АСТАНАНЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ

0 104

Отандық өнімнің сапасын арттыруды көздейтін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік кезеңінде елорданың үздік тауары анықталды.  Астана қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова  жеңімпаздарды құттықтап, арнайы дип­ломмен марапаттады.

тауар

Елордада  жыл сайын  шағын және орта кәсіпорындардың саны артып келеді.  Үздік та­уарлар көрмесі кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып қа­на  қоймай, қазақстандық нарықты жоғары сапалы әрі бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуді көздейді.  Екіншіден, кәсіпорындар арасында сапа менеджментін дамытуға ықпал етеді.
Биылғы байқауда әуе­жай­лар мен авиа­ком­пания­лар­ға арналған өнімдер, ме­дициналық және электронды құралдар, зергерлік бұйым­дар, жиһаз және азық-түлік өндіретін кәсіпорындар бақ сынады. Конкурс қоры­тындысы бойынша «Үз­дік өндірістік тауар», «Тұрғын­дарға арналған үздік тауар», «Үздік азық-түлік  тауары» аталымдары бойынша жеңім­паздар белгілі болды.
Сонымен,  сапасы мен сертификатталу өлшемдеріне  қарай  «Үздік өндірістік та­уар» аталымын «Астаналық әйнекпакет шығару» ком­пания­сы жеңіп алды.   Ал бай­қауға алғаш рет қатысқан «Alab Industries» компаниясы екінші орынды иеленді. Аталмыш компания – әуежайларда кеңінен қолданатын ұшып-қону жолағын өңдеуге арнал­ған өнімдерді шығара­тын жалғыз кәсіпорын. 2015 жы­лы  ашылған компания аз уақыттың ішінде жетістікке жеткен. АҚШ пен Канаданың зертханасында сыналған өнім­дері үздік атанып, әлем­­­­­­дегі алдыңғы қатарлы 30 компанияның қатарына қосылып үлгерді. 2005 жылы іргесі қаланған «Спецэлектра» кәсіпорыны үшінші орынды қанағат тұтты.
«Халыққа арналған үздік тауар» аталымы бойынша 10-нан астам кәсіпорын сынға түскен екен. Бірінші орынға «LED Solution» компаниясы лайық деп танылды. Жылына 60 000 жарық шамын шығаратын кәсіпорын тұрғын үйлерге, кеңселерге, өндірістік нысандар мен көшелерге арналған жарықдиодты шам­дардың 100-ден астам тү­рін өндіреді.  «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша  аумақтық және республикалық жобаларға жетекшілік жасайтын «БАРК Технолоджи»  кәсіпорыны екінші орынды иеленді. Ал елордалық  «Samhat» аяқ киім фабрикасы үшінші орынды қанағат тұтты.
«Үздік азық-түлік тауа­ры» аталымы бойынша  Қазақстан нарығында жеті жылдан бері талай жетістікке жеткен «Балнұр-НС» кә­сіп­орыны жеңіске жетті. Астаналықтардың сүйіктісіне айналған «Bambino» балмұз­дақтарын сатумен айналысатын кәсіпорын еліміздің  5 қаласында  50-ден астам балмұздақ түрін шығарады.  Таза табиғи өнімнен жасайтын  кәсіпорынның, әсіре­се,  қымыздан жасалған балмұз­дағына сұраныс көп. Бүгінде Ресей және Қытай нарығына қадам басқан.
Ал екінші орын  «Golden Rill Trade»  компаниясына бұйырды. 1998 жылы  «Вода Хрустальная» сауда белгісімен құрылған  мекеменің ауыз суы бүгінде  әрбір астаналықтың үйінен табылады.
2007 жылдары нарыққа «Романовский продукт» белгісімен шыққан «Нұр Әділ» жеке кәсіпорыны үшін­­­­ші орынға табан тіреді. 60 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме нан өнімдерін өндірумен айналысады.
– Үздіктер үзеңгі қағыс­тырған бай­қауда елорданың ең үздік мекемелері анықталды.  Көрмеде халық қызығушылық танытқан өнімдердің бірі – өкпе терапиясына ар­нал­ған «VibroLUNG» вибро­акустикалық құралы. Оны ел­ордалық мамандар зерттеп шығарған. Ол физиотерапия құралдарының бірі әрі тыныс алу ағзаларын емдеуге арналған. Сонымен қатар, «Полезный продукт» мекемесі туралы айтуға болады.  Аталмыш кәсіпорын Қазақстанда өсетін жеміс-жидектерді заманауи өңдеу тәсілдерімен айналысады. Мысалы, инфрақызыл кептіру тәсілімен дайындалған алма чипсін өндіреді. Нәтижесінде алманың нәрі өзінде сақ­та­лады. Отандық өнім импорт­тық десертті алмастыруы әб­ден мүмкін, – дейді Астана қаласы Кәсіпкерлер  палата­сының директоры Ғани Тасмағамбетов.
Сонымен, жеңімпаздар  жыл соңында өтетін «Қазақ­станның үздік тауары» көрме-байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 10 =