АСТАНАНЫ АБАТТАНДЫРУ – ОРТАҚ МҮДДЕ

0 94

777

Кеше қалалық әкімдікте өткен аппарат отырысы аумақтық мемлекеттік органдардың басшыларын таныстырудан басталды. Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің жаңа басшысы Дулат Әзбергеновті және Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы қызметін қоса атқаратын Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тілеген Каскинді таныстырды.

Әділбек Жақсыбеков отырыс барысында аудан әкімдерінің халықпен және еңбек ұжымдарымен есеп беру кездесулеріне ерекше тоқталып, мән-маңызын талдады. «Халықтың проблемаларын уақытылы шешуге баса назар аудару керек» деді ол бұл орайда.

Сонымен қатар, Астана әкімі қаланы абаттандыру мәселесін де көтеріп,  оны шешудегі негізгі құрал ретінде «Елорданың сырт келбеті» модулін атады. Былтырғы тамыз айында әкімдік жанынан құрылған мобильдік топ осы күнге дейін екі жарым мыңнан аса өтініш тіркеген. Олардың барлығы бірден тиісті органдарға жіберілді. Өз кезегінде мемлекеттік органдар осы модульдің кемшін тұстары жойылғаны туралы хабарлайды. Деректер енді түгелдей фотоиллюстрациямен беріледі.

Модуль пайда болғалы бері жарты жылдың ішінде әлеуметтік маңызды нысандар, қаладағы сыртқы безендірулер, шағын және орта бизнес объектілері жайлы көптеген ескертулер жойылды. Ғимараттар мен құрылыс алаңдарының санитарлық ахуалы, жол жабынының ақаулары, сондай-ақ, көшенің қардан тазартылуы сияқты жайттарды да мобильдік топ бақылайды. Бұл ретте хабарламалар коммуналдық қызметтерге және аудандық әкімдіктерге, кәсіпкерлерге жолданады.

Жиын кезінде жоғарыдағы жұмыстарды орындауда селқостық танытқан басқармаларға ескерту жасалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + two =