АСТАНАҒА ЖҰРТ АҒЫЛЫП ЖАТЫР

0 99

Астана – арнасынан асып-тасып аққан асау өзен секiлдi. Қалаға келушiлер қатары күннен-күнге артып келедi. Мұнда тiршiлiк ауқымы кеңейгендiктен, жаңа қажеттiлiктер туындайтыны анық.
Елордамыздың тартымды бол­ғаны сондай, жыл сайын мұнда орта есеппен 50 мыңдай адам тұрақты тiркеуге тұрады екен. Келiп, қоныс­танушылардың 3 пайызы шетелдiк­тер болса, қалған 97 пайызы – өз отандастарымыз. Яғни, республика­ның басқа аймақтарынан келiп жатқандар. Деректер осылай дейдi.
Тұрғындарының жасы жағынан Астана әлемдегi ең жас қалалардың сапына кiредi. Мұнда азаматтардың орташа жасы – 32.
Осыған қарап-ақ, елордаға негiзi­нен еңбекке қабiлеттi жастар келiп жатқанын пайымдауға болады.
Астана қалалық көшi-қон депар­таментi директорының орынбасары Бейiмбет Үсiпбековтiң айтуынша, көшiп келiп, елордалықтардың са­нын көбейтiп жатқандар әуелгiде Ақмола, Қарағанды, Қостанай об­лыстарының тумалары болған. Алма­ты жақтан келгендердiң легi де олардан кем түспептi. Өйткенi, Астана – елiмiздiң саяси-басқару орталығы. Осыған орай, бұрынғы астанадан көшiп келген мемлекеттiк органдар өз құрамындағы қызмет­керлерiн де қалдырмады. Оның сыртында, билiкке, саясатқа қатысы болмаса да, өнерi мен еңбегiн орта­лықтан таратпаққа мәдениет, спорт, ғылым мен өнер саласының өкiлдерi де осында көш басын бұрды.
Кейiнгi жылдарда келiстi шаһа­ры­мызға Жамбыл, Оңтүстiк Қазақ­стан, Алматы облыстарынан келу­шiлер көбейе түскен. Себебi,  Астана – үлкен құрылыс алаңына айналды. Әртүрлi санаттағы құры­лысшы­ларға, жұмыс күшiне қажет­тiлiк туды. Тұрғындары көбейiп, күн­де­­лiктi тұтыным артқандықтан, жеке­леген сауда көзiн ұстанғандар да күнкөрiс үшiн елорданы бетке алды.
Биыл, яғни, 2012 жылдың 9 ақпа­нындағы Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң халық­қа есеп беру кездесуiнде мәлiмдеге­нiндей, қазiр елордамыздағы кет­кендер мен келгендердiң арақаты­насын айырып есептегенде, қала­мызға орта есеппен жыл сайын 40 мың адам келiп,  қоныстануда. Бұл – демографиялық өсiмнiң басқа тiрек­терiн айтпағанда, қала халқы жыл сайын 40 мың адамға толығып жатыр деген сөз.
Осындай көшi-қонның нәтиже­сiнде қала тұрғындарының саны елорда ауыстырылған жылдары небәрi 200 мың адамды ғана құраған болса, бүгiнде 700 мыңнан асып түскен. Кейбiр деректер бойынша, бұл көрсеткiш 730,8 мыңды құрай­ды. Бұл қалада тұрақты тұратын­дардың саны. Ал күнделiктi елор­даға әртүрлi шаруамен келiп, бiр­неше ай, тiптi бiрнеше жыл тұрақтап қалып жатқандар тағы бар.
Уақытша тұрақтағандардың қата­рында қалаға келушiлердiң 3 пайы­зын құрайтын шетелдiктер де бар. Мәселен, «Халықтың көшi-қоны туралы» заң бойынша, қалаға келген күннен бастап шетелдiктер негiзiнен 5 күннiң iшiнде Астана қаласы iшкi iстер департаментiне өз құжатын тiркеуге мiндеттеледi. Бұған дейiн Қырғызстан азаматтары тiркелмей-ақ 90 күн, ал Тәжiкстан азаматтары 30 күн елiмiзде жүре алатын болса, ол жеңiлдiк те заңнан сызылып тас­талған.
Әлеуметтанушылардың пайым­дауын­ша, Астанаға негiзiнен кеу­десiнде арманы көптер келедi. Мұн­дай тартымдылығы жағынан қала­мыз Алматының өзiнiң алдын ора­ған. Бұған ҚР Статистика агент­тi­гiнiң төрағасы Әлихан Смайы­лов­тың 2010 жылы журналистер үшiн өткiзген брифингте: «Аумақаралық ауысулар бойынша халық көшi-қонының оң сальдосы елдiң төрт аймағында байқалуда. Олардың iшiнде ең көбi – Астана және Алматы қалаларында. Астанада бұл 25 мыңды құраса, Алматыда 18,3 мың» дегенiн алға тартуға болады.
Расында да, Астананың халқы арнасынан тасып аққан үлкен да­рияны елестетедi. Елiмiздiң басқа аумақтарынан келiп қоныстану­шы­ларды балабақша, мектеп, емхана және ең бастысы – баспанамен қам­тамасыз ету үшiн қала бюджетiне жыл сайын қосымша 100 миллиард көлемiнде қаражат қажет болып жататыны да осы себептен.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 7 =