АСТАНАҒА «A’STUDIO» КЕЛЕ ЖАТЫР

0 175

«ТМД елдері аумағында аты танымал, сахнада 25 жыл жүрген топ қой бұлар. «А Студио». Бұл өзіміздің «Арай» ғой. Кейін Роза Рымбаеваға қосылып «Алмата» деп аталды. Ширек ғасыр бойы әндерін тыңдап, тамсанып, жақсы көріп келе жатқан тобымыз. Мәскеуге кетті де жігіттер бүкіл Одақты, тіпті әлемді жаулап алды әндерімен. Міне, енді екінші, үшінші ұрпақ алмасып олардың әндерімен өсіп келеді. Бұл топ елімізде қандай тамаша таланттар бар екендігін паш етуде. Неге біз өз елімізде оларға ешбір құрмет көрсетпегенбіз осы уақытқа дейін?» – деп сенатор Ғани Қасымов Мәдениет және ақпарат министріне сауал да тастаған болатын. Оның сөзін Қайрат Мәми де қостаған еді. Бірақ жабулы қазан әлі де сол жабулы күйінде қалып келеді.

Кеңестік кезеңде дәстүрлі ән кенжелеп, эстрада жанры алға озғаны мәлім. Замана лебі солай болды. Телевизияның дамуы бұған қомақты үлес қосты. Кеңестік республикалар көлемінде атағы шыққан әншілер аз болмады. Мүсілім Магомаев, Людмила Зыкина, Вахтанг Кикабидзе, Йосиф Кобзон сынды асыл дарындардың атын тізе берсек таусылмас. Сол ақықтар қатарына Алла Пугачева, Роза Рымбаевалар да ілінген еді. Талантты жастар легінен қазақтың «А Студио» тобын ерекше атаса жарасады. Бүлдіршін кезімізде-ақ құлаққа сіңісті әдемі әндерімен атағы күллі одаққа таралған жас ұжымды танытқан Алла Пугачева болғанын біз әрине, кейін білгенбіз. Қазір «А Студио» өзінің сахнадағы ширек ғасыр ғұмырын тойлап жатыр. Еңбектің зейнетін көріп отырған топтың атағы әлі де асқақтап, кеше орталық есептелген, бүгін шетелге айналған Мәскеуде барынша мадақталуда.

Жерлестеріміз болса-дағы ресейлік топ аталады. Ал, олардың о баста өнердегі жолын Алматының «Арай» тобы болып бастағанын біреу білсе, біреу білмес. Оның құрамында ең алғаш Байғали Серкебаев, Владимир Миклошич, Наджиб Вильданов, Болат Сыздықов, Сағынай Абдуллин, Батырхан Шүкенов болған. Кәсіби мамандар арасында «Арай» тобы өздерінің джаз, рок стиліндегі инструменталды композицияларымен танылған-ды. Топты құруға сол кезде аты енді шығып келе жатқан жас әнші Роза Рымбаеваға аккомпонемент жасауға Тасқын Оқапов мұрындық болғанын да көпшілік көп біле бермес. Қазақтың Одаққа танымал әншісін олар сонау 1989 жылға дейін қолдап келді. Алайда топ өзінің де репертуарын жасап, өздері де үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. 1983 жылы Роза Рымбаеваның көмегінсіз-ақ Мәскеуде өткен VIII Бүкілодақтық эстрада артистерінің байқауында лауреат атанған. Қазақтың примадоннасымен ән сала жүріп үш винилды альбомдарын шығарады. 1987 жылы топ атын өзгертіп «Алмата» деп аталды. Розаға көмектесе жүріп, өздерінің де репертуарын байыта бастайды. Халық әндерін эстрадаға әкелуді қолға алады. 1989 жылы топ мүшелері жазған «Джулия» әні туады. Бұл ән сонау Мәскеудегі Пугачеваның құлағына жетеді. Әнге тамсанған ол «Алмата» тобының мүшелерін Мәскеуге шақыртады. Өзінің «Ән театры» деп аталатын студиясында бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасайды. Мұндайды күтпеген қазақ жігіттері бақыттан бастары айналып, Роза апаларымен асығыс қоштасып, Мәскеуді бетке алады. Келе сала «Алмата студио» болып жүрген атауларын, Арай, Алмата, Алла деген сөздердің барлығын сыйдыру үшін «А Студио» деп заманға лайықты етіп өзгертеді. 1990 жылғы жаңа жылдық кеште «А Студио» тобы туралы бүкіл Одақ естиді.

«Біздің нағыз жұлдызды сәтіміз сол болды!» – деп еске алады Владимир Миклошич. Сол жұлдызды сәт баянды еңбек жолының бастауы болды. 1990 жылы топ ағылшындық Polygram фирмасының шақыртуымен Лондонда 3 демо-трэк жазады. Атақты британдық продюсер Грэг Уолшпен бірге жұмыс жасайды. Тәжірибе жинақтайды. 1994 жылы танымал әнші Сергей Крыловтың шақыртуымен Нью-Йорктегі әлемге аты әйгілі «The Hit Factory» студиясында жұмыс жасау мүмкіндігіне ие болады. Сол сапарлары кезінде Байғали Серкебаев пен Мұрат Насыров бір мейрамханаға кіріп, сонда ән салып тұрған Полина Гриффитспен танысқан екен.

«Бірде Испанияға барған сапарымызда «А Студио» әлем жұлдыздарының қатарында сахнаға шықты. Оларды ешкім танымайды онда. Бірақ олар ән сала бастағанда, тыңдармандар кілт тына қалды. Мұның барлығы музыканы жан-тәнімен сүйіп, кәсіби деңгейлерін нақты көрсете отырып, әр адамның жүрегіне жол таба білетін шынайылықтарын көрсетсе керек» деген орыс примадоннасының сөзі «А Студионы» бүгінгі жұлдызды өмірге жеткізген ұстаздық ниетін білдірсе керек. 2000 жылға дейін топ мүшелері көп қиындықты жеңіп, алға қойған мақсаттарына қол жеткіздік-ау дегенде топтан Батырхан Шүкенов кететінін мәлімдейді. Бұл жай күні жасын түсірген жаңалық болды. Сөйтіп, енді ыдырап кетудің алдында тұрғандарын сезген топ мүшелері тал қармап, не істерін білмей сарсылғанда Байғали Серкебаевтың есіне Америкада көрген Полина түседі. «А Студио» қайта желкенін керіп, кемеге тұңғыш әйел заты, сұлу да көркем дауысты Полина Гриффитсті мінгізеді. «Оның келуімен биге арналған музыка жасауға мүмкіндік ашылды. Өйткені, ол клубтық өмірді жете білетін, биге икемді болып шықты» – деген Б.Серкебаев сөздері топтағы аз-кем ауыс-түйіс өзіндік өзгеріс ала келгендігін білдірсе керек.

Үш жыл алматылық топпен талай концерттер берген Полина Томас Невегринге тұрмысқа шығуына байланысты топпен қоштасады.

Оның орнын 17 жасар әсем бойжеткен Кэти Топурия басты. Грузин қызының дауыс тембрі кімді де болса жай қалдырмайды. «Бұл қызға абай болыңдар. Ол нағыз жұлдыз болады» деп Мұрат Насыров оның дауысына алғаш тыңдағанда-ақ қатты қызыққан екен. Ресей тыңдармандарының таңдауы бойынша, «Золотой граммафонның» 2 сыйлығына қатарынан иелік етті. 2006 жылы «Ең үздік рингтон» атағын алады. Топтың аты жер жарып тұрған жұлдызды сәтте топтың гитарисі Бағлан Сәдуақасов бейуақта жол апатына ұшырайды. Оның қазасы топ мүшелерінің қабырғасын қайыстырды. «Біз рухани бірлікте, шығармашылық ынтымақта жүріп талай биік белестерді бірге бағындырып, талай қиындықтарды бірлесіп жеңген бауырымыздан айырылдық. Тауға шығатын альпинистер сияқты ылғи иығымызды түйістіріп өмір сүріп келген едік…» – деп таулары шағылған топ мүшелері еске алады оны. Өлгеннің соңынан өлмек жоқ. Б.Сәдуақасовтың орнына оның ұлы 17 жасар Темірлан бір жыл жұмыс істейді. Алайда, жас бала оқуын жалғастырмаққа ниет етіп, тұманды Альбионға жол жүрмек болады. Сөйтіп, жаңа гитарист іздестіреді. Талантты жас жігіт Федор Досумов топқа тез сіңісіп кетті. 2008 жылы топ MTV Russia Music Awards марапаттауы кезінде ресейдің үздік артистері қатарында аталды. Ал, сол жылдың желтоқсанында XVII Ресей Ұлттық музыкалық «Овация» премиясының «Танымал музыка» аталымында жеңімпаз атанды.

Андрей Малаховтың тұтас бір бағдарламасы топтың ширек ғасырлық тарихын тереңнен ашып көрсетті. Онда Роза да, Алла да топ мүшелеріне ыстық ықыластарын білдірді. «А Студиодан» бөлек кеткен әртістердің бірде бірі одан атақты бола алмады деген А.Малахов пікіріне дес айтқан Алла Пугачева: «Салыстыруға келмейтін параллельдер. Әрқайсысы өнер үшін барын салып жүр. Әрбірінің орны бөлек. Әсіресе, Батырханның қазақ әндерін айтуы ерекше. Қаны тартты. Ол қазақ әндеріне көңіл бөлді. «А Студио» топ ретінде асқар биіктерге көтерілді. Өз тыңдарманы бар. Бұндай салыстыруды жасаудың өзі қате» – деп нығыздағаны көкейге қонады.

Көктемде Кремльде думанды шоу ұйымдастырып, мерейлі сәттерін барынша өзгеше атап өтуге тырысқан топ енді кіндік қаны тамған Қазақстанға да келіп 25 жылдық концерттерін қойып жатыр. Ертең Алматыда, арғы күні Астанада мерейлі думандарын тамашалайтын топтың концертіне әр қазақ асығулы. Қазақтың атын талай әлемдік сахнаға алып шығып жүрген ресейлік топ атанып кеткен жерлестерімізге өз елінде лайықты құрмет көрсетілмей келеді, өкінішке қарай…

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =