©2020 Астана Ақшамы
АСТАНАЛЫҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК
Сапар АХМЕТОВ, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты:
– Сапар Қайратұлы, сайлаушыларыңызды қандай мәселе көбірек толғандырады?
– Біздің округте отыз мыңнан астам халық тұрады. Ал, сайлаушылардың саны – 9317 адам. Олардың арасында «Хайвилл», «Гранд Астана», «Сказочный мир» тұрғын үй кешендерінің, Бауыржан Момышұлы даңғылының тұрғындары бар.
Негізі, әр ауданда тұратын азаматтардың мәселесі әртүрлі. Атап айтар болсақ, оңтүстік-шығыс ауданның біраз бөлігіне асфальт төселмеген. Кейбір көшелерде жарық жоқ, қоғамдық көлік қызметінің сапасы да көңіл көншітпейді. Шет аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша аталмыш ауданда біраз жұмыстар жүргізілді, бірақ та алда атқарылар шаруалар аз емес.
Көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың проблемалары да жетерлік. Мәселен, 2005-2007 жылдары ипотекалық дағдарыс кезінде кейбір тұрғын үйлердің тез және сапасыз салынғаны өздеріңізге белгілі. Қазіргі уақытта бұл мәселені жекеменшік пәтер иелері кооперативтерінің басшыларымен бірлесіп қарастырудамыз.
Біздің округте мектеп, балабақша, спорт мәселелері шешімін күтіп тұр. Осыған орай, қазір жоспардағы балабақшалардың тездетіп салынуына күш салып жатырмын. Алдағы уақытта балабақшалар құрылысын бюджетке енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес.
– Қаладағы қосымша қаржы бөлуді қажетсінетін қай саланы айрықша атар едіңіз?
– Бүгінгі таңда қоғамдық көлік қызметіне көбірек көңіл бөлінуде. Жақында бұл мәселе мәслихатта қарастырылып, қала әкімінің тапсырмасы бойынша жаңа тұжырымдама дайындалды. Депутаттар өз ұсыныстарын айтты. Алдағы уақытта бұл жаңа тұжырымдама бекітіліп, шешімін табады деген ойдамын. Әлеуметтік сала қашан да болса назарда болуы тиіс, Астанада оған үлкен басымдық берілген.
«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары ретінде әріптестермен бірге осы жұмыспен айналысып келеміз. Биылғы оқу жылының басында барлық депутаттардың басын біріктіріп, қалалық партия филиалы «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырған болатын. Соның негізінде мектеп директорларымен келісе отырып, кәсіпкерлердің қолдауымен шалғайда тұратын, басқа өңірлерден келген, жағдайы қиын 5 мыңнан астам балаға көмек көрсеттік.
– Астана тұрғыны ретінде сізді не мазалайды?
– Астана – әртүрлі ұлттарды ұйыстырған, Қазақстан халқын біріктіруші орта. Күнделікті елордамызға білім алуға, жұмыс істеуге алыс-жақын аймақтардан жастар ағылып жатыр. Яғни, бір миллионға жетіп қалған астаналықтардың дені – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған азаматтар. Олардың әрқайсысы әрқилы сана-сезіммен келеді. Сондықтан, Астанаға тән әдет-ғұрып қалыптастыру да айтарлықтай ұзақ үдеріс болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар соңғы уақытта қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қазір Астана Қазақ елінің ғана емес, әлемнің назарын аударған алып шаһар болып қалыптасып келеді. Оның көркеюіне барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелермен қатар қоғамдық ұйымдар да бірлесіп атсалысса деймін. Бұл, әрине тек қала әкімдігінің немесе «Нұр Отан» партиясының ғана жұмысы емес, осы мақсатқа барлық азаматтардың жұмылғаны жөн. Қазiргi кезде тұрғын үй аулаларында, қала көшелерiнде шашылып жатқан қоқыстарды көзiмiз шалады. Тіпті, автокөліктерінен қоқысты жол бойына лақтырып кететіндер де кездеседі. «Үй мен көліктің іші менікі, қалғаны маңызды емес» деген таяз түсініктен түбегейлі арылуымыз қажет. Керісінше, үй мен көліктен шыға отырып, біз үлкен қоғамның ішіне кіретінімізді түсіне білуіміз керек. Мамандардың айтуы бойынша, көше бойына қоқыс тастайтындардың басым көпшiлiгi жастар екен. Өмiрлiк тәжiрибесi мол ересек жандар қоқысты арнайы орынға тастауға дағдыланған. Олар жоғары оқу орындары мен мектептерде тазалық сабақтарын көптеп өткiзу керек деп есептейдi. Әрбiр отбасы балаларын көшедегi және үйдегi тазалықты мұқият сақтауға тәрбиелеуі керек. Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімі әркімнің өз қаласы мен ауласынан басталатыны сөзсіз. Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде: «Тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық ластамайтын жерде сақталады» деп ерекше атап өтті. Себебі, тазалық болған жерде тәртіп те болады. Сондықтан, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жалпы қалалық қауымдастық аталмыш ортақ міндетке үлес қосып, кейінгі толқынды тазалық пен еңбекке баулуымыз керек.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Былтырғы жылдың қазан айында өткен сайлауда сайлаушыларыма берген уәделерімді орындау үшін олардың көтерген мәселелерін қадағалап, биылғы қыркүйек-қазан айларында есеп беруді жоспарлап отырмын.
Біздің қалалық мәслихат депутаттарының барлығы да – «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Бұл – ең біріншіден, біздің Астана халқының Елбасы мен оның партиясына деген сенімін білдіреді. Сондықтан да біз биылғы жылдың қаңтар айында халық қалаулыларын шақырып, фракция жұмысының тәртібін бекіттік. Тәртіпке сәйкес әрбір депутат атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп отырады. Ол дегеніңіз – партия азаматтардың өтініштерін сырт қалдырмай, ұдайы қадағалап отырады деген сөз. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында мәслихаттың екі депутаты – Серік Жақсыбеков және Ақылбек Күрішбаев есеп берді. Оны Бюро мүшелері қабылдап, жұмыстарын қанағаттанарлық деп таныды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.