АСТАНАНЫҢ АЖАРЫН АДАМДАРЫМЕН АШТЫ

0 152

????????????????????????????????????

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков  берісі Қазақ елі, әрісі біртұтас түркі әлеміне сыйлы тұлға. Өткен жазда ағадан сұхбат алуға барғанда бұған әбден көз жеткіздік.

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰЛҒАСЫ

Ғылымда да, қызметте де жолы болған азамат кездесуге өзі басқаратын Қазақ ұлттық өнер университеті жа­нын­дағы Қорқыт ата атын­дағы ғылыми-зерттеу институ­­тына шақырған. Сол жерде Әзер­бай­жаннан арнайы келіп, оның қолын алуға ықылас танытқан қонақпен әңгімесіне куә болдық.
Жалпы Мырзатай Жолдас­бековтің Қазақстанда түркітану ғылымының орнығып, екі ая­ғынан тік тұруына сіңірген еңбегінен жұрт хабардар. Иран Ислам Республикасындағы еліміздің төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарғанын да халық біледі. Ал Түркі мем­лекеттері ақсақалдар кеңе­сінің алғашқы төрағасы бол­ғанынан көпшілігі бейхабар. Мырзатай аға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесін, түркі тектес халықтардың басын қосу, біріктіру жөніндегі саясатын ілгерілетуге үлес қосты.
Жуырда түркітанушы ға­лым, Әзербайжанның қоғам қайраткері Ибрагимхалил Балаевтың сұхбатын оқып қалдық. Түркі мемлекеттерінің бірігу мәселесі қозғалған бұл әңгімеде ғалым Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов есімдерімен қатар Мырзатай Жолдасбековтің де атын атайды. Бұл сөз жоғарыда айтылған пікірімізді дәлелдейді.
Мырзатай Жолдасбеков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алты жыл жетекшілік етті. Сол кезде оқу орнының қақ төріне ежелден өркениетті ел екенімізді дәлелдейтін Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орнатылды. Бұған қоса Астанада зиялы ортаның қалыптасуында да Жолдасбековтің еңбегі зор.

ЕЛ ЕРТЕҢІН ОЙЛАҒАН

Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» бағдар­ламасының қадамда­рының бірінде Астананы кәсіп­кер­лерді, студенттерді, зерт­теушілерді, барлық өңір­лерден туристерді тартатын Еу­разияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру туралы айтылады.
Бұл үдеріс Мырзатай Жолдас­беков Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ректор болып тағайындалған уақыттан басталған сияқты.
2000-шы жылдардың бас кезінен қайтыс болғанға дейін Астана көшелерінде халқымыздың біртуар ұлы, аса көрнекті ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек қасқайып жүретін. Әйгілі этнограф пен оның жан досы Қойшығара Салғараұлы екеуінің елордада орнығуына бірден-бір себепкер тұлға – Мырзатай Жолдасбеков. Мұның жайы қос ғалым бірігіп жазған «Жүрегіне қаламын сүйеген» мақаласында егжей-тегжейлі айтылады.
Онда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызметке ша­қырту алған достар «Не істеу керек? Екеуміздің де барғымыз жоқ. Бірақ өмір көрген ағаның ұтымды ойы біздің бұлтара тартқан бұл­тағымызға ерік бермей, алды- артымызды бірдей орап, өз дегеніне қарай икемдеп әкетті» деген жолдарды келтіреді.
Ал ректор сол кезде қандай уәж айтты? Ендігі кезекті соған берейік. «Бауырым-ау, күндізгі күлкіден, түнгі ұйқыдан қалып, көз майымызды тауысып, не үшін, кім үшін еңбектеніп жүрміз? Бәріміздікі сол сан ғасыр боданда болып, ұлттық болмысынан айрыла бастаған халқымыздың Құдай көз жасын иіп, зарығып жеткен тәуелсіздігінің игілігін баянды етуге лайық білімді де білікті ұрпақ өсірсек деген мақсат емес пе! Ендеше сол ұрпақтың қалғыған санасын оятып, тарихи жадын қалпына келтірер білімді, тәрбиені өздеріңдей азаматтар бермегенде кім береді?» деген Мырзатай Жолдасбеков ақыры қос ғалымға артқа шегінуге жол қалдырмайды.
Иә, осындай азаматтардың елордаға келуіне, Астананың шын мәнінде астана атына лайық мәртебе иеленуіне Мырзатай Жолдасбековтің қосқан үлесі аз емес. Сол ең­бегі ескеріліп, Астана қаласы мәслихатының шешімімен оған 2007 жылы табысты мемлекеттік және қоғамдық қызметі, Қазақстанның елордасы – Астана қаласының қа­лып­­тасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін «Астана қала­сының құрметті азаматы» атағы да берілген болатын. Сөз реті келгенде, ғалым өзі туған Жамбыл облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы екенін де айта кетейік.

АҚМОЛА АТЫН ҚАЙТАРҒАН КІМДЕР?

Шындап қарасақ, Мырзатай Жолдасбековтің Астанамен байланысы 2000 жылдан емес, сонау Целиноград кезінен-ақ басталған екен. Кеңес заманында Тың өлке­сінің астанасы деген желеумен байырғы Ақмола қала­сының атауы өзгертілді. Тәуел­сіз­ді­гіміздің елең-алаңында, ұл­тымыздың қолы өз аузына жете бастаған тұста қалаға бұрынғы атауын қай­тарып беру науқаны қолға алынды.
Ал бұл істің сәтті шеші­луіне сол кезде билік басында бол­ған тұлғалар Әбіш Кекіл­бай­ұлы мен Мырзатай Жолдасбеков атсалысты.
Бұл жөнінде: «1992 жылы Целиноградта құрылған «Тіл және мәдениет» қоғамының жетекшілері түгелдей жұмы­лып, облыс халқынан 12 мың қол жинағанбыз. Осынша ел «Ақмола аты қайтарылсын» деген ұйғарымымызға тілектес болды. Сол ұйғарымды Жо­ғарғы Кеңестегі Әбекеңе жет­кізгенбіз. Әбекең оны сол тұста Республика вице-премьері болған Мырзекеңе көрсетіп, екеуі мәселені тез шешудің жай-жапсарын ақылдасыпты. Тізе қоса жүріп ономастика комиссиясының келісімін алған. Жоғарғы Кеңестен де шұғыл өткізіп жіберген. Сөйтіп Целиноград қаласы көзді ашып-жұмғанша,1993 жылы Ақмола болып шыға келген» деп жазады жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл «Тау өзені ағысынан жаңылмайды» атты мақаласында.

Ата тарихын жаңғыртқан қала
Ал 2000-шы жылдардың басында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев:
Отырмын көңілім жайланып,
Бекіндім осы ойға анық –
Бірте-бірте Астана
Барады Мырзатайланып – деп астарында үлкен шындық жатқан шумақты жазды. Рас, Мырзатай Жолдасбеков – көзі тірісінде-ақ аңызға айналған тұлға. Соның дәлеліндей қазір жер-жерде оның есімін иеленген ошақтар ашылуда. Мәселен, екі жылдай бұрын Астанадағы ҚР Ұлттық акаде­миялық кітапханасында «Мырзатай Жолдасбековтің Мемориалдық кітап коллекциясы» залы ашылды. Оған ғалым 10 мыңға жуық жеке заттарын тапсырды. Арасында кітаптар мен кітапшалармен қоса мемориалдық экспонаттар (кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар, медальдар, монеталар, т.б.), аудио, бейнематериалдар, грампластинкалар мен открыткалар бар. Ал өткен көктемде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар» орталығының ашылу рәсімі өтті.
Астана туралы Мырзатай
Жолдасбековтің өзі: «Жаңа астана ұмыт бола жаз­даған Ата тарихымызды жаң­ғыр­туда. Күлтегін жа­зуы­ның жеткі­зілуі, қаланың ірге­сінен мыңжыл­дық шежіресі бар Ақжол кентінің ашылуы
рухымызды бір сер­пілтіп тас­таса, дала даналары Төле, Қа­зыбек, Әйтеке билерге, Кенесары ханға, Абайға орнатылған ес­керт­кіштер жүгенсіздіктен мәңгүрттене жаздаған санамызды тазартуға тартқан асыл арнадай көрінеді… Жақсы ма, жаман ба, біраз жасқа жеттік. Соңғы жылдары тағдырым Астанаға ауды. Жас елорданың келбетінде уақыттың тынысы мен танымы, қуанышы мен реніші, арманы мен тағылымы арудың қос бұрымындай жа­рыса өріліп жатқанын кө­ре­мін» деп айтқан еді. Біз өз та­рапы­мыздан Астананың адам­дармен ажарлануына сіздің де үлесіңіз бар, Мырзатай аға дегіміз келеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × two =