АСТАНАНЫҢ АТЫ ОЗҒАН ШАҚ

0 161

Азия ойындары – кіші олимпиада. Осы құрлықты мекендеген кез келген мемлекет үшін солай екені даусыз. Мұнда да ту көтеріліп, әнұран шырқалады. Елдің атағы асқақтап, намысы қайралады.
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Корей республикасының Инчхон қаласында өткен Азиада Қазақстан құрамасын жаңа қырынан танытып, жақсы атын шығарды. Бұл жолы біздің спортшылар 28 алтын, 23 күміс және 33 қолаға қол жеткізіп, осыған дейінгі рекордтық көрсеткішті жаңартты. «Алтын, күміс – тас екен» дегенмен, тастың арқасында алты алаштың абыройы аспандағанға не жетсін, шіркін?!

Асылында, кез келген ресми жарыста жүлдегерлерді марапаттау рәсімі қола-күміс-алтын реті бойынша жүзеге асады. Біз де сол дәстүрді жаңғыртпақ оймен…

Астана – үшінші

Оңтүстік Кореяда өткен үлкен жарысқа Қазақстанның атынан 413 спортшы аттанса, солардың ішіндегі 57 атлет астаналықтар болып табылады. Бұл – еліміздегі барлық аймақтар арасындағы қатысушылар саны бойынша үшінші көрсеткіш.

Инчхондағы ойындар – ел құрамасы тарихындағы алтыншы Азиада. Қазақстан құрамасы алғаш қатысқан құрлықтық додада (1994 жылы, Хиросима) 27 алтын медаль олжалағанын бұған дейін де жазған едік. Ал, 1998 жылы Бангкокте өткен Азия ойындарында 25 алтын медальмен ел құрамасы бесінші орынға тұрақтады. 2002 жылы Пусанда өткен ойындарда Қазақстан құрамасы қайта төртінші орынға көтеріліп, 20 алтынмен елге оралды. Дохадағы XV Азия ойындарында спортшыларымыз 23 алтыны бар жалпы саны 82 жүлде жеңіп алса, Гуанжоудағы кіші олимпиадада ел құрамасы алтын жүлделер саны бойынша өз тарихындағы ең төменгі нәтижені көрсетті: 18 алтын, 23 күміс және 38 қола. Нәтижесінде, жалпы командалық есепті бесінші орынмен тәмамдаған едік. Соңғы көрсеткіш өткен ойындардағы нәтиженің жақсара түскенін көрсетеді. Ұлттық құрамалардың жалпы командалық қорытындысы бойынша үздік төртікке енуді негізгі мақсат еткен Қазақстан спортшылары біз күткен межеден көріне білді. Бұған елордалық спортшылардың да қосқан үлесі елеулі-ақ.

Екінші мәрте ерлік танытты

Нұрын тасытпаққа жақсының жақсылығын айту керек: Халықаралық бокс ассоциациясының таңдауымен әлемнің 2013 жылғы үздік боксшысы атанған Қазақстан құрамасының капитаны астаналық Данияр Елеусінов Инчхон қаласында Азия ойындарының чемпионы атағына екінші мәрте қол жеткізді. Бұл уақиға Қазақстан боксы тарихында алғаш рет болып отыр. Сондай-ақ, алтын жүлдемен оралған Ілияс Сүлейменов те елорданың мақтанышы болып қала бермек. Қос боксшы өз салмақ дәрежелерінде үздік екендерін дәлелдеп, кездесулердің барлығын жоғары деңгейде өткізді.

Қазақстандағы тәжірибелі спортшылардың бірі Ольга Довгун бұл жолы да өз дәстүрінен мүлт кетпеді. Пневматикалық винтовкадан үш қалыпта 50 метрге атудан оған қарсы келер мерген болған жоқ, ал дәл осы бағдарламаның командалық жарысында Ольга басқалармен бірге үшінші орынға табан тіреді. Қазір қырық төрттегі қызымыздың қылдай мойнында – алтын және қола жүлделер. Сонымен қатар, Дәулет Сұлтанбеков пен Инна Клинова байдарка есуден Азияда чемпиондары атанып, жарығымыздың өшпейтінін дәлелдей түсті. Дәулет 1000 метр қашықтықты еліміздің ерлер құрамасымен бірге бірінші келсе, Инна жекелей сын бойынша 200 метрлік жарыста алдына жан салмады.

Қоржынымызға алты алтынның бірін теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы салған болатын. Кіл астаналықтардан құралған құрамның қатарында Андрей Голубев, Михаил Кукушкин және Александр Недовесов секілді жігіттер бар. Олар барлық кездесулерді жеңіспен аяқтап, отандық жанкүйерлердің  мерейін тасытты.

Ал күміс жүлделерге келер болсақ, ел құрамасының атынан сынға түсіп, жүзуден екі мәрте екінші орынды иеленген №4 БЖСМОР шәкірті Екатерина Руденконы ерекше ықыласпен айтуға болады. Сондай-ақ, Ришад Ливеншо у-шудан күміс алса, командалық есепте Тимур Болат дзюдо жарысында кілемге шығып, ақтық сында ғана сүрінді.

Сондай-ақ, спортшыларымыз командалық спорт түрлерінде де ел құрамасының жетістігіне өз үлестерін қосты. Ярослава Шведова, Камила Керімбаева мен Юлия Путинцев теннистен командалық жарыста қолаға ие болса, синхронды жүзудің еркін комбинация бағдарламасы бойынша қола жүлдеге ілінгендердің қатарында Әмина Ермаханова, Әйгерім Анарбаева, Кристина Тыныбаева, Дания Талғатова және Юлия Кемпель сынды жерлестеріміз болды. Көркем гимнастиканың арулары Әлия Асымова мен Екатерина Скорикова да командалық жарыста үздік үштіктің қатарынан табыла білді. Астаналық Ксения Волнухина гандболдан ел құрамасы сапында қола жүлдегер атанса, классикалық күрес шеберлері Алмат Кебіспаев пен Досжан Картиков жекелей сында туымызды желбіретіп қайтты. Академиялық есуден Екатерина Артемьева мен боксшы қызымыз Марина Вольнова да Азия ойындарының қола жүлдесіне ие болды. Бұлар – Астананың ғана емес, күллі Қазақстанның мақтаныштары.

Алтынға татитын асу

Жергілікті спортшылардың тең жартысы, яғни, жиырма сегізі жекелей және командалық спорт түрлерінде өнер көрсетіп, Азия ойындарынан жүлдемен қайтты. Астаналықтардың мойнына 6 алтын, 4 күміс және 9 қола медаль ілінгенін есепке алсақ, Қазақстанның басқа аймақтарынан басым болғанымызды бірден аңғарамыз. Яғни, Астана алтынға татитын бір асуды бағындырды деп білейік. Бұны елордалық спортшыларға барлық жағдайдың жасалғандығымен байланыстыруға болатын сияқты. Себебі, «ерім» деген ел болмаса, «елім» деген ердің шықпасы әу бастан анық.

ЛЕБІЗДЕР ЛЕГІ

Жайнагүл ҚҰСАЙЫНОВА, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы:

– Данияр мен Ілиястың Азиададағы жеңісіне қатты қуандық. Еліміздің абыройын асырып жүрген қос боксшы – біздің университеттің түлегі. Данияр – экономика, ал Ілияс агрономия мамандықтары бойынша білім алды. Университет қабырғасында жүрген кездерінде-ақ талай байрақты бәсекелелерде бағы жанып, студенттерге үлгі бола білді.

Данияр, Ілияс – біздің мақтаныштарымыз. Оқуды үздік бітірмесе де, бұл екі талантты спортшынының есімін әрқашан ерекше атап, «Үздік студентіміз» деп ауыз толтырып айтып жүреміз. Біздің университеттің ғана үздігі емес, еліміздің, қала берді, Азияның, әлемнің үздігі екеніне ешкім дау айта алмас. Екеуімен де әлі күнге дейін байланыстамыз. Оқу ордамызда ұйымдастырылған түрлі шараларға келіп қонақ болып, сұхбаттасып, ізбасарларына ақыл-кеңестерін айтады.

Біршама белесті бағындырған үлгілі студенттеріміз әлі жас, талабы таудай, тегеуріндері қатты. Сондықтан, бұл жеңісі кезекті жетістіктері деп қана білеміз. Алда үлкен дүбірлі додалар күтіп тұр. Екеуінің де ендігі көздеген биігі – Олимпиада шыңы. Сол шыңнан көрінуін университет болып шын жүректен тілеуін тілейміз.

