды.
Көріп отырсыздар, Астанада атқарылып жатқан осы шаруаның бәрі – Сіз бен біздің, жалпы астаналықтардың күнделікті жұмысының жемісі.
Десе де, алда орасан жұмыс, ауқымды міндеттер жатыр. Оның үдесінен шығып, шешімін табу үшін бізге шаһарымыздың әрбір тұрғынының пікірі қымбат.
Ендеше, Өздеріңізді қаламызға қатысты осы және басқа да бағыттардың бүгіні мен келешегі жайында кең отырып кеңесуге шақырамын.
Құрметті астаналықтар!
Кез келген адамның өмірінің әр кезеңінде өз мақсаты болады. Біреуіне жеткен соң екіншісін көздейді. Қала қауымдастығының да сондай игіліктерге жету мақсаттары бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – әруақытта игілікке деген ұмтылыс.
Бұл мақсат алуан түрлі. Оған жету жолында кейде көптеген кедергілер кездеседі. Сол кедергілерді жеңу үшін де осындай есеп беру кездесулерінде қаланың даму мәселелерін талқылаймыз. Елбасының бұл идеясының әрі тапсырмасының біз үшін іс жүзінде маңызы зор.
Айналып келгенде, ортақ мәселелердің шешілуі қала тұрғынының әрқайсысының жеке өмірінде көрініс табады. Демек, біз үшін ұсақ және елеусіз мәселелер жоқ. Оның үстіне, аталған мәселелер қаланың ең басты капиталы адамдарға қатысты болғандығында.
Адам, қоғам және қала өміріндегі айтулы өзгерістердің күнтізбелік жылды қорытындылау кезінде көрініс табуы – заңды нәрсе. Одан бөлек, бұл қала билігіне астана өміріндегі игі өзгерістерді көрумен қатар, елорда тұрғындарын алаңдататын қала шаруашылығындағы проблемалық нүктелерді де түгелге дерлік білуге мүмкіндік береді.
Сол себепті де, жас астанамыз үшін әр жыл – мүмкіндіктің белесі. Ал, ол мүмкіндікті жіберіп алуға еш қақымыз жоқ, өйткені, біздер бүгінгі таңда оның болашақ тұрақты дамуының негізін қалау үстіндеміз.
Біз өздеріңізбен бірге осы қалада өмір сүретін, өз болашағын қалыптастыратын, жаңа ұрпақ үшін жасампаз істер атқаратын балаларымыздың жүріп өтетін жолдарын белгілеудеміз.
Осы жолда біз 15 жыл жүріп өттік, бұл – Астана үшін айқын да маңызды меже.
15 жыл ішінде Астана экономикасының, инфрақұрылымы мен сәулетінің тұрақты сұлбасына қол жеткізді.
15 жыл ішінде Астанада өз болашағын тек осы қаламен ғана байланыстыратын, толысқан елордалық қауымдастық қалыптасты.
15 жыл ішінде Астана халықаралық сахнада мызғымас абырой мен берік беделге қол жеткізіп, өз болмысына сай атақ-даңқын баян етті.
Енді, осы болмысты сезіне отырып, біздің нық қадамдармен өсіп келе жатқан астанамызға оның қалыптасу кезінен бастап сәл басқа қырынан көз тастағымыз келеді. Бұл көзқарас қала тұрғынының тұрмыс құру сапасына, басқаша айтқанда, «игілік параметрлеріне» қатысты нәрсе.
Олар неден құралады?
Біріншіден, бұл – ғұмырдың ұзақтығы. 15 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болды, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 73 жарым жасқа жетті. Сайып келгенде, «аңсары өмір ұзақтығы» секілді көрсеткіш алдағы үш жылда 74 жарым жасқа дейін жетеді.
Ең алдымен, бұл тіршілік ету сапасының артқанын көрсетеді. Ол өсім астанамыздың экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты. Ал, осы өмір сүру ұзақтығының 6 жарым жылға ұзаруы экономика тұрғысынан неге пара-пар? Ол – 1998 жылдан бергі өсім. Дәлірек айтсақ, жан басына шаққандағы аймақтық жалпы өнімнің 141 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін жетуі; орташа жалақының 13 мың теңгеден 141 теңгеге дейін өсуі; жан басына шаққандағы баспанамен қамтылудың орташа ауданының 15 ш.м-ден 25 ш.м-ге дейін артуы; бір адамға инвестиция көлемінің 122 мың теңгеден 770 мың теңгеге дейін көтерілуі.
Бұл айтып отырғанымыз тек қала өмірінің материалдық өлшемдерінің кейбір көрсеткіштері ғана. Оның сыртында қолайлылық, қызмет көрсетумен қамтылу, қауіпсіздік, т.с.с. толып жатқан факторлар бар.
Екіншіден, тұрғын халықтың табиғи өсімі. Бұл көрсеткіш елорданың қалыптасу жылдарынан бастап бүгінгі уақытқа дейін 6 есеге артты. Оны соңғы төрт жылмен сипаттап өтейін. Егер, 2009 жылы Астанада 12 710 бала дүниеге келсе, 2012 жылы 21 266 сәби дүниеге есігін ашты. Яғни, осы төрт жыл ішінде Астанада туған 70 мың бала Рудный немесе Балқаш секілді тұтастай бір қаланың халық санына тең.
Ал, бұл нені білдіреді? «Табиғи өсім» дегеніміз жас отбасылар есебінен қалыптасады емес пе?! Демек, олардың көбінің күнкөрістің маңызды құндылықтарының негізінде қалыптасатын болашаққа деген сенімі бар. Ол құндылықтар – пәтермен қамтылу немесе соған қол жеткізу үміті, жұмысқа орналасу және тұрақты табыс табу мүмкіндігі, білім алуға қолжетімділік, әлеуметтік қызметтер кешені тағысын тағылар.
Барлығын қоса алғанда, бұл – азаматтар тарапынан өз еліне, өз астанасына зор сенім артуының айқын көрсеткіші.
Үшіншіден, білім мен сауаттылық деңгейі. Статистикаға сүйенсек, бізде орта біліммен қамту көрсеткіші жүз пайызды құрайды деуге болады. Көп жағдайда бұл жалпы білім беру мектептері желісінің қарқынды дамуы арқасында қол жеткізілген жетістік. Егер осыдан 15 жыл бұрын қалада 37 мектеп қана болса, бүгінде олардың саны 82-ге жетіп, оның жетпісін мемлекеттік жалпы білім беру мекемелері құрап отыр. Олар түгелдей интернетпен, мультимедиалық құрылғылармен, спорттық алаңдармен қамтылған.
Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Алайда, білім сапасын арттыру жолында жетістіктермен қатар, оқушыларға орын жетіспеуі секілді кедергі де бар. Бұл бірінші кезекте ішкі көші-қонның жоғары қарқынымен байланысты. Ол сабақ ауысымдарында тікелей көрініс тауып отыр. Бүгінде, өкінішке қарай, 6 мектеп балаларды үш ауысыммен оқытуға мәжбүр.
Біздің бірінші мақсатымыз – мұндай қиындықты жойып, мектептерді уақыттың жоғары талаптарына жауап беретін деңгейге шығару.
Төртіншіден, тұрғындардың кедейшілік деңгейін төмендету барысы. Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Біз экономикалық қайта құрулар нәтижесін қашанда лайықты түрде бағалаймыз. Мұны қазіргі таңда бірқатар еуропа елдерінде қалыптасқан ахуалмен салыстыру арқылы сараптауға болады.
Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде еуропа қалалары үшін кедейлік деңгейінің межелі бағдары 6-10 пайыз болып келді.
Ал, 2011 жылы бірқатар еуропа қалаларында 17 пайыздан асып түсті. Бұл қатаң үнемдеу шаралары жағдайында халықтың ересек бөлігінің жай-күйі мүшкілденіп қана қойған жоқ, қауіптілік аймағына балалар да еніп кетті. Бұл олардың ата-анасының екеуінің де ұзақ уақыт бойы тұрақты жұмыс таба алмауымен байланысты.
Мәселен, Еурокомиссияның мәліметтеріне сүйенсек, 2010 жылы Ирландия балаларының 37 пайыздан астамы кедейлік шегінде күн кешкен. Сол жылы бұл көрсеткіш Италияда 29 пайызға жуықтаған. 2011 жылы Испания мен Грекиядағы жарлы балалар саны 30 пайыздан асқан.
Салыстырмалы түрде соңғы үш жылда Астанада кедейлік деңгейі екі есе төмендеп, республикадағы ең төменгі деңгей 1,7 пайызды құрады.
Әлбетте, Еуропадағы кедейлік пен дамушы елдердің кедейлік түсінігінің өз ерекшеліктері бар. Дей тұрғанмен, бұл халықаралық бағалау өлшемдері және ол әр елдің мынаған бара-бар көрсеткіштері бойынша шығарылады:
– ең төменгі күнкөріс деңгейі;
– кіріс және үй шаруалықтарының тұтынымы;
– кірістер деңгейіндегі айырмашылық;
– монетарлық емес көрсеткіштер – денсаулық сақтау және білім беру, тамақтану және т.с.с. деңгейі.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл көрсеткіштерді белгілі бір уақыт аралығында есепке алу және олардың жиынтық нәтижелері белгілі бір елде қалыптасып отырған жағдайды дәл көрсетеді.
Сонымен қатар, бұл көрсеткіштерге әлеуметтік төлемдер де айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, Қазақстанда өсімнің оң үрдісін зейнетақы мөлшері мысалында келтіруге болады. 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол 9 пайызға өсіп, орташа зейнетақы көлемі 39 077 теңгені құрады. Тек 2012 жылдың өзінде әлеуметтік төлемдер үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік әлсіз топтарға және аға буын ұрпаққа көрсетілетін мемлекеттік қолдау елдер мен қалалардың экономикалық ауқаттылық рейтингін айтарлықтай көтереді.
Бесіншіден, баспанамен қамту деңгейі. Барлық әлеуметтік сауалнамалар бойынша адамның әлеуметтік хал-ахуалының ең айқын көрсеткіштерінің бірі – баспаналы болу. Егер, 2008 жылы бұл көрсеткіш бір адамға 21,5 ш.м-ді құраса, 2011 жылы 24,4 ш.м-ге жетті. Айта кету керек, мәселен, еуропа қалалары Мадридте бұл көрсеткіш 24 ш.м-ге, Санкт-Петербургте – 24,5 ш.м-ге, ал, Париж бен Лондонда – 32 ш.м-ге тең.
Оған қоса, бұл қалаларда бір жағынан көші-қон біркелкі болса, екінші жағынан салыстырмалы түрде құрылыс қарқыны да төмен. Оның үстіне, Еуропада халық тығыздығы жоғары болуы себепті және көлік инфрақұрылымының арқасында жұмыс орны бойынша баспана алу міндетті емес.
Ал, Астананың дамуында қайшылық бар: ауқымды миграциялық ағымдармен қатар белсенді баспана құрылысы жүріп жатыр. Өз кезегінде, бұл қаланың баспана саясатында айтарлықтай босалқы дайындама қалыптастырып, жыл сайын тұрғындарды баспанамен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Алтыншыдан, жұмыс орындары және оларды жаңадан ашу. Бұл индикатор туралы айтқанда, жұмыссыздық деңгейі секілді көрсеткішке көз тастаса жеткілікті. Біздің қаламыздағы қалыптасып отырған жағдайды бағамдау үшін тағы да салыстыруға жүгінейік.
Бүгінде Еуропадағы жұмыссыздық 2007-2009 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінен бергі жаңа ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Испания мен Грекияның бірқатар қалаларында ол 26 пайызды құрап отыр. Оған қоса, жастар арасында да қиын жағдай қалыптасты. Аталған қалалардағы жастардың жартысынан көбі жұмыссыз.
Шын мәнінде Астанада, тіпті, барлық түйткілді мәселелердің өзінде қала тұрғындары арасында жұмыссыздық 5,6 пайыздан аспайды, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық 9,2 пайызға тең.
Бірақ, бұл салыстырулар біз тұрақты дамыған деңгейге жеттік деген сөз емес. Оның үстіне, біздер жасырын жұмыссыздық бар екенін де жасырмаймыз. Түйткілдер көп, оларды шешудегі қиындықтар да жетерлік. Алайда, тіпті, ішкі көші-қонның жоғарғы деңгейіне қарамастан, 2009 жылдан бері Астанада 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Көші-қон көрсеткіштеріне жүгіне отырып, жыл сайын елордаға келетін 40 мыңға жуық адамның төрттен бірі ғана еңбекке жарамды екенін ескерсек, онда олардың әр қайсысының тұрақты түрде кеңейіп отырған астаналық еңбек нарығынан жұмыс табуына мүмкіндігі бар деуіміз толықтай негізді.
Бұл бағыттағы белсенділігімізді бәсеңдеткен жоқпыз. Сол себепті де, соңғы төрт жыл бойына Астанадағы жұмыссыздық деңгейі республика бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі болып отыр. 2012 жылдың нәтижесі бойынша, ол 5,6 пайызға тең.
Бұл әлеуметтік құрамдас бөліктердің барлығы жиналып келіп, бір нәрсені айқындайды, ол – Астана өзінің дамудың жаңа кезеңіне өткендігі. Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел үшін тағдыр шешті саналатын астананы көшіру туралы шешім жауапкершілігін толықтай өз мойнына жүктеген кезден бастау алатын, болашаққа деген сенім 15 жыл ішінде нығая түсті.
Сол уақыттағы жалпы скепсис пен күмәнға қарамастан бұл миссия орындалды, мақсатқа қол жеткізілді.
Бұл алғаш рет өз саяси орталығын анықтаған еліміз үшін тәуелсіздігін паш еткен алғашқы қадам болды.
Еліміздің жылнамасында бұл тарихи маңызы бар оқиға ретінде орын алады. Ал, Астананың дамуы, елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық саласында да, халықаралық аренада да Қазақстан дамуының басты векторларының біріне айналды.
Бүгінде Астана – мемлекетіміздің қалыптасқан экономикалық, білім беру және рухани орталығы. Біздің қаламыз ЕҚЫҰ, ИКҰ, ШЫҰ және Кедендік одақ алаңдарындағы әлемдік және аймақтық интеграцияны, конфессияаралық диалогты нығайту секілді көптеген мәселелер және олардың жүзеге асырылуы талқыланатын халықаралық үдерістердің кіндігіне айналды.
Елбасының беделінің арқасында Астана, көтерген бастамаларын халықаралық қауымдастықтың назарын аудартатын бастамалар көретін елордалар сапынан ойып тұрын орын алды. Және айтарымыз, бұл осыдан 15 жыл ғана бұрын Президент ойына алған идеяның бар болғаны аралық нәтижесі ғана.
Құрметті астаналықтар!
Есебімізді астананы көшіру кезіндегі әлеуметтік көрсеткіштерден бастауымыз бекер емес. Өйткені, биыл Астана өзінің кішкентай болса да маңызды мерейтойы – 15 жылдығын атап өтпек. 15 жылдық – бұл біз қол жеткізген нәтижелерге көз тастайтын призма. Олар көп жағдайда қаланың тұрақты экономикалық дамуының арқасында қалыптасты.
Сол себепті, әр салаға жеке дара тоқталмас бұрын, Астананың өткен жылғы макроэкономикалық көрсеткіштеріне тұтастай тоқталғым келеді.
Ағымдағы мерзімде біз қаланың даму үрдістерін ғана айтып қоймай, жалпы аймақтық өнім құрылымындағы әрі қарайғы сапалы өзгерістерді де сөз ете аламыз.
