©2020 Астана Ақшамы
Астанадан ауылға дейін…
Астана
Елордадағы Янушкевич пен Кенесары көшелерінің қиылысында жаңа қоғамдық кеңістік қатарға қосылды. Ол Польшаның Мәдениет және ұлттық мұра министрлігі бөлген қаржыға жасалып, Астанаға сый ретінде тартылды. Гүлзарда поляк сәулетшісі Якуб Щесныдың инсталляциясы қондырылған. Енді қоғамдық кеңістікке поляк ақыны Густав Зелинскийдің есімі берілмек.
Алматы
Оңтүстік мегаполис алдағы жылыту маусымына дайындықты толық аяқтады. Қалада 12 км жылу желісі, 23 км электр желісі, 283 км су құбыры мен 267 км кәріз жүйесі қайта жасалды. Жалпы, биыл мұнда 524 көше жөнделген, 1400 ескі аула жаңарған, 300 шақырымдық арық қазылған. Шаһардың барлық жерасты өтпелі жолдары да жаңғырды.
Түркістан облысы
Оңтүстік өңірдің диқандары Астанаға 500 тонна азық-түлік жеткізді. Облыстан елордаға қарай бет түзеген керуенге 496 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары тиелген. Олар қыркүйек айының 22-23 күндері өтетін Түркістан облысы тауар өндірушілерінің кезекті жәрмеңкесінде шығарылады.
Қостанай
Облыс орталығында осы өңірде тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру дәрежесін анықтауға арналған байқау өтті. Оған аймақтың 14 ауданы мен 3 қаласынан 9 ұлттың өкілдерінен тұратын 18 мектеп оқушысы қатысты. Қазылар алқасы шешімімен федоровтық Мария Черненко 1-орын, рудныйлық Марк Ли 2-орын, әулиекөлдік Кирилл Баранов 3-орын алды.
Қызылорда облысы
Сыр бойының солтүстік өңіріндегі Қазалы ауданының күріштік алқабына орақ түсті. Кеше ауданның «Қожабақы» ауылындағы «Агро-Өркен» ЖШС салық жинауды бастап кетті. Оған қатысқан аудан әкімі Мұрат Ергешбаев дәстүрлі «Дала күні» семинар-кеңесін өткізді. Биыл аудан бойынша 6800 гектар күріш егілді.
Атырау
Каспий теңізі жағасында қала күніне арналған велошеру ұйымдастырылды. Оны қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі демеуші компаниялардың көмегіне сүйеніп өткізді. Жеңімпаздар бес номинация бойынша іріктеліп, арнайы дайындалған сыйлықтармен марапатталды.
Павлодар облысы
Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесі тұрғындарға тұмауға қарсы вакцина егуге сақадай сай. Екпе жұмыстары қазан айынан қолға алынады. Облыс емханалары екпені тегін алатын тұрғындар санатына қажетті вакцина көлемін толық қабылдап алған.