Астаналық жастар әскерге аттанды

0 48

Кеше елордалық бір топ жастар Қарулы Күштер қатарын толықтырды.

Пандемияға байланысты кейінге шегерілген 2020 жылғы көктемгі шақырылым науқаны жалғасуда. Кеше елордадан жас сарбаздар, әскери ант қабылдағаннан кейін Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде әскери қызметтерін атқаратын болады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ерболат Жүсіпов мәлім етті.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 30 сәуірдегі №312 Жарлығы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқанының өткізілу уақыты ұзартылып, азаматтарды әскерге жөнелту мерзімі тамыз айына дейін созылатын болады. Наурыз-мамыр аралығындағы болған елдегі карантин шаралары уақытында мерзімді әскери қызметке шақыру уақытша тоқтатылып, мамыр айының аяғында қайта басталды. Мамыр-маусым айларында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара әскерлері мен Ұлттық Ұлан әскери бөлімдерін жас сарбаздармен толықтыру жоспарлы түрде орындалды. Әскери бөлім командирлерінен біздің жөнелт­кен елордалық сарбаздарымыздың үздік қызметтері мен елдің қорғаныс қабілеттілігіне қосып отырған еңбектері туралы алғыстары да келіп отыр, – дейді Е.Жүсіпов.
Жалпы астаналық жастар шілде айы­нан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінде қызметін аяқтаған сарбаздардың орынына бара бастады. Шақырылған жастар Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер және Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері әскери бөлімдері секілді элиталық бөлімдерге барады. Сонымен бірге механикаландырылған бригадалар мен Әуе қорғанысы күштері бөлімдерінде де 18 бен 27 жас аралығындағы жастармен толығатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =