АСТАНАНЫҢ ГҮЛ АЖАРЫ

0 322

Біз кеше «Астана-Көгалдандыру құрылысы» АҚ қызметкерлерімен бірге елорда көшелеріне гүл отырғызу жұмысына қатысып қайттық.

Мамыр айы туысымен қала көшелерінің жайнап шыға келетін жылдағы әдеті бар. Елорданың іші-сырты қалы кілемдей құлпырып, гүлордаға айнала бастайды. Бірнеше жылдан бері Астана көшелерінің ұзатылған қыздың жасауындай жайнап тұрғанына жанар үйретіп алдық. Көрген көз сүйсінеді. Самаладай шаһардың самал желіне қызылды-жасылды өсімдіктердің иісі қосылып, саф ауасын сыйлауда. Әдемілікке сүйсіну – заңдылық. Десек те, сол сұлулықтың өзі оңай келмейтінін және айтуымыз керек. Астананың сұлулығын айдай әлемге айшықтап тұрған жасыл майса мен өсімдіктерді өсіріп, баптаудың өз машақаты жеткілікті.

Басқасын айтпағанда, оларды инфекциялық аурудан бастап, басқа да зиянкестерден аман сақтау үшін жүздеген адам көз ілмейді. Түбімен топыраққа отырғызып, олардың гүлдегенін көрмейінше дамыл таппайды. Оған бағбандармен бірге көшеге гүл отырғызу жұмысына барған кезде көз жеткіздік.

Мекеменің 80-нен астам қызметкері күн сайын таңғы сағат алтыдан бастап көгалдандыру жұмысына кіріседі. Биылғы жоспар бойынша бағбандар қаладағы 151 127 шаршы метр аумақты гүлзарға айналдырамыз деп отыр. Кәсіпорын жылыжайларында шырайгүл, есінек, тагетис, сальвия, бегония сынды гүлдердің 54 түрі өсірілді. Көгалдандыру мамандарының айтуынша, биылғы жылы бұл гүлдердің қатарына гүлдердің жаңа түрлері қосылыпты. Атап айтсақ, олар – шырмауықгүл, бақытгүл, тегеурінгүл, бозот, абриета, гейхера, пинецетум деп аталатын көпжылдық өсімдіктер.

Әдетте, мамандар жыл сайын гүл отырғызу науқанын мамырда бастап, қала күніне санаулы күн қалғанда аяқтайтын. Биыл олар маусым айының аяғына дейін отырғызып боламыз деп отыр. Бұл межеге жетуге еш кедергі жоқ. Жерсіндірілетін гүлдер дайын. Оған қоса қыс кезінде кәсіпорынның ландшафтық жобалау шеберханасының мамандары гүлдестелердің жобасын әзірлеп қойған.

Бүгінде «Ақорда», «Қазақ елі» алаңдары мен «Шабыт» шығармашылық сарайы, «Студенттер» саябағы мен қалалық әкімдік, «Абай» ескерткішінің аумағы көк майсамен көмкерілді. Бұған қоса, Астана көшелері көпке гүл мүсіндермен де белгілі. Жасыл желектен жасалған 25 мүсіннің алғашқылары қойыла бастады. Сол жағалаудағы гүлден тоқылған «Киіз үй», «Қыз бен жігіт», «Түйелер» сынды мүсіндердің тамашалаушылары табылды.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − one =