Астанаға ән-тарту

0 210

«Арман қала – Астана» (Марат Омаров), «Елімнің жүрегі – Астана» (Алтынай Жорабаева), «Есіл ағады» (МузАрт ансамблі). Астана астана атанғалы ел арасында танымал осындай әндер пайда болды. Бұдан басқа да елордаға арналып сәтті, сәтсіз шыққан туындылар бар. Осылардың жалғасы іспетті жақында «Астана» деген қарапайым атауды алған ән дүниеге келді. Ол тыңдарманның талғамынан шығады ма, шықпайды ма, болашақтың еншісінде, айтпағымыз, ән авторы Жалын Ғалым да, орындаушысы Луиза Кәрінбаева да өнерге таласы бар жас буын өкілдері.

Луизаның (сахналық есімі Luina) ән көгіне қанат қаққанына екі жылдан асты. Х-фактор музыкалық байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен оны «National Development Group» продюсерлік орталығының негізін қалаушы Жомарт Сүлейменов байқап, әншімен келісімшартқа отырды. Содан бері бұл екеуі бірге жұмыс істеп келеді.

Luina – Луизаның өзге әншілерден бір ерекшелігі – қай концертте болмасын жанды дауыста ән орындауы. Ол үшін соңынан еріп жүретін арнайы музыканттарды жалдаған. Келесі айда астаналықтар оларды көріп қалуы да мүмкін. Себебі, «Сарыарқа» велотрегінде өтетін «Асқақтай бер, Астана!» мерекелік гала-концертіне Luina да қатыспақ. Сол жерде жоғарыда аты аталған әннің де тұсауы кесілмек. Продюсердің айтуынша, ол ән Астананың 15 жылдығына жақсы тарту болмақ. Сол уақытта әнге бейнебаян да түсірілмек. Оған елорданың көрікті жерлері енуі тиіс.

Аса шыдамсыз жұрт әнді қазірдің өзінде тыңдай алады. Өйткені, бұл туынды отандық радиоларда айналымда жүр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =