«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанаға қолайлы 4 мобильді қосымша

1 399

Бүгінде әркімнің иелігіндегі ұялы телефон кішігірім компьютерге айналғаны анық. Байланыс құралы өзінің тікелей қызметінен бөлек, адам өмірін жеңілдету үшін ойлап табылған. Әрине, егер оның барлық мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алсақ. «Ақылды» телефон арқылы біртіндеп «ақылды» Астанаға жол салынып жатыр. Осы орайда «Астана ақшамы» газеті елордалықтар мен қала қонақтарына күнделікті тіршілікте пайдалы болатын  4 мобильді қосымшаны назарларыңызға ұсынады.

Mobile apps

1. Smart Astana
Бұл мобильді қосымша, аты айтып тұрғандай, Астананың ең инновациялық жобасына айналуды көздейді. Қосымшаға кірген соң «Бүкіл қала сенің смартфоныңда» деген жазу шығады. Расымен де, қалаға қатысты барлық керек мәліметті осы жерден табасыз. «Астана Innovation» компаниясының басқарма төрағасы Олжас Сартаевтың айтуынша, қосымшаның жаңартылған нұсқасында 60-тан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Сондай-ақ, 12 коммерциялық мекеме өз қызметтерін ұсынады. Бүгінде кабинеттерді аралап, кезекте тұрып, әлдеқайда қоңырау шалудың қажеті жоқ дейді құрастырушылар. Кез келген азамат қала әкімдігінің басшылығына, оның ішінде аудан әкімдіктері мен қалалық басқармалардың қабылдауына осы жерде жазыла алады. Қосымша арқылы дәрігерді үйге шақыруға немесе оның қабылдауына жазылуға, балаңыздың балабақшаға кезегін білуге, коммуналдық қызметтерді төлеуге, пойыздар мен автобустар кестесін қарауға және өзге қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бар.
Халық арасында кеңінен танылған naimi.kz – үй шаруасына қажет мамандардың базасы, hipo.kz – жұмыс іздеу порталы, gippokrat.kz – дәрі-дәрмектерді іздеу және тапсырыс беру орны, zenge.kz – тамаққа тапсырыс беру сайты Smart Astana қосымшасында бірікті.

Staygo thumb
Ескертпе: Қосымша күннен-күнге жетіліп, аз-кем кемшіліктер ақырындап жойылуда. Smart Astana-ның басты кемшілігі – қазақ тілінде жетік «сөйлемейтіні».
Мобильді қосымшаны жасаушылар техникалық ақау­лар болған жағдайда support_sa@e-akimat.kz поштасына немесе https://t.me/smartastanabot телеграм чат-
ботына міндетті түрде жазуды өтінеді. Сонымен қатар, smart.astana.kz порталында техникалық көмек ретінде онлайн-чат жұмыс істеп тұрады. Қосымшаның жұмысы жайлы ескертулер мен тілектеріңізді де сол жерге жіберуге болады.

E2fcf0ee8bcb4ce8f17fec6c5f594893

2. «Astra bus» қосымшасын телефонға жүктесеңіз,
қаладағы қоғамдық көліктер туралы барлық мағлұматты табасыз. А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету үшін өзіңізге керек мекенжайды теріп, дәл сол мезетте қандай автобус қай жерде жүріп келе жатқанын көресіз. Осылайша, өз бағдарыңызды алдын ала жоспарлайсыз. Сондай-ақ, мобильді қосымшада автобус маршруттарының кестесі мен жүру интервалы түгел берілген. Көлік қозғалысына қатысты ең соңғы жаңалықтар да осында. Тура осы қосымшада 574-777 нөміріне хабарласып, қоғамдық көліктің жұмысына қатысты өз ұсыныстарыңыз бен өтініштеріңізді қалдыра аласыз.
Ескерту: Әзірше қосымша барлық автобустардың жүріп өткен жолын көрсетпейді. Қалада 20-дан астам №9 бағдарлы автобус бар десек, олардың үш-төртеуі ғана Astra bus мобильді қосымшаның қызметіне қосылған. Жаңадан сатып алынған автобустар біртіндеп бұл жүйеге енгізілетін болады. Өкініштісі, интерфейстің тілі тек орыс тілінде.

Content blog post

3. Ticketon.kz
Шаһарда көрсетіліп жатқан кинолар, театрдағы қойылымдар, түрлі концерттер және спорттық шаралар жайлы ақпаратты Ticketon.kz мобильді қосымшасы арқылы біле аласыз. Жақсысы, дәл осы жерде қалаған шараға билетті үйден шықпай-ақ сатып алуға болады.
Ескерту: Қазіргі таңда қосымшада елордадағы барлық мәдени орындар туралы ақпарат жоқ. Мобильді қосымшаға қарағанда ticketon.kz сайтымен жұмыс істеу әлдеқайда жеңілірек. Қосымшаның ең бір осал тұсы осы дер едім.

Dc01f548d3c39ad7250c1b16822

4. Point +.
Көше бойында тұрып, жақын маңдағы банкоматты Google-дан іздеп тұрмау үшін бұл мобильді қосымшаны жүктеуге кеңес береміз. Қосымша өзіңізге қажет банк бөлімшелері мен банкоматтардың қай жерде орналасқанын, айырбастау бөлімшелері мен валютаның ағымдағы курсын көрсетіп тұрады. Сондай-ақ, нотариустар, зейнетақы қорлар, сақтандыру компаниялар, халыққа қызмет көрсету орталығының мекенжайын көріп қана қоймай, сіз тұрған жерден қаншалықты алшақ орналасқанын біле аласыз. Point + қосымшасында ұялы телефон операторларының бөлімшелері туралы да ақпарат бар.
Ескерту: Кейбір мекенжайлар деректер базасында сақталмаған.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

  1. Жанболат :

    Sajda – Астана намаз уақыттары: https://sajda.mobi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды