©2020 Астана Ақшамы
Астаналық ардагерлер активі
Қала әкімдігінде астаналық ардагерлер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауына байланысты ой бөлісті.
Астаналық ардагерлер кеңесінің активіне республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қайырбек Сүлейменов және қала әкімінің орынбасары Аида Балаева қатысты
2050 жыл – жай бейнелі дата емес, бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім екенін ескере келе, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Қазақстан – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс. Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі» деді.
Расында да, Елбасымыз жаңа Жолдауында әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткен жетістіктерді тілге тиек еткен Қ. Сүлейменов республикамыздың барлық ардагерлері атынан Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындауға бір кісідей атсалысуға шақырып, осы саяси маңызды құжатты бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.
Бүгінгі таңда Астанада 55 мыңнан астам ардагер бар. Олардың дені – кешегі Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірдің қиындығын басынан өткергендер. «Өздеріңіз білесіздер, соғыстан кейін нан тапшы, мектепке киетін киімнің өзі жұпыны болды. Сондықтан да, қазіргі кездегі ардагерлердің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыстан басқа айтары жоқ», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Әлімжанов.
Басқосу барысында жиналғандар өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керектігін баса айтты. Өйткені, бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