АСТАНАМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШУҒА АСЫҒАДЫ

0 115

фото-фестиваль-мұрағатынан

«Астана Опера» театрында «Astana Piano Passion – 2014» екінші Халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианистер байқауы аясында осы конкурстың былтырғы лауреаттарының концерті өтеді. Жас шеберлер көрермендерді таң қалдырғаны сонша, байқаудың Ұйымдастыру комитеті дарынды балаларды Астанада тағы бір мәрте өнер көрсетуге шакырды. Олар белгілі жас пианистер австралиялық Шуан Херн Ли, мәскеуліктер Варвара Кутузова, Александр Кутузов, Илья Бахтин және қазақстандық жас скрипкашы Руслан Турунтаев. Балалар – өнерге деген құштарлықтарымен, ынта-талаптарымен, әртістік қабілеттерімен жетістікке жеткендер. Барлығы белгілі халықаралық байқаулардың жүлдегерлері, бірнеше рет өздерінің жеке концерттерін берген. Astana Piano Passion байқауының жеңімпазы атану олардың өмірінде үлкен маңызға ие.

«Астанаға сайысқа қатысушы емес, жеке әртіс ретінде келу – үлкен жауапкершілік. Әрі бізді өнер көрсетуге шақырғандарына өте қуаныштымыз» дейді 10 жастағы Варвара Кутузова. – Өткен жылғы сайыстан керемет әсер алып қайттым. Қазақстаннан көп достар таптым. Қазір олармен интернет арқылы хат жазысып отырамыз. Оған қоса кумирім Денис Мацуевпен жақынырақ таныстым. Бұрын бұл мен үшін арман болатын. Қазір оның концерттерінде өнер көрсетіп жүрмін. Астанада өткен байқау керемет ұнады. Әдемі қонақүй, зәулім концерт залдары, мейірімді көрермендер, барлығы көңілімнен шықты. Бәрінен бұрын, дирижер Ержан Дәуітовті айтсаңызшы?! Мен өнерімді көрсетіп, сахнаның сыртына барғанымда, скрипкашы қыздар мені құшақтап, құттықтап жатты. Сол кезде дирижер келіп: «Мен сені өзімнің қызым сияқты жаныма жақын тартып, жақсылап өнер көрсетуге тырыстым» деді. Сол кісімен және әдемі Астанамен тезірек қауышқым келіп жүр. Астана – ертегідегі қала сияқты, өте керемет!».
Ал, австралиялық Шуан Херн Ли болса: «Мұндай керемет фестивальға музыкант ретінде шақырылып отырғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Фестиваль жетекшісі Денис Мацуевпен кездесуімді асыға күтіп жүрмін. Мені ол жақта қазақтардың қонақжайлылығы таң қалдырған болатын. Әрі байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Театр сахналарының акустикасы, сыпайы көрермендер әрдайым бізді қолдап отырды. Біз ойнаған аспаптардың да сапасы жоғары» дейді.

Сондай-ақ, осы байқау аясында Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуев және Мәскеу филармониясының солисі, Екатерина Мечетинаның концерті өтеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − ten =