Біріншіден, ЖАӨ құрамында қызмет көрсету үлесінің тұрақты дамуы байқалады. 2008 жылмен салыстырғанда ЖАӨ-дегі қызмет көрсету үлесі 20 пайызға өсіп, 2012 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 60 пайызды құрап отыр. Аталған көрсеткіш бойынша Астана республика бойынша көш бастап тұр.
Екіншіден, ЖАӨ-де құрылыс үлесі айтарлықтай азайып келеді. Құрылыс секторы қала экономикасының 17 пайыздық бөлігін алып тұрған 2008 жылмен салыстырғанда, 2012 жылдық 9 айлық қорытынды, өткен жылы оның ЖАӨ-дегі үлесі 10,6 пайыз шамасында екенін көрсетіп отыр.
Бұл құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі азайды деген сөз емес, керісінше, ол тұрақты даму үрдісіне ие. Мәселен, дағдарыстан соңғы 2010 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 256 млрд теңгені құраса, 2011 жылдың қорытындысы ол 5,5 пайызға өсіп, 286 млрд теңгеге жетті. Ал, 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемі 8 пайызға артты.
Үшіншіден, ЖАӨ-дегі өнеркәсіп үлесінің азаюы, сауда-саттық үлесінің өсуі себепті орын алып отыр. 2008 жылы Астананың ЖАӨ-де кәсіпорын үлесі 4 пайыз болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,5 пайызға тең.
Сосын, керісінше. Сауда-саттыққа саласына қатысты айтсақ, 2008 жылдан бері елорда ЖАӨ-де оның үлесі 20 пайыздан 26,7 пайызға дейін өсті.
Астана ЖАӨ құрылымына жасалған бұл сапалы сараптама қаланың әрі қарайғы дамуындағы келешек үрдістерді байқатады.
Астана экономикасы нарық сұраныстарына шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігімен жауап беріп отыр.
Кәсіпкерлік секторына қала экономикасының 60 пайыздан астам үлесі тиесілі. Біз үшін бұл өте маңызды сала.
Бүгінде шағын және орта бизнесте белсенді субъектілер саны 48 мың бірліктен асып отыр, жұмыспен қамтылғандар саны 9 пайызға артты.
Бұған көп жағдайда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру септесті. Егер, 2010 жылы аталған бағдарлама бойынша бар болғаны 18 жоба қолдау тапса, 2012 жылы жалпы сомасы 28,1 млрд теңгені құрайтын 118 жоба мақұлданды. Жалпы алғанда бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері 166 жоба мақұлданды. Олардың жалпы сомасы 33,8 млрд теңгеге тең.
Мультипликативті әсер нәтижесінде шағын және орта бизнесті несиелеу екі есеге өсіп, 170 млрд теңгеге дейін жетті.
Оған қоса бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны өсіп келеді. Егер 2007 жылы кәсіпкерлік секторында 128 мың адам қызмет етсе, бүгінде олардың саны 165 мың адамды құрап отыр. Демек, әрбір бесінші астаналық кәсіпкерлік салада еңбек етеді.
Сұраныс пен ұсыныс заңдылығының өз шарттарын көлденең тартатыны сөзсіз, алайда, Астана үшін құрылыс пен кәсіпорын секілді ауқымды секторлардың шағын және орта бизнестің, әсіресе қызмет көрсету секторы дамуының катализаторы болғаны да рас.
Сол себепті, Астана үшін жыл сайын 1,5 млн. ш. метр баспананың пайдалануға берілуімен қатар, сол уақытта бизнес жүргізуге де қосымша мүмкіндіктер жасалуда. Мысалы, кеңсе үймереттері, үйлердің бірінші қабаты т.с.с. белсенді жылжымайтын мүлік.
Бүгінгі таңда дәл осы шағын және орта бизнестің ұтқырлығы мен бастамашылдығы экономикалық күйзелістерге деген тұрақтылықты қалыптастыруға септескені айқын. Соның арқасында, Астана дағдарыс уақытында да позитивті дамуды сақтап отыра алатындай деңгейге жетті.
Бұл қарқынды экономикалық алаң Индустриалды парктің ғылымды қажет ететін және технологиялық өндірістерімен де демеліп отыр. Бүгінгі таңда парк аумағында инвестициялық көлемі 172 млрд теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бүгінде 46 млрд теңгеге жуығы игерілді, оның ішінде, 2012 жылы 12 млрд теңгеге жуық сома инвестицияланды.
Аталған кәсіпорындар бүгінге дейін құны 111 млрд теңгеден асатын өнім шығарып, қала қазынасына 10 млрд теңгеге жуық салық төледі. Биыл тағы да сегіз өндірістік кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.
Мұндай қарқын сақталған жағдайда, Индустриалды парктің инженерлік және транспорттық инфрақұрылымына бөлінген қаражат жылдың соңына қарай толықтай қайтарылады.
Одан бөлек, сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталығының құрылыс барысында «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушыларымен 2012 жылдың басынан бері 111 млрд теңгеден астам инвестиция игерілді. Бұл қаражаттың басым бөлігі жеке инвесторларға тиесілі.
Осылайша, осы факторлардың барлығының есебінен ортақ макроэкономикалық көрсеткіштер қалыптасады және олар келесідей:
– 2012 жылдың жалпы аймақтық өнімі болжамды мәліметтер бойынша 2,4 трлн теңгені құрайды және 2011 жылдың айтулы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. ЖАӨ өсу қарқыны бойынша Астана республика бойынша Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі екінші орында тұр.
– негізгі капитал инвестициясы өткен жылы 616 млрд теңгені құрады.
– тұрғын үй құрылысы саласында пайдалануға берілген баспана көлемі қала бойынша 1,3 млн шаршы метр болды.
– 2012 жылғы өндірістік өнеркәсіп өнімінің көлемі 196 млрд теңгені құрап, 2011 жылмен салыстырғанда 19 млрд теңгеге артық болды.
Жалпы алғанда бұл көрсеткіштер бойынша, бізде экономикалық өсімнің жақсы қарқыны сақталып отырғанын атап өтуге болады.
Енді, қала шаруашылығының әр саласының нақты нәтижелеріне тоқталғым келеді.
Тұрғын үй құрылысынан бастаймын. Соңғы жылдары әкімдіктің ерекше жауапкершілігі мен жіті назарында үлестік тұрғын үй құрылысы болғанын өздеріңіз білесіздер.
Мемлекет басшысының арқасында Астанадағы үлестік тұрғын үй құрылысының проблемаларын толығымен шешу мүмкіндігі туды. Егер 2007 жылдың соңында елордада салынып жатқан 40 850 адам үлесі бар 241 нысан болса, бүгінгі күні олардың барлығының құрылысы аяқталып, Президент міндеттеген тапсырма орындалды.
Бір қарасаңыз, енді, еш түйткілді мәселе болмауы керек секілді. Алайда, өкінішке қарай, олар бізді қуып жетіп отыр, өйткені, құрылыс секторында ықылассыз және арамза құрылысшылар әлі де жетерлік. Олардың әрекетінен немесе әрекетсіздігінен қатардағы астаналықтар жапа шегетіні себепті, туындаған проблемаларды шешуді айналып келгенде мемлекеттің өз мойнына алуына тура келеді.
Бүгінгі күні Астанада құрылысшылар өз есебінен аяқтауға уәде еткен, түйткілді екі үлескерлік тұрғын үй кешені бар. Олар 80 үлескер қатысқан «Монблан» және 452 үлескер қатысқан «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешендері.
Егер бірінші нысанға қатысты айтар болсақ, ол бойынша біраз заңдық және ұйымдастырушылық түйткілдер табылған еді. Бүгінде олар шешілді. Нысан биыл салынып бітеді.
Ал, «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешеніне келер болсақ, аталған нысан құрылысын «Тамыз инвест» компаниясы, жұмсартып айтқанда, өрескел заңбұзушылықтармен жүргізген.
Сот шешімімен ол тоқтатылып, ал нысан үлескер арасынан құрылған тұрғын үй құрылыс кооперативіне берілді. Дегенмен, жақында Жоғарғы сот алқасы бірінші инстанциядағы бұрын шығарылған сот шешімін тоқтатып, тұрғын үй кешенін қайтадан тәртіп бұзған құрылыс салушыларға қайтарды. Сол арқылы нысанның алдағы тағдырын күмәнді етіп қойды. Бір қызығы, әкімдік аталған істің Жоғарғы сотта қаралып жатқаны туралы мүлдем ақпараттандырылмаған.
Енді іс қалалық және Бас прокуратураның бақылауында. Міне, осындай тек заңдық себептер ғана аталған құрылысты аяқтауға кедергі келтіріп отыр. Жоғарғы сот дұрыс шешім қабылдап, біздердің нысан құрылысын жыл соңына дейін аяқтайтынымызға сенімдімін. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда.
Енді, тұрғын үй құрылысының басты бағыты туралы айтсақ. Сөз еткелі отырғанымыз, бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы. Бірінші бағыт – келесідей схеманы ұсынатын тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі:
– Мемлекет осы жүйенің клиенттері үшін шаршы метрі 120-дан 143 мың теңгеге дейін пәтер салып, 4,5 -5% пайыздық мөлшерлеме шамасында несиеге береді. Сонымен бірге, пәтердің сатып алу бағасының 50%-ы банкте жинақталған қаржы есебінен жүзеге асады.
Осы бағыт бойынша қазір 420 пәтерлік бір нысан пайдалануға берілді. 208 пәтерлік екінші нысанның құрылысы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталатын болады.
997 пәтерлік тағы 4 нысанды 2013 жылдың соңында тапсыру жоспарлануда. Алға қарай бұл бағдарлама бойынша нысандар саны тұрғын үй жинағы жүйесі арқылы баспана алғысы келетіндердің санына тәуелді болады.
Екінші. Кезекте тұрған әлеуметтік қорғалатын санаттағы азаматтар мен бюджет қызметкерлері үшін арендалық тұрғын үй құрылысын жүргізу. Бұл бағытта 430 пәтерлік баспана құрылысы жоспарланып отыр. Бұл тұрғындардың екі тобын қамтиды:
а) әлеуметтік қорғалатын санаттағы азаматтар – ардагерлер, мүгедектер, жетімдер.
б) кезек тәртібімен пәтер алатын және 8 жыл өткен соң баспана сатып алуға несие алу құқығына ие болатын жас отбасылар.
Оған қоса, 2009-2012 жылдар аралығында Астанада ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне 219 пәтер берілді. Бүгінгі таңда пәтер алуға мұқтаж болған ҰОС ардагерлерінің барлығы баспанамен қамтылды.
Үшінші. Қазақстандық ипотекалық компания жүйесі бойынша тұрғын үй кешендері құрылысын жүргізу. Бұл бағыт бойынша баспананы 15 жылға жалға алу схемасы күтілуде. Оған қоса, жалға алудың 10 жыл мерзімі өткен соң, пәтерді түгелдей сатып алуға мүмкіндік беріледі. Салынатын тұрғын үй көлемінің нақты саны бүгінде жобалану үстінде. Тұтастай алғанда 2020 жылға дейін 300 мың ш.м. жуық баспана салынады.
Астанада 2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы толықтай жүзеге асырылды. Нәтижесінде жалпы ауданы 367,3 мың.ш.м-ді құрайтын 4 969 пәтер тапсырылды.
Одан бөлек, қазіргі уақытта жеке инвесторлармен «Мыңжылдық» Аллеясы бойында жаңа орталық салудың кешенді құрылысы жүргізілуде. Онда жалпы ауданы 8,5 млн.ш.м болатын 40 жоба мақұлданды. Аталған ауданда 3 шақырымға жуық жол салынып, 4 шақырым суағар-кәріз жүйесі және 1,5 шақырымнан артық сыртқы жарық жүргізілді.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша өткен жылдардағы көрсеткіштер.
Атап айтқанда, біз 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаны толықтай жүзеге асырдық, оның нәтижесінде жалпы көлемі 367,3 мың ш.м. құрайтын 4 969 пәтер пайдалануға берілді.
2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама бойынша қазіргі таңда жалпы ауданы 230 мың.ш.м. құрайтын 5 086 пәтер салынды. Осы бағдарлама аясындағы басқа да тұрғын үй нысандарының құрылысы бүгінде белсенді жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аталған бағдарлама бойынша жалпы ауданы 206 мың.ш.м болатын 3 496 пәтерден тұратын 16 тұрғын үй кешені құрылысын аяқтау, осылайша, аталған бағдарламаны толықтай аяқтау жоспарланып отыр.
Қаладағы құрылыстың қарқынды жүргізілуіне және тұрғын үй қорының қайта жарақтандырылуына қарамастан аталмыш салада жүйелік проблемалар да жоқ емес. Бұрын өткен есептік кездесулерде де осы мәселе көтерілген болатын. Бұл – ескі және апатты жағдайдағы үйлерді ысыру мәселесі. Бүгінде қалада 3500-ге жуық отбасы тұратын 228 апатты үй бар.
Бұл өте маңызды әрі қиын мәселе болып тұр. Аталмыш проблеманы инвесторлар есебінен шешу мүмкін болмады, өйткені олар мүдделік танытпай отыр. Сондықтан да осындай проблемалы нысандардың өте ауыр жағдайын және қауіпсіздік жағдайын ескеріп, енді ғана түбегейлі жаңа қалалық бағдарлама қабылданды. Бұл мемлекеттегі бүгінгі экономикалық мүмкіндіктердің есебінен жасалған игі қадам болып отыр.
Алғашқы нысандар құрылысы басталып та кетті. Жыл аяғында алғашқы кезеңде ысырылатын үйлер тұрғындарын көшіру басталады. Осы орайда мынандай бір жағдайды бөле-жара айтқым келеді: пәтер иелеріне құлатылған баспананың ауданына пара-пар пәтер беріледі, үйде қанша адамның тұрғаны есепке алынбайтын болады.
Бұл жағдайда ешқандай алдау-арбауға, құйтұрқы әрекетке жол берілмеуге тиіс.
Құрметті астаналықтар!
Баспана – әр отбасы үшін ең маңызды қажеттілік екені айтпаса да түсінікті. Ал қаланың толыққанды өмірін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік нысандар да аса қажет саналады. Сондықтан да оның шешімін табу қала басшылығының бірінші кезектегі басымды мақсаттары болып келеді.
Осы ретте айтар болсақ, қалада 2012 жылы 1776 орындық 8 балабақша пайдалануға берілді. Қазір 19 мектепке дейінгі мекеме құрылыстары жүргізіліп жатыр, олардың 10-ы биылғы жылдың соңына дейін берілмек.
Тұтастай алғанда, «Балапан» бағдарламасы бойынша соңғы 3 жыл ішінде 19 мың орындық 100-ден астам балабақша елдің игілігіне жарады. Алайда, алдында айтып өткеніміздей, бізде жоғары бала туу және орасан көші-қон жағдай қалыптасып отыр. Сондықтан, бұл мәселені бір сәтте шешу және қаланы мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтамасыз етіп тастау мүмкін емес.
Бұл сайтта жиі жазылатын, күн сайын менің өзіме келіп жататын мәселе болып отырғанын айтқым келеді. Енді осы жағдайға байланысты өзімше сипаттап беріп көрейін.
Бүгінгі таңда қала бойынша 110 мың бала балабақша жасында. 32 мың бала мектепке дейінгі мекемемен қамтылып отыр. Ал 68 мыңнан астам бала кезекте тұр. Осы жағдайды сан жүзінде дәйектесек, 280 типтік балабақша немесе 156 млрд теңге қажет болады деген сөз. Дәл қазіргі уақытта осынша қаражатты қала бюджеті көтере алмайды.
Әрине, бұл қалыптасып отырған ахуалға қарап, осындай жағдайда қала береміз дегенді білдірмейді. Бірінші деңгейдегі мәселе екені ескеріліп, бұл мәселені шешетін боламыз. Бұл тұрғыда сәл кейінірек айтамын.
Орта білім беру саласында да түйінді мәселелер бар, атап айтқанда, бүгінде қала бойынша 15 мыңнан астам оқушылық орын қажет саналады. Осы жағдайды жеңілдету мақсатында өткен жылы біз 4 300 орындық 5 мектепті пайдалануға бердік.
Осыдан басқа, бүгінгі таңда 3 500 орындық 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олар жобаланған «Бытығай» ТК (1200 орындық) ауданында, «Железнодорожный» кентінде (1200 орындық) және сол жағалаудағы №19 көшенің оңтүстік ауданында (1200 орындық) салынып жатыр. Биыл біз алдағы жылы пайдалануға берілетіні жоспарланған 7 200 орындық 6 мектептің құрылысын бастаймыз. Бұл жағдай мектептердегі үш кезекпен оқу проблемасын еңсеруге септігін тигізетін болады.
Денсаулық сақтау саласына қатысты. Қала бойынша негізінен барлық емдеу мекемелері қайта жарақтандырылғанын және жөндеуден өткізілгенін атап айтқым келеді. Алайда, біз үшін қазіргі кезеңде емханалық жүйені кеңейту мәселесі өзекті болып тұр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 9 қалалық емхананың жалпы күш-қуаты 300 мың адамға қызмет көрсетуге есептелген. Ал қалада тіркелмеген азаматтарды есепке алмағанның өзінде 800 мың адам тұрып жатыр. Осындай жағдайға қарап қаладағы емханалар екі есе жүктемемен жұмыс істеп жатқанын айтуға болады.
Бұл көзге көрініп тұрған өзекті проблема екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан да бүгінде оның түйінін шешуді ойластырудамыз. Осы ретте қазір қалада жүргізіліп жатқан 7 құрылыс нысанның үшеуі емхана мекемелері болып отыр. Екі нысан бойынша құрылыстық-монтаждау жұмыстары аяқталған.
Тағы да мынандай 5 нысан бойынша жұмыстар жалғасуда:
– 250 орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, Қабанбай батыр даңғылы мен №30 көшесі ауданында.
– 250 орындық дәрігерлік-әлеуметтік оңалту орталығы, 150 адамды бір кезекті қабылдайтын емханасымен бірге.
– Амбулаторлық-емханалық кешен (бір кезекте 350 келушіні қабылдайтын ересектер емханасы, 150 келушіні қабылдайтын балалар емханасы), Жамбыл, 2-ші Алматы, С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында.
– Амбулаторлық-емханалық кешен, сол жағалауда, қазіргі кезеңде жобасы бекітіліп болды, мемлекеттік эксперттеу анықтамасы күтілуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айында «Железнодорожный» кентінде Туберкулезге қарсы диспансер құрылысы басталды.
Осылайша, соңғы үш жылда қала бойынша әртүрлі типтегі 100-ден астам балабақша, 10 орта мектеп, 8 аурухана және емханалар іске қосылды.
Осының бәрі инфрақұрылымдық тұрғыдан алғанда қала тұрғындарының бірінші кезектегі әлеуметтік мүдделерін шешуге бағытталған жұмыстың нәтижесі екені белгілі.
Осымен қоса, қаланың әрбір тұрғыны үшін күнделікті қажеттілікті өтейтін, сонымен қатар экономикалық жағынан алғанда тұтастай қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін салалар бар.
Жол-көлік стратегиясын жүзеге асыру туралы әңгімелейік. Қазіргі кезде елордада 260 000 автомашина тіркелген, олардың саны жыл сайын 30 мыңға өсіп отыр. 140 000 сырттан келетін көлікті есептемегенде, олардың 70 000-ы осы қалада тұрақты жүріп жүр. Яғни, қазіргі кезде қалада 400 мың автокөлік бар. Бұл біз үшін ұлан-ғайыр жүктелсе. Осындай ахуалды ескере отырып, бүкіл қаланың, соның ішінде жол көліктік стратегиясын шешетін мәселелер аясында жүйелі шаралар қабылдануда.
Тұтастай алғанда, үш жыл ішінде шамамен 130 км жол қалпына келтіріліп, жөнделеді, соның ішінде 10 км жаңа жолдар құрылысы жүзеге асырылды. Тек 2012 жыл ішінде 110 км жол салынып, жөндеуден өтті.
Атап айтқанда, Орынбор, Тұран, №27, 46 және Тәуелсіздік, Брусиловский көшелерінің құрылысы аяқталды. Шағын айналма автокөлік жолдары аясында ағымдағы жылы батыс жарты шеңбері жолы салынды.
2012 жылы 13 тұрғын алапта аталған жұмыстар ауқымы аяқталып, 32 км жол салынып, 42 км инженерлік желі тартылды. Өткен жылдың аяғында «Күйгенжар», «Пригородный», «Қазақ ауылы» тұрғын алаптарындағы жұмыстар толық көлемде аяқталды. 2013 жылы жол құрылыс жұмыстарының негізгі жұмыстарының бірі – Есіл өзені арқылы Тілендиев даңғылына шығатын А.Бейсекова көшесін салу. Неге қаланың осы бөлігіне мән беріліп отыр? Себебі, Сарыарқа көпірінің жүктемесі өте үлкен, бұл жерден тәулігіне 60 мың көлік өтеді. Жаңа жол тармағы осы жүктеменің жартысын өзіне тартып, Сарыарқа көпірінің жүктемесін едәуір жеңілдетеді. Көпір құрылысының жұмысын біз бастап та кеттік. Оның алғашқы қадалары қағылуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына таман Сарыарқа көпіріндегі қиындық түйіні шешіліп, өппе жол өтімділігі толық қамтамасыз етіледі деп үміттенемін. 2013 жылы қала бойынша барлығы 115 км жол жөнделеді, соның ішінде қалаға қосылған тұрғын алаптардағы 22 км жол және 40 км инженерлік желілер ретке келтіріледі.
Жолаушылар тасымалы жүйесін жетілдіру сияқты маңызды мәселеге қатысты айтарым, автопарктер шамамен 150 жаңа автобус сатып алады. Сондай-ақ, жол-көліктік инфрақұрылым желісін кеңейтуге байланысты елуден аса жаңа аялдамалар салынады. Қала тұрғындарының тірлігіне қатысты біз елорданы абаттандыру мәселесін де естен шығармаймыз. 2012 жылы осы салада қарқынды жұмыстар істелді. Атап айтқанда, барлығы 131 аула абаттандырылды. Олардың ішіндегі қоршаулар жаңартылып, асфальтты жабындар қалпына келтірілді, балалар ойнайтын және спорттық жарыстар өткізетін алаңқайлар жөнделді.
Қала тұрғындарын алаңдататын аулалар жағдайы қалпына келтіріліп, олардың қолайлылығын арттыру үшін 2013 жылы қалған аула аумақтарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ. Олардың саны 424 аулаға жетіп отыр. Бұл жұмысқа ПИК-тер сақадай-сай болып, құрылыс жұмыстарына өз үлестерін қосуға тиіс. Сондай-ақ, болашақта да абаттандырылған аулалардың ахуалын қадағалап, жанашырлықпен күтіп ұстау жұмыстарына мән берулері шарт.
Бұған қоса, өткен жылы қарсыбеттерді, кіреберістерді жөндеу жұмыстарына мән беріліп, лифтілерді ауыстыру және жарықтандыру шаралары қолға алынды. Осы тұрғыдан алғанда, 2020 жылға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама көп жәрдем берді, біз оны жүзеге асырып келе жатқанымызға екінші жылдан асып барады.
Мәселен, 2011 жылы біз 12 үйді қаржы жиып, жаңғыртудан өткізсек, 2012 жылы олардың саны 16 үйге жетті, яғни, 9 көп пәтерлі тұрғын үйге – күрделі жөндеу жұмыстары, 7 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Биыл осы бағдарлама бойынша 44 үйді жөндеуден өткіземіз.
Енді нақты бағдарлама тұрғындардың мүддесі үшін жүргізілетініне көз жетті. Жөндеу жұмыстарынан соң осы үйлердегі пәтерлердің құны қымбаттайтынын айтсам да жеткілікті. Ал, олардың сыртқы түр сипаты мен қолайлылығы жөніндегі әңгіме бір басқа.
Егер күрделі жөндеуге дейін баспананың бір шаршы метрінің бағасы 700 АҚШ долларына да жете алмаса, жөндеуден кейін пәтердің әр шаршы метрі 1100-1200 АҚШ долларына дейін өсті. Қаланың ескі бөлігіндегі тұрғын үй қоры өз сыртқы түр сипатын жақсарту және әлі де жақсарта түседі, өйткені, біз осы бағытта жұмыс жасап келеміз.
Сонымен қатар, тазалық пен абаттандыру мәселесі тікелей байланысты тағы бір нысанды ерекшелеп атап өткім келеді. Ол – өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген, қоқыс өңдеу кешені. Оның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қуаттылығы жылына 250-300 мың тонна.
Бұл – қала үшін өте қажетті кәсіпорын. Ол толықтай өзінің жобалық қуатына шыққанда, біздер қала аумағынан жиналған барлық қоқыстарды қайталамалы шикізатқа айналдыра аламыз. Оның үстіне, бұл экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да пайдалы.
Құрметті қала тұрғындары!
Астана «ЭКСПО-2017» бүкіл әлемдік көрмені өткізетін орын ретінде таңдалғаны белгілі. Бұл – Қазақстан үшін де, қаламыз үшін де үлкен жетістік. Сондай-ақ, бізге орасан зор жауапкершілік жүктейді.
Енді көрме қалашығына келетін болсақ, қазіргі кезде оның құрылысына 124 гектар жер телімі бөлініп отыр.
Ол коммуникациялық жағынан қолайлы қаланың оңтүстік бөлігінде, медициналық кластердің солтүстігінде, Орынбор, №27 (Хұсейн Бен Талал), №30 және Қабанбай батыр көшелерінің шекараларында орналасқан. «ЭКСПО-ның» орталық көрмелік бөлігі Назарбаев Университеті мен «Абу Даби Плаза» кешенінен келетін желілік парктің қиылысқан тұсында орналасқан.
Қазір ЭКСПО-қалашық жобасына халықаралық конкурс жарияланды. Оның жобасын осы жылдың қазанында Көрмелердің халықаралық бюросы бекітеді. Келесі жылдың басында құрылысы басталады.
Жұмысты жүйелеу үшін «Астана – ЭКСПО» мемлекеттік корпорациясы мен Көрмені өткізу жөнінде қалалық дирекция құрылды.
ЭКСПО-ны өткізудегі ең басты нәрсе – әрбір тұрғынның қала үшін маңызды үдеріске өзіндік үлес қосуы. Біз оны «Болашақтың энергиясы» деп атадық. Сондықтан, қазір әркімнің әрбір пәтердегі қарапайым электр қуатын үнемдеуден бастап «жасыл экономика» жобасын жүзеге асыруға қатысуына дейінгі үлес қосуы маңызды болмақ.
Қарапайым мысалдан, ықтимал энергияны және соған сәйкес ақша қаражатын үнемдеуден сіздің үлесіңізді көруге болады. Мәселен, желіге қосылған электр қондырғылары күту режимінің өзінде-ақ 5-тен 10 Ваттқа дейін электр қуатын тұтынады. Тіпті, тұтынушы аппаратсыз розеткаға қосылған мобильді телефонды, фотоаппаратты, плеерді, ноутбукты және т.б. зарядтауға арналған құрылғының өзі қараптан қарап 95 % энергияны жеп қояды екен.
Шартты түрде розеткаға сұғулы күйінде қалдырылған сондай 4 құрылғы жылына 300/400 кВт/сағ энергия шығындайды.
Ал, бұл бір адамға немесе отбасына шыққандағы есеп қана. Ал, бүкіл Астананың ауқымында алатын болсақ, орташа есеппен 500 мың пәтер, кеңсе мен әлеуметтік нысандар ғимарат, жеке және саяжай үйлері жылына 150 млн Квт/сағ электр энергиясын қарадай шығындайды екен. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, елордадағы ең ірі электр өндіруші станса – ЖЭО-2 ошағының жылдық электр қуатын өндіру көрсеткіші 2 млрд 405 млн кВт/сағат екен. Яғни, біз өндірілген қуатының 6%-нан астамын, 140 мың тонна көмірді текке жаққанымызды, экология мен атмосфераға соншалықты зиян келтіргенімізді есепке алмағанда, қарадай шығындайды екенбіз.
Бұл – жарықтандырғыш шамдар мен тұрмыстық электр қондырғыларын қосуды есептемегендегі электр қуатын тұтыну көрсеткіші.
Осынау нақты көрсеткіштердің өзі материалдық құндылықтарды үнемдеудегі, шынтуайттап келгенде, қоршаған ортаны қорғаудағы әркімнің рөлін айқын көрсетеді. Мұның ар жағында билік бастамашы болған су үнемдеу, кіреберістерге сенсорлы жарықтандыру құрылғыларын орнату және т.б. іске азаматтардың түсіністікпен қарауы маңызды рөл атқаратынын бағамдай білу қаделігі жатыр.
Бұған қаланың шағын және орта бизнесі де үлес қоса алады. Қарапайым бір мысал келтірейін. Қазір бүкіл әлем шіріп-ыдырамайтын, қоршаған ортаны ластап-бүлдіретін полиэтиленді пакеттерден бас тартып жатыр. Оның орнына сол полиэтиленді қалталардан қымбат емес полимерлі немесе қағаз пакеттер пайдаланылуда. Біздің кәсіпкерлер осыны пайдаланса, «жасыл экономика» қағидасын қолдауға үлкен көмек болар еді.
Ал, енді орта және шағын бизнестің «ЭКСПО» өткізуге қатысуы тек жақсы табыс табу мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге өз бизнестерін жаңа сапалық деңгейге көтеру сәті екенін еске салғым келеді.
Бір сөзбен айтқанда, қаланың алдында бүкіл тіршілік-тынысын қамтитын ауқымды да байыпты міндеттер тұр. Біз қазір энергияның еселенбелі әрі баламалы көздерін, соның ішінде электр қуатын, су тұтынуды үнемдеу және т.б. жөніндегі жобаларды күнделік өмірге енгізу үшін іріктеп, сұрыптау үстіндеміз. Сол жобаларды анықтап алған соң қала жұртшылығымен, мына сіздермен, оларды төрт жыл бойы жүзеге асырмақшымыз, құрметті қала тұрғындары.
Астанада 2017 жылы ЭКСПО-ны өткізу мүмкіндігінің тек Қазақстандағы «экономикалық сағатқа» ғана емес, сондай-ақ 100 млн адамнан аса тұрғыны бар көрші мемлекеттердегі таяу географиялық аумақтағы дамуға қарқын бітіретіні түсінікті.
Шын мәнінде, «ЭКСПО-2017» жанама ойлау жүйесін, соны технологияларды және де жаңа тұрмыс салтын қалыптастыруға нақты бір жетек болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, Астана тың идеялар мен жаңаша істердің көпіріне айналуға тиіс.
Осыған орай 2017 жылы «ЭКСПО» өткізгенге дейін қалада өткізу жоспарланған жұмыстармен таныстыра кеткім келеді.
Осы уақытқа дейін Астана мынадай әйгілі нысандармен ажарын ашатын сәулеттік келбетке ие болады:
– Опера және балет театры;
– Тұңғыш Президент кітапханасы мен қоры;
– Ұлттық мұражай;
– Ғарыштық зерттеулер орталығы;
– Ұлттық қорғаныс университеті;
– Жабық қала кешені;
–«Абу-Даби Плаза» көпфункционалды кешені;
– «Хилтон», «Мэриот», «Ритц-Карлтон» және «Фор Сизонс» қонақүйлері;
– 5 мың орындық Жекпе-жек сарайы;
– 10 мың орындық Мұз сарайы.
