АСТАНАНЫ ЖЫЛЫТУ АСПЕКТІЛЕРІ

0 152

DSC_3523

Қыстың ұзаққа созылғанына қарамастан Астана қаласы 2013-2014 жылдардағы жылыту маусымын ойдағыдай атқарды. Осыған байланысты елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен алқалы жиын болды. Онда қала әкімінің орынбасары Василий Крылов баяндама жасап, маңызды кезеңнің қаншалықты деңгейде өткенінен хабардар етті.

 

Жұмыс үдерісі үзілген жоқ

Жиынды ашқан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ар­қаның қысы бұрынғыдан әлдеқайда ұзаққа созылғанын, соған қарамастан тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері үзіліссіз жұмыс істегенін атап өтті. «2013-2014 жылдардағы жылыту маусымы әдеттегіден ертерек, яғни, былтыр 5 қазанда басталғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ауа тем­пературасының күрт төмендеуіне байланысты қалалықтар үшін жауапты кезеңді ойдағыдай алып шығу оңай болған жоқ. Дегенмен де тиісті мекемелер іркіліссіз жұмыс істеді. Енді арқаны кеңге салмай, келесі маусымға дайындық қамына бүгіннен кірісуіміз керек» деді Иманғали Нұрғалиұлы.

Бұдан кейін сөз алған қала әкімінің орынбасары Василий Крылов 2013-2014 жылдардағы жылыту маусымы 15 сәуірге дейін жалғасатынын айтты. Әрине,ол үшін күн райы үш күн қатарынан 10 градустан жоғары болып тұруы шарт.

Жауапты кезең барысында 1 426 млн кВт электр қуаты мен 4 328 мың Гкал жылу энергиясы жұмсалған. Бұрынғыдай емес, «үйдегі температура төмен» деп шағым жасай­тындардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға азайған екен. Бұл Астана қаласындағы тұрғын үй қорын жылумен жабдықтау жайы тұрақты екендігін көрсетеді дейді Василий Леонидович.

Жылу беру кезінде 2 миллион тонна көмір мен 20 327 тонна мазут
жағылған. Тиісті отынның әдетте­гіден көбірек тұтынылуы ауа темпе­ра­турасының төмендігі ғана емес, «Жағалау-3» ТК (11 үй) мен «Дания» ТК және 1 орын­дық мем­лекет­тік органдар қызмет­керлері жатақ­ханасының орта­лық­танды­рылған жылу жүйесіне қосылуы да әсер еткен.

 

Кемшілікті түзеуге – кешенді шара

Жылыту маусымы кезінде жылу жүйелерінде айтарлықтай ірі апаттар мен жоспарсыз ажыратулар тір­келмеген. Былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда, электр жүйесіндегі апаттық жағдай 5 пайызға, ал су құбыры жүйе­сінде 20 пайызға төмендеген. Бірақ, тұрғын үйлердің ішіне жылу тара­татын жүйелердің жұмысына байланысты шағымдар көбеймесе, азаймаған. «Сырттан келетін магис­тралды тораптардан жылу іркіліссіз келгенімен үйдің ішіне жылу тарататын жүйелерден ши шығып жатады. Сондықтан, осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрылып, пәтер иелері кооперативімен жұмысты күшейту керек. Қыста қиындық туғыз­ған ішкі инженерлік желілерді жөндеу мәселесін ПИК-пен бірлесе отырып шешуіміз керек» деді қала әкімі.

Елорда әкімдігінің бұл мәселені ерекше қадағалауға алуының өзіндік  себебі бар. Жылу беру кезінде үйі­шілік жылыту жүйелеріндегі кем-кетік­терге байланысты шағымдар 32,2 пайызға өскен екен. Бұған үйішілік инженерлік жүйелердің ескіруі, ондағы техникалық ахуалдың талапқа сай болмауы және тұрғын үйге қызмет көрсететін ПИК сияқты ұйымдардың жұмысын тиісті деңгейде атқармауы себеп көрінеді.  Енді міне, кемшілік қайталанбас үшін түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған кешенді шаралар жоспары қолға алынды. Оны жүзеге асыруға қажетті қаражат көздері мен оның орындалу мерзімі де айқындалды. Кешенді жос­пар аясында түйткілді деп танылған 134 үйдің тізімі жасалған. Онда тұрғындардың қаражаты есебінен үйішілік инженерлік жүйелерді жөндеу және жаңғырту жұмыстары іске асырылатын болады.

Сондай-ақ, Досмұхамбетұлы, Жұбанов, Пушкин және Тәуелсіздік даңғылы аудандарындағы жылу магистралдарын жаңғырту жұ­мыстары аяқталады. Жиенқұлова-Кенесары, Жұбанов-Республика көшелеріндегі бірқатар жаңа тұты­­нушыларды орталық жылу желі­­сіне қосу мақсатында 20-шы жылу магис­тралын жаңғырту және Күмісбеков көшесіндегі жылу магистралі құры­лысы әрі қарай жал­ғаспақ. Бұған қоса, биыл «Астана – Жылутасымалы» АҚ инвес­ти­­циялық бағдарламасы аясында жылу есептегіш құралдарын орнату жұмыстарын 100 пайызға толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

 

ПИК-тер қайта құрылады

Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің жұмы­сына қалалықтардың көңілі тола қой­майды. Қашан көрсең басы дауға қалып жүретін бұл мекемелер тұр­ғындардан жинаған қаражатының 70 пайызын жұмысшыларына жалақы төлеуге жұмсайды. Қалған 30 пайы­зын ғана жөндеу жұмыстарына жіберетін көрінеді. Жертөле, кіре-беріс, ішкі инженерлік желілер секілді тұрғындарға ортақ мүліктерге дер кезінде жөндеу жұмыстарының жүргізілмей қалуы да осы қаржы қиын­дығынан туындап отыр. Сон­дықтан, қала әкімдігі ПИК-терді қайта құруға шешім қабылдап отыр. Осыған орай Астана қаласы тұрғын үй қатынастарының оңтайлы моделін қалыптастыру және меншік иесін тиімді құру жөніндегі тұжырымдама жасалыпты. Жиында сөз сөйлеген елордалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Талғат Рысбековтің айтуынша, бүгінде Астана қаласында 370 ПИК бар. Олардың әрқайсысы орта есеппен 5-6 көпқабатты үйге қызмет етеді. Бір ПИК-тің өзінде 10-15 адам жұмыс істейді. «Тұрғындардан жинал­ған қаражаттың басым бөлігі осы мамандардың жалақысына жұмса­латындықтан, қалған аздаған бөлігі тұрғын үйлерді тиісті деңгейде ұстауға жетпей отыр. Тұрғын үй қаты­насын оңтайландырудың жаңа тұжырымдамасы осы мәселені шешуге бағытталады» дейді басқарма басшысы. Ол үшін алдымен ПИК-тер қайта құрылып, екі түрлі қызметке бөлінетін болады. Біріншісі – кондоминиум нысандарын басқару органы болып құрылса, екіншісі – қызмет көрсету субьектісіне айналады.  Осыған сәйкес кондоминиум нысандарын басқару ұйымдарындағы штаттық жұмысшылар 4 бірлікке дейін қысқарады. Сантехник, электрик, аула сыпырушы, жинаушы мамандар қызмет көрсету субьектісіне өтеді.  Осындай оңтайландыру тәсілі арқасында тұрғындардан жиналған қаражаттың 70 пайызы керісінше, техникалық ақауларды реттеуге, басқа да жөндеу жұмыстарына жұмсалады да, штаттың қысқаруына байланыс­ты қаржының тек 30 пайызы ғана жалақыға бөлінеді.

Мұндай тәжірибе тұрғын үйлерді сауатты басқарып, жұмысын тиімді жүргізе алатын мықты ұйымдардың іріктелуіне де жол ашатын көрінеді. Бұл, әрине, ПИК-терді жою деген сөз емес. Айталық, материалдық-техни­калық жағдайы мығым ПИК-тер кондоминиум нысандарын басқарудан бас тартып, тек қызмет көрсету компаниясына айналуға еркі бар.

Енді екіге бөлінетін пәтер иелері кооперативінің жекелеген мін­дет­те­ріне тоқталайық. Басқару компания­лары пәтерлердің меншік иеле­­рінен жиналған қаржыны қайда жұм­сауды ұйымдастырып, шығынның сметасын жасайды. Оларда тұрғын үйлерге қызмет көрсететіндей мате­риалдық-техникалық базасы, персоналдары болмайды. Есесіне, қызмет көрсететін компаниялардың жұмысын қадағалап, олардың әрекетін үйлестіріп отырады. Басқару компаниясындағылар көпқабатты үйлердің жалпы жағ­дайына тікелей жауап береді.

Ал, кондоминиум нысандарындағы кіреберістерді, жертөлені, басқа да ор­тақ меншікті жөндейтін, пайда­ла­нуға беретін – қызмет көрсету субьекті­­лері болмақ. Тұрғын үйлерге келе­тін жылу, су, электр желілеріндегі ақау­ларды ретке келтіріп, қажет болған жағдайда пәтерлерге дезинфекция жасау да осы ұйым өкілдерінің мойнында.

Тұрғын үй қатынастарын оңтай­ландыруға байланысты тұжы­рым­даманы жүзеге асыру екі жылдың ішінде екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Елорда әкімі тұжы­рым­дама қабылданбас бұрын барлық пәтер иелері кооперативтеріне тү­сін­діру жұмыстары жүргізілетінін, олар­дың ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайтынын атап өтті.

Кезекті жылыту маусымын қоры­тын­дылаған жиынның соңында қала басшысы келесі маусымға дайын­да­луға байланысты тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − 5 =