©2020 Астана Ақшамы
Астанадан ауылға дейін…
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Түркістан облысында ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 202 мың шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық.
АҚТӨБЕ
Кеше «Ұлы дала рухы» ұлттық спорт түрлері фестивалі басталды. 29 шілдеге дейін жалғасатын бұл спорттық шараға 160 спортшы қатысып отыр. Сайыстар орталық ипподромда және «Жекпе-жек сарайы» кешенінде өтеді.
ҚАРАҒАНДЫ
Алдын ала есептеу бойынша Қарағанды облысында 2018-2019 оқу жылында 22593 бала мектеп табалдырығын аттайды. Қалалар мен аудандардың бюджеттерінен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға 2,6 млрд теңге немесе қажеттіліктің 100 пайызы бөлінген.
ӨСКЕМЕН
Өскеменге ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев келіп, «Жер қойнауын пайдалану» туралы кодекстің жаңа нұсқасын таныстырды. Бұл бастама бойынша елімізде геологиялық деректер жалпыға қолжетімді болмақ.
Павлодар
Облыс орталығында пластмасса қоқыстарды жинайтын 400 контейнердің 147-сі орнатылған. Жәшіктегі қоқыс аптасына үш рет шығарылады. Контейнерлерде айына 30 тоннаға дейін пластикалық қалдық жиналады. Олар қайта өңдеуден өтетін болады.
АТЫРАУ
Жылыойдағы «Аман-Есен» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Исағалиев тұрмысы төмен отбасылар, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 2,5 тонна қарбызды тегін таратып берді. Аймақта өтетін қайырымдылық шараларынан қалмайтын кәсіпкер жыл сайын өзінің бақшасында өсірген өнімдерінің бір бөлігін аудан тұрғындарына тегін таратып беруді дәстүрге айналдырған.
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ
Семейде «Kokpekti» атты танымдық журналдың алғашқы саны шықты. Журнал 683 дана таралыммен жарық көріп отыр. Айына бір рет 24 бетпен шығатын түрлі түсті журналда шығыстан шыққан әдебиет өкілдерінің тың туындылары да тұрақты басылмақ.