Астананың айшығы

0 126

«Астана кітапханасы» сериясымен «Астана Astana» атты үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) кітап-альбом жарық көрді. Классикалық энциклопедия сипатындағы еңбектің авторы және құрастырушысы – БАҚ саласындағы Президент грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті журналист Жұмагүл Саухат.

Астана – Президент Нұрсұлтан Назарбаев идеясының жемісі. Астананың алғашқы кірпішін де Елбасының өзі қалады. Содан бастап іргелі құрылыс қарқын алды. Лондондағы «Мыңжылдық күмбезін» артта қалдыратын небір сарайлар мен үйлер бой көтермек әлі. Енді басталған «Жабық қала» жобасы аясында да таңдай қақтырар талай әмбебап нысандар салынады деп күтілуде.

Кітапта қаладағы әкімшілік орталықтар, Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Хазірет Сұлтан, «Нұр Астана» мешіттері, Назарбаев университеті сынды нысандарға жеке-жеке тоқталып, кеңінен мәліметтер берілген. Бүгінгі Астана өңірінің ежелгі тарихы қысқаша деректермен дәйектелгені де оқырманын қызықтыра түседі. Әу баста бұл өңірді Ұлы даланың даңқты ұландары – ғұн тайпасы мекендеген көрінеді. «Батыстағы қамалды» (байырғы Ақмола) тұрғызған – сол арғы бабаларымыз. Ақмола туралы алғашқы жазба деректі 1253-55 жылдары француз королі ІХ Людовиктің тапсырмасымен фламанд саяхатшысы Рубрук Виллем қалдырғаны тағы таң қалдырмай қоймайды. Осындай, тарихы, түу тереңдегі елорданы Сарыарқаның төсіне көшіргелі жеткен асу да, белес те аз емес. 1999 жылы «Бейбітшілік қаласы» атағын қанжығалағанымыз айбынымызды бір асырса, сәулеті мен сәні талай иықтас жұртты мойындатып, таңдайын қақтырғаны – бөлек әңгіме. Жұмагүл Саухат оқырман олжасына айналатын бұл жинақта бас шаһар еншілеген айтулы оқиғаларды да тізбелейді. Мәселен, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі! «Бұл таңдау – Қазақстанның жарқын болашағын мойындау. Астананың үлкен мүмкіндігін, кемел келешегін мойындау» дейді автор.

«Көнеден бүгінге» айдары сонау ашель-мустер дәуірінен бері қарай сыр тартады. «Андронов кезеңінде» Есіл-Нұра бойын мекен еткендердің тыныс-тіршілігін, даму жолын баяндайды. Астанадан он бес шақырымдағы Тайтөбе белінен табылған ескі қамал, Бытығай, Бозоқ көне шаһарлары Сарыарқаның ескі замандарынан үн қатады… Классикалық энциклопедия сипатындағы еңбекке К.Шаховтың, Астана қаласы тарихи мұражайы қорының, Ұлттық мұрағаттың суреттері ұсынылған. И.Бурганидиновтың, Е.Омаровтың, Д.Грабтың, А.Мақсұтовтың жеке қорларынан алынған фотосуреттері де кітаптың ажарын аша түседі.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =