«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанаға инвестиция салуға шақырады

0 161

Кеше Астана әкімі Әсет Исекешев Қазақстанның Еуропалық бизнес  қауымдастығы өкілдерімен кездесті.

«Биыл – елорданың 20 жылдығы. Еуропалық кәсіпкерлерді іскерлік, мәдени, спорттық шараларымызға қатысуға шақырамын. 2-3 шілдеде Жібек жолы қалалары мэрлерінің форумын өткіземіз. Оған 500 қаланы ша­қырдық, соның ішінде 100-ден астамы келеді деп үміттенеміз. Атап айтсақ, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері, Иран, Түркия, Таяу Шығыс қалаларының мэрлері бар. Екі күн бойы қалалардың көлік, смарт технологиялар, энергия тиімділігі, инфрақұрылым, білім беру бағытындағы даму тәжірибесімен алмасамыз. Ол жерде біз бетпе-бет келетін сын-қатерлермен күресуге қатысты 20 тақырып талқыланады. 4-5 шілдеде Астана халықаралық қаржы орталығының тұсаукесері өтеді. Бұл шараға әлемнің әр қиырынан банкирлер, инвес­торлар, қаржыгерлер келеді» деп мәлімдеді елорда әкімі.
Қала басшысы шетелдік кәсіпкерлерге қала инфрақұрылымын дамыту, смарт технологияларды енгізу жөніндегі жоспарлар туралы әңгімеледі. Әсет Өрентайұлының пікірінше, Астана халқының саны 2030 жылдан бұрын 2 млн адамға жетеді. – Жайлы қала салу мәселесі бір бөлек, ал халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қыруар инвестициялар салуымыз керек. Екінші міндет – Астананы Дубай, Сингапур секілді Еуразия кеңістігіндегі жаһандық қала ретінде дамыту. Бұл бағытта қыз­мет көрсету секторы, жаңашыл индустрия, білім беру, денсаулық сақтау, қаржы секторы, туризм, заманауи өндіріс, инновация салаларына арқа сү­йейміз. Қазір IT-мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлудеміз. Сіздермен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді қала әкімі.
Қазақстандағы Еуропа бизнес қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Аудрис Барцявичус Әсет Исекешевтің үнемі бизнестің қажеттіліктеріне белсенді қолдау білдіретініне ризалығын жеткізді. Ол аталған қауымдастықтың еліміздегі 160 мүшесінің атынан шетелдік компания басшыларын Астана қаласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға үндеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды