Астанадан ауылға дейін…

0 69

Ақмола облысы

«Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы сапарға аттанды. Бурабайдағы Көкше тауының етегіндегі Абылай хан ала­ңынан аттанған экспедиция он күн бойы 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен жүріп өтпек.

Қызылорда облысы

Шиелі ауданында салынып жатқан цемент зауытында 662 адам жұмыс істейді. Бүгінде құрылыс алаңында жұмыстың 90 пайызы аяқталған. Жаңа өндіріс орны 2018 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі.

Алматы қаласы

Қазақ ұлттық зерттеу жобалау институтының мамандары қала билігіне ескі үйлерді сүруді талап етті. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары аралығында салынған үйлер каркас пен қамыстан, ағаштан тұрғызылған. Ескі үйлер сейсмологиялық талаптарға сай келмей тұр.

Түркістан облысы

Түркістанда 330 көшеге жаңадан атау беріледі. Алдағы уақытта аталмыш көшелерге Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе сияқты атаулар берілетін болды.

Батыс Қазақстан облысы

Орал қаласында сирек кез­десетін кітаптар музейі ашылды. Ондағы көне жәдігерлер қатарында көлемі небәрі 3-5 сантиметр болатын кітаптар да бар. Ақжайық өңірінің тарихы мен табиғаты туралы жазбалар да құнды мұралар қатарына қойылған.

Қостанай облысы

Қостанай облысының емдеу мекемелеріне 280 дәрігер жетіспейді. Анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар аса қажет екен. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқандардың 36 пайызы – зейнеткерлік жасқа жеткендер немесе жақындап қалғандар.

Шығыс Қазақстан облысы

Семейде Рубик текшесін құрастырудан кезекті бірін­шілік өтті. Жарысқа рес­пуб­ликаның әр аймағынан 9-39 жас аралығындағы 60-қа жуық зияткер қатысты. Жеңімпаздар медаль, мақтау қағазы және арнайы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + two =