Сонымен бірге Бейбітшілік және келісім сарайынан 4 км жерде, «Мыңжылдық саяжолының» бойында жаңа теміржол вокзалының құрылысы басталады.
Екіншіден, 2017 жылға дейін «Хан шатыры» кешені мен Орынбор көшесінен батысқа қараған «Мыңжылдық саяжолы» мен «Жабық қала кешенінің» маңындағы аудандар игерілетін болады. Бұл инвестициялық жобаларға сәйкес шамамен 8,5 млн ш. м тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Оның үстіне, біз «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыруды жалғастырамыз. Жоғарыда атап өткенімдей, қалада 2017 жылға таман осы бағыт бойынша 1,3 млн ш. м тұрғын үй салу жоспарланған.
Үшіншіден, әлеуметтік нысандар желісі едәуір кеңейеді, атап айтқанда:
– балабақшалар тапшылығын 12 000 орындыққа азайтуға мүмкіндік беретін 50 мектепалды білім мекемесі;
– 36 000 орындыққа есептелген 30 мектеп;
– 15 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде ауысымына 750 адамды қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 5 орталығы, 1000 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар 5 амбулатория-емхана кешені және 1000 төсек орын 4 стационар 2017 жылға дейінгі жоспарға сай тұрғызылады.
Төртіншіден, елорданың өндірістік әлеуеті айтарлықтай артады. Мәселен, 2017 жылы қалада келесі 12 ірі кәсіпорын жұмыс жасайды деп күтілуде:
– Табиғи балама дәрі-дәрмекті өндіретін фармацевтикалық фабрика;
– Аффинажды зауыт;
– Электронды-оптикалық аспаптарды өндіретін зауыт;
– Тез тамақтану өнімдерінің комбинаты.
Алайда энергетикалық қуатты еселемесе, қаланың өзге жаңа нысандары секілді ЭКСПО активтері де қызмет ете алмайды. Астанада жыл сайын миллион шаршы метрден астам тұрғын үйлер пайдалануға беріледі. Әртүрлі аудандарда бой көтеретін ғимараттар мен тұрғын үй кешендері қаланың бүкіл аумағын қамтиды. Олай болса, жоспарларымызды іске асыру барысында міндетті түрде қаланың энергетикалық проблемасы туындайды. Оны алдын ала ескеріп, Елбасы 2008 жылы энергетикалық кешен мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін одан әрі жаңалаудың басым бағыттарын анықтап берген болатын.
Энергетикалық ресурстарды көбейту міндеті қаланың энергетикалық саласын дамытудың 2018 жылға дейінгі индикативті жоспарымен үйлестіре іске асуда.
2017-ге таман жаңа қуат өсімі электр энергиясы бойынша 240 МВт, ал жылу энергиясы бойынша 1080 Г/кал құрайды.
Осындай жобалардың бірі – 3-ЖЭС, оның құрылысы 2011 жылдан бері жалғасып келеді. Нысандағы жұмыстар жоспарлы мерзімдеріне сәйкес атқарылуда. 2015 жылға таман нысанның бірінші кезектегі бөлігі, 2018-де толықтай қолдануға дайын болады.
1-ЖЭС реконструкциясына келер болсақ, 2008 жылдың қазанынан орындала бастаған жоба 2016 жылдың бірінші тоқсанында аяқталуға тиіс. Реконструкция 1961 жылы пайдалануға берілген жылу көзін сақтап қалумен қатар, бүкіл стансаның жылу өндірудегі үлестік шығынын азайтып, жалпы ПӘК-ті жоғарылатуға жағдай туғызады.
2012 жылы № 3 қазандық агрегаты қосалқы тораптарымен монтаждалып, іске қосылды.
2-ЖЭС стансасын кеңейту әрі реконструкциялау жобасы 2009 жылы іске аса бастаған бірнеше кезеңге бөлінген.
1-кезең аясында биылғы жылыту маусымының қарсаңында салынып біткен қуаттылығы 480 Гкал/сағ. су жылытқыш қазандықтың ашылуына ҚР Президенті қатысып, қаладағы жылу тапшылығының шешім тапқанын атап өтті.
Сіздер өткен жылдың желтоқсан айында ауа температурасы 40 градустан төмендегенде жылумен қамту жүйесінде ақаулар болмағанын сезген боларсыздар. Қала тұрғындарының пәтерлерінде жылу мүлдем үзілген жоқ.
2-кезеңнің міндеттері қатар орындалып келеді, 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен төрт су жылытқыш қазандық пен екі турбоагрегат елорда тұрғындарының игілігіне жұмыс жасай бастайды. Осылайша 2016 жылдың өзінде қосымша 240 МВт электро қуаты мен 560 Гкал/сағ. жылу энергиясы өндірілетін болады.
Оған қоса, 2-ЖЭС-тен ЭКСПО өтетін ауданға ұзындығы 26 км 4-кезектегі жылу магистралін тарту жоспарланған.
Қаланы жылумен қамту сенімділігін арттыру мақсатында Потанин көшесіндегі 7, 2, 5, 15, 18-ЖМ және ЖМ магистральді жылу желілері реконструкциядан өтетін болады.
Энергетикалық жобалардың қатарына 220-ӘЖ электр тарату шеңбері жатады. Жоба 3 кезекке бөлінген.
Бүгінгі таңда біз құрылыстың 3 кезегін де жүзеге асырудамыз. Алғашқы кезек мәресіне жетіп, қаланың батыс бөлігін электр қуатымен тоқтаусыз қамтамасыз етіп отыр. Бұл желілердің тиімділігі ауа температурасының ауытқыма өзгерісінде анық байқалды.
2-кезек бойынша биыл «Шығыс» 220 кВ аралық стансасы мен 220 кВ әуе желілерінің құрылысы тамамдалады.
Жобаның 3-кезегі 110 және 220 кВ әуе желілерін, «Достық», «Аэропорт-новая», «Олимп» атты үш аралық стансасын салуды көздейді. Нәтижесінде 220 кВ электр тарату шеңберінің құрылысы аяқталғаннан кейін қарқынды дамып жатқан Орынбор және Әуежай аудандарын электр қуатымен қамту мүмкіндігі туады.
Сонымен, бұл жоба шеңберінде 10 аралық станса салынатын болады.
Елордамыз үшін 2015 жылға таман газ сапалық тұрғыда жаңа энергия көзіне айналмақ. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазмұнайгаз 2014 жылдың соңына қарай Астанаға магистральді газ құбырын тартып, қуаттылығы 210 мың текше м/сағ. екі автоматтандырылған газ тарату стансасын салуды көздеп отыр.
Бұл ретте алғашқы уақытта қаланың индустриалды бөлігі мен жеке меншік секторы газбен қамтылады деген жоспар бар. Осы мақсатта қазіргі кезде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде. ТЭН-ге сәйкес газ ең әуелі екі бағытта – қала шетіндегі тұрғын үй ғимараттары мен Индустриалды паркке жеткізіледі.
Қала газды 1,2 млрд текше м көлемінде қажет етеді. Бұл мөлшер қаланың индустриалды бөлігі мен жеке меншік секторын тұтас қамтамасыз етеді.
Соңғы екі жыл бойы айналысып жатқан тағы бір ірі жобамыз – «Талдыкөл жинақтауышын жою». Жоба жұмыстары 5 жыл: 2011–2015 жылдар аралығына есептелген.
2011 жылы канализациялық тазартқыш құрылыстарда инфрақұрылым нысандары және тазартылған ақаба суларды Есіл өзеніне ағызуға арналған коллектор салынды. Өткен жылы бұрыннан бар канализациялық тазартқыш құрылыстарды реконструкциялау жұмыстары аяқталып, қосымша тазарту блогының құрылысы басталды.
2012 жылы «Талдыкөл» жинақтауышын жоюға тікелей қатысы бар жұмыстарды, дәлірек айтқанда, су түбі лайын утилизациялау мен құрғатылған жерлердің құнарлығын қалпына келтіруге арналған нысандардың құрылысын қолға алдық. Осылайша қалдықтарды геотекстильді контейнерлерде жою стансаларына арналған алаң дайындалады.
Жобаның екiншi кезегінде Астана қаласынан жоғары «Нұра-Есіл» каналына тәулігіне 118 мың текше м тазартылған ақаба суларды ағызып, Есіл өзенінің секундына 1,3 текше м сумен толықтыру қарастырылған.
Сөйтіп, Есілге ағызылатын тазартылған ақаба сулардың мөлшері 2015 жылы секундына 3 текше метрді құрауы мүмкін. Бұл Астана суқоймасының қоры елорданы ауызсумен толықтай қамтамасыз етеді деген сөз, енді техникалық мақсаттарға суды бөгеудің қажеттігі болмайды.
Астанада өтетін ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесі тұрғысынан қарағанда, қала үшін көлік стратегиясының да маңызы жоғары. Осы орайдағы біздің жұмыстарымыз орталықтағы негізгі магистральдерді босату, қала шетіндегі жол-көше жүйесін дамыту мақсатында 2030 дейінгі Бас жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.
2017 жылға таман Астана қаласының Бас жоспарында көзделген, ЭКСПО көрме қалашығына апаратын барлық магистральді көшелер салынады. Жалпы алғанда, 2017 жылға дейін 400 км жол салынып, реконструкциядан өтеді. Бұл дегеніміз:
– ұзындығы 17 км Кіші айналма жол құрылысы аяқталады;
– қаланың аса күрделі учаскелеріндегі жолдарды салу әрі реконструкциялау (50 км);
– ЭКСПО өткізу ауданында: № 23 – Қабанбай батыр – Тәуелсіздік – № 31 көшелер бойындағы жолдар құрылысы (45 км);
– 51 км магистральді жолдар құрылысы.
Сондай-ақ, келесі бес ауданды дамыту барысында жолдар мен инженерлік желілер құрылысы жоспарлаған:
– «Мыңжылдық саяжолы» (58 км);
– Тұран даңғылынан батысқа қараған, қолжетімді баспаналар салынған аудан (54 км);
– Мирзоян – Ақыртас – Тәуелсіздік – Қошқарбаев (елшілер қалашығы) көшелерінің шекарасы (4,5 км).
Қала шекарасына енгізілген аудандарда 100 шақырымнан астам жолдар мен инженерлік желілердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру саласында да елеулі өзгерістер күтілуде. Халықаралық әуежайдан көрме өтетін аудан бағытында жүріп, жаңа теміржол вокзалына дейін 21 км жеңіл рельсті көлік LRT жүйесін жасау жоспарланып отыр. Бағыт әкімшілік-мәдени нысандардың қасынан және қонақүйлердің көпшілігі орналасқан әлеуметтік мәні бар аудандардан өтуімен қолайлы.
LRT-мен бірге ортақ кешенді BRT, яғни арнайы жолақтармен жүретін жүрдек автобустар жүйесі түзетін болады. Бұл жоба жолаушылардың әжептеуір бөлігінің осы жүйеге ауысуына, жол қозғалысын ұйымдастыру жұмысын жақсартуына әкеледі. Жолдың жоспарлы ұзындығы – 48 км.
Қазақстан елордасының географиялық қатынасын кеңейту мақсатында Көлік және коммуникация министрлігі «Астана» халықаралық әуежайы» АҚ-мен бірге шетелдік әуекомпаниялардың жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашуы жөнінде ұдайы жұмыс жасайды.
2011 жылы «Астана» халықаралық әуежайы 15 325 рейсті жөнелтіп қабылдаған, 2,3 млн жолаушыға қызмет көрсеткен, қарбалас сағаттарында жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 750 адамға тең болған.
2017 жылға таман жөнелтіп қабылданатын рейс санын 20 000-ға, ал жолаушылар санын жылына 5 миллионға жеткізу жоспары құрылған.
Алдағы бес жыл қаламыздың инфрақұрылымы мен көлік логистикасының жақсаратын уақыты ғана емес, бұл елорданың визуалдық бейнесінің сапалы түр өзгеретін кезі.
Осы салада қаламызда атқарылған шаруалар қомақты. Бұл, негізінен, абаттандыру мен көгалдандыру бағытында орындалған ірі жобалардың жемісі. Мысалы, Астананың 15 жылдығына орай салынып, жөндеуден өтетін саябақтар саны 13, олардың жалпы ауданы 11 га болмақ.
Оған 67,4 га жер алып жатқан қаланың реконструкцияланып жатқан орталық мәдениет және демалыс саябағын қосыңыз. Барлық жұмыстар аяқталған соң саябаққа келушілер саны екі есеге артады.
2017 жылға дейін қаланың перспективті аудандарын абаттандыру төңірегінде де атқарылатын жұмыстар баршылық, бұл жерлерде жаңа саябақтар пайда болады. Қаланың атаулы да көрікті орындарына ауданы 100 га заманауи Ботаникалық бақ, «Мыңжылдық саяжолындағы» желекжолдар мен саябақтар, Есіл өзенінің бойындағы саябақ және бірегей «Этноауыл» кешені қосылады.
Қадірлі елордалық қауым!
Өткен жыл қорытындысы біздің дамуымыздың қарқынды екенін дәлелдеп беріп отыр. Ал, бұл – ең алдымен, барлығымыздың ортақ жетістігіміз. Бұл – болашақта қала алдында тұрған қысқа мерзімді һәм стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолындағы жұмыстарына жақсы негіз.
Аталған міндеттердің уақытылы әрі сапалы шешілуі астананың әр тұрғыны үшін қолайлылық пен игілік сыйлайды. Сіздер мен біздің ортақ мүддеміз, туған қаламызға деген сүйіспеншілігіз қала алдында тұрған міндеттер мен мақсаттарды ойдағыдай орындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Оның үстіне, түйінді мәселелер бізге түсінікті әрі айқын. Ол:
– Экономикалық әлеуетті біртіндеп арттыру;
– Қаланың дотациясыз деңгейге шығуына басты негіз болатын шағын және орта бизнестің белсенді дамуы;
– Сапаға екпін түсіре отырып, тұрғын үй құрылысы қарқынын сақтау;
– Елорданың энергетикалық әлеуетінің өсуі;
– Жол-көлік стратегиясын ары қарай жүзеге асыру және жолаушы тасымалдау саласындағы қызмет көрсетуді жетілдіру;
– Мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептердегі орын жетіспеушілігін төмендету;
– Емханалық звеноға түсетін жүктемені азайту;
– Жұмыссыздық мәселелерін, әсіресе, жасырын жұмыссыздық мәселелерін шешу.
Қадірлі елордалық қауым!
Біз қашаннан «Басталған істің жұмысы – біреу, ырысы – ортақ» деп еңбегін елдігіне, тірлігін бірлігіне балаған халықпыз.
Астана – тұтас еліміздің жүрегі болса, осы қаланың төл тұрғыны – Сіз бен біз оның тірегіміз. Содан болар – осында отырған баршамыз үшін туған шаһардың аспандағы ауасы да, берекелі дауасы да, жазылмаған жарасы да ортақ. Олай болса, бүгін осында келіп, ой бөліскен азаматтық қадамдарыңыз үшін көп рақмет!
Бұл – осы қаланың басшылығы – бізге артылған шынайы сенім ғана емес, үлкен жауапкершілік деп білемін. Сөз жоқ, оның үдесінен шығып, әр үміттің жолын табу үшін қолдан келгенді аямаймыз.
Алда атқарылар іс көп, жобаланған жоспар жетерлік. Жоғарыда оның біразын тарқата айттық. Десе де, бәрін тізіп бір баяндамада көрсету мүмкін емес.
Ендеше, көкейде жүрген пікір-сұрақтарыңыз болса, тыңдауға әзірмін.