АСТАНАНЫ АҒЫЛШЫНША ТАНЫСТЫРАДЫ

0 686

bez-ppppp1

Жуырда Нью-Йоркте әлемдегі 150 ақынның жырлары топтас­тырылған «Capitals» («Астаналар») атты поэзия антологиясының тұсауы кесілді. 185 елдің астанасы қамтылған бұл кітап арқылы елордамызды көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек пен Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Танакөз Толқынқызының өлеңдері таныс­тырады.

Антологияны дипломатия­лық қызметте жүрген үнді ақыны Абхай Кумар құрастырды. Ал оған енген Қазақстан астанасы туралы жырларды ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы ағылшын тіліне аударды.
Біздіңше, бұл – еліміз үшін үлкен олжа. Ал биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін ескерсек, осы оқиғаның мән-маңызы тіптен артып кетеді.
Шыны керек, Астана туралы жазылған жырлар баршылық. Алайда бұл өлеңдердің көбісі пафоспен жазылып, таңдану, тамсанудан әрі аспайды. Тіпті кейбір ақындар бас қаланы мадақтаймыз деп орынсыз теңеулерді де қолданған. Тақырыпты жырлағанда асырып жіберу ақындыққа тән табиғат қой, сондықтан ол жағын сөз етпей, бірден айтпағымызға көшейік.
Қазақ әдебиетін шетел тілдеріне аударуды, әсіресе, халықаралық қатынас тілі ретінде қазір жетекші орынды алып отырған ағылшын тіліне тәржімалауды өз басымыз өзекті мәселелердің қатарына жатқызамыз. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты кезінде осы мәселені көтергені есімізде. Таяуда жазушының «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бұл тақырыпты жаңғыртқаны да бар. Алайда мұны қолдау жағы кемшін соғып тұр. Жеке адамдар мен компаниялар болмаса, билік жағы бұл мәселеге әлі немқұрайлы қарауда.
Мысал үшін айтайық, осыдан төрт жылдай бұрын «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы әрі бас директоры Исламбек Салжановтың қолдауының арқасында Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары ағылшын тілінде жарық көрді. Ал екі жылдай бұрын Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармалары сол тілде сөйледі. Халықаралық қазақ «ПЕН» клубы қолға алған бұл жобаның жүзеге асуына Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қол ұшын берді.
Шыны керек, содан кейін «ПЕН» клубы біраз қазақ қаламгерлерінің туындыларын тәржімалауға үлесін қоса ма деп үміттенген едік. Бірақ олай болмады.
Бүгіндері бұл іске шетел тілдеріне жетік Дәурен Берікқажыұлы мен Танакөз Толқынқызынан басқа жандар бас ауыртпайтын сияқты. Мәселен, жақында Мадрид қаласында өлеңдері испан тіліне аударылған қазақ ақындарының антологиясы таныс­тырылды. Оған ұлы Абайдан бастап Дәулеткерей Кәпұлына дейінгі елу қазақ ақыны енді. Өлеңдерді іріктеп, аудармашыға тапсырған – Дәурен мен Танакөз. Ал жобаның жүзеге асуына Қазақстанның Испаниядағы елшілігі қолдау білдірді.
«Астаналар» жинағына келсек, құрастырушыдан өтініш келіп түскен соң, Дәурен Берікқажыұлы Темірхан Медетбек пен Танакөз Толқынқызының тақырыпқа сай келетін өлеңдерін аударып жіберді. «Темірхан ағаның Астана қысын суреттеуі ұнады. Танакөздің жырындағы шынайылық та көңілімнен шықты. Негізі, басында «Фейсбук» арқылы осындай жоба қолға алынып жатқанын хабарлап, ақындардан Астана туралы өлең сұрағанмын. Алайда олар селқостық танытты. Содан осы екі авторға тоқтадым» дейді аудармашы.
Астананың қысы қатал екенін бәріміз білеміз. Темірхан Медетбек ақындық күш-қуаты арқылы соны ғажап бере білген. Ал Танакөз Толқынқызы оң жағалау мен сол жағалаудың арасында параллель жүргізді. Ең бастысы, қос автор жалған пафосқа бармай, Астана табиғаты мен болмысын аша алған. Жырақта жүрген оқырмандар бұл жырларды оқып, елорданың бейнесін көре алады.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі уақытында Астанаға миллиондаған қонақ келетіні анық. Біздіңше, сол кезде олар «Астаналар» жинағымен танысқаны дұрыс. Ол үшін бұл кітапты Астанаға алдыртып, «ЭКСПО» аумағында саудаға қою керек. Сонда алдыртуға кететін шығын өзін-өзі ақтайтын сияқты. Шынымен, ағылшын тіліндегі Астана туралы өлеңдер елордаға жақсы жарнама емес пе?!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ, «Астана ақшамы»

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 17 =