 

Бек ТӨЛЕУОВ, спорт сарапшысы:

– Инчхонда өткен XVII жазғы Азия ойындарына жолым түсіп, талай жеңістің куәсі болып қайттым. Инчхон мен біздің Астананың ұқсастықтары өте көп. Біріншіден, құрылыс қарқынды. Көшеде көк тіреген крандарды жиі кездестіресіз. Биік ғимараттардың кескін-келбетіне қарасаң, көп ұқсастықты табуға болады. Оң және сол жағалау деген мұнда да бар.

Жалпы, Азиадаға қатысқан 45 мемлекеттің 37-сі жүлдеге ілікті. Қазақстан медальдың саны жөнінен Дохадағы көрсеткішіне біреу ғана жетпей қалды. Жиырма жыл бұрынғы өз рекордымызды жаңарттық. Бізге әзірге үш алыпқа жету қайда? Сондықтан, бесінші орынға түсіп қалмай, өз рекордымызды жаңарта беру әлдеқайда маңызды болып тұр. Кезінде 1994 жылы Хиросимада жүлде алғанның бәрі Кеңес өкіметінің спорттық мектебінен шыққандар еді. Ал, қазіргі спортшылардың дені – өзіміздің төл «өнім». Мысалы, жүзу спортынан үш дүркін Азия ойындарының чемпионы атанған Баландиннің жасы небәрі он тоғызда.

Бұл Азия ойындары Қазақстан спортының қай бағытта келе жатқанын, кем-кетігі мен артық тұстарын мейлінше көрсетті. Медальды қай спорттан жинауға болатынын да түсіне бастағандаймыз. Алдағы уақытта осыларды саралап, оқырман назарына ұсынамыз. Ең бастысы, 17 миллион халықтың арасынан сары құрлық додасында жүлде алуға қабілетті 84 спортшы шықты. Бұл – мақтауға тұратын көрсеткіш.

Дүйсен СҮЛЕЙМЕНОВ, боксшы Ілиястің әкесі:

– Ілияс бұл жеңісіне көп еңбектенгенінің арқасында жетті. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Осыған дейін де талай бәсекеде асығы алшысынан түскенімен, жеңіске бір қадам қалғанда сүрініп қалған кездері де бар. Ендігі мақсат әрі үлкен арман – Олимпиада чемпионы болу. Сол үшін арық айтып, семіз шығуды жөн көремін. Кең көлемдегі сұхбатты Рио-де-Жанейро Олимпиадасынан кейін беремін.

 

Индира Бектенова, «Қазспорт» телеарнасының тілшісі:

– Сочида болған олимпиаданы есептемегенде, мен үшін өзім куә болған алғашқы Азиада. Өз басым Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарына өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деген баға беремін. Саламызға қатысты айтсам, журналистердің репортаж жасауына, мақала жазуына қолайлы жағдай жасалды. Интернетке қолжетімділік болсын, жалпы, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті.

Кәрістердің қонақжайлығына қарап, өзіміздің қазақтардың үйіне барғандай болдым. Айтпақшы, онда жерлестерімізге қолдау көрсетуге барған сол елдің тұрғындары – қазақ ағайындарымызбен кездесіп, тамаша сұхбат құрдық. Біздің спортшыларға дем беру үшін Кореяның басқа қалаларынан Инчхонға бірнеше сағаттық жол жүріп келіпті. Осыдан-ақ олардың атамекенге деген сағыныштары байқалып тұрды.

Ал, жарысқа келсек, қаншама жарқын сәттерге куә болдық. Әсіресе, Қазақстан атлеттерінің мерейлі жеңістері ерекше күйге бөледі. Өзім жекпе-жек ойындары мен ескек есу сайыстарын зор ынтамен тамашаладым. Ескек есушілерге жеңіс оңай келген жоқ. Озу үшін өте көп күшті сарп етті. Жарақат алып қалу да жиі орын алды. Жалпы, бұл спорт түрі үлкен еңбекті қажет етеді екен.

Тағы бір айтатын жай, Қазақстан спортшыларының киім үлгілері. Бірнеше елдің ішінен біздің елдің Туымен бірге өзгеше дизайнымен ерекшеленген спорттық формамыз көптің назарын аударды. Маған басқа елдің журналистері «киімімізді ауыстырайықшы» деп қызығушылық танытты.

 

Дайындаған:

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ, Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =