«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанамен құрдас ансамбль

0 227

Ерке Есілдің жағасына елорда қондырылғанда шаһар мәдениетін бас қала мәртебесіне сай биік деңгейге көтеру мақсаты қойылды. Астанаға жан-жақтан ел танитын білікті, тәжірибелі мамандар шақырылып, жаңа ұжымдар құрыла бастады. Бастапқы кезеңде құрылған өнер ұжымдарының бірі – «Сарыарқа» халық музыка ансамблі.

Астананың Мемлекеттік ака­де­мия­лық филармониясына қарайтын аталмыш ансамбльге биыл Астанамен қатар 20 жыл толды. Осыған орай «Астана» концерт залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ән жырым «Сарыарқа» 20 жыл» атты есеп беру концерті өтті.
Осы күндерге өнер ұжымы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктермен жетті. Құрыл­ғанына бір жыл толар-толмас­тан Францияның Дижон қала­сында өткен халықаралық шы­ғар­машылық фестивалінің жүл­дегері атанды. Бұдан кейін Қытай, Түркия, Ресей, Германия, Ұлы­британия, Бельгия, Голландия елдеріне барып, табысты өнер көрсетті. «Ғасырлар сазы» атты республикалық фольклорлық этнографиялық ансамбльдердің фестиваль-байқауында бірінші орынды иеленді. Ансамбльдің көр­кемдік жетек­шісі – Тоғжан Жахин.
«Сарыарқаның» сазы ескен бұл кеште Тәттімбеттің «Саржайлау», Төлеген Момбековтың «Салтанат», Кенен Әзірбаевтың «Жаса Қазақстаным», Тоғжан Жахинның «Думанды Сарыарқа» шығармалары орындалды.

Кеште осы өнер ұжымының қалыптасуына зор үлес қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, халықаралық және республикалық бай­қау­лардың лауреаттары Күнсұлу Тұрлыбекова, Данияр Мұқан, Нұрсұлтан Оспанұлы, Нұрлан Тілеужан, Перизат Тұрарова әндерді әуелетті. «Шалқыма» халық музыкасы және эстрада би ансамбльдері мың бұралған бимен концертті көркемдеